Жаңалықтар

210 миллион теңге және 25 млн сыйақы: Шахматшының Президентке үндеуінен кейін шұғыл брифинг өтті

210 миллион теңге және 25 млн сыйақы: Шахматшының Президентке үндеуінен кейін шұғыл брифинг өтті

ҚР Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның Мемлекет басшысына жолдаған бейнеүндеуіне байланысты шұғыл брифинг ұйымдастырды.  Ресми жиында спорт вице-министрі Серік Жарасбаев гроссмейстерді қолдауға мемлекет тарапынан нақты қанша қаражат бөлініп жатқанын цифрлармен дәлелдеп берді, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Ведомство өкілі спортшының «жарыстарға өз ақшама дайындалдым» деген мәлімдемесі ресми деректерге сай келмейтінін атап өтті.

Вице-министр Серік Жарасбаев Бибісара Асаубаеваның спорттық дайындығы мен жарыстарға қатысу шығындары тұрақты түрде өтеліп келе жатқанын мәлімдеді.

«2025 жылы біз Бибісара Асаубаеваға дайындық барысында барлығы 160 миллионнан астам теңге бөлсек, биыл жарты жылдың ішінде федерация мен қордың ақшасын бірге санағанда оған 210 миллион теңге бөлінді. Сондықтан қазір оның жарысқа өз ақшама дайындалдым деген мәлімдемесі шындыққа сай келмейді», — деді Жарасбаев.

Қаражаттың бөліну құрылымы төмендегідей:

  • 100 миллион теңге — биыл министрлік пен Спортты қолдау қорынан бөлінген қаражат;

  • 80 миллион теңге — Шахмат федерациясы тарапынан бағытталған сома;

  • 25 миллион теңге — өткен жылы әлем чемпионы атанғаны үшін берілген мемлекеттік сыйақы.

Брифинг барысында спортшының ай сайынғы табысының қысқаруына қатысты да ресми жауап берілді. Жарасбаевтың түсіндіруінше, Бибісара Асаубаева Спортты дамыту дирекциясы арқылы тұрақты түрде жалақы алып тұрады. Оның көлемі екі жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда шынымен де азайған, бірақ бұған нақты заңдық негіз бар.

Былтыр Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойған болатын. Сол құжат аясында елімізде 46 басым спорт түрі бекітілді. Өкінішке қарай, бұл тізімге шахмат спорт түрі енбей қалған. Жалақының сәл төмендеуіне дәл осы ресми шешім себеп болған. Дегенмен, министрлік өкілі спортшыға тиесілі қалған барлық қаражаттың толық көлемде және уақытылы төленіп жатқанын қаперге салды.

Еске сала кетейік, бұған дейін шахматшы Бибісара Асаубаева әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, айлығы үш есеге қысқарғанын және федерация тарапынан тиісті қолдау болмағанын айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан араша сұраған еді.

Барлық жаңалық