🤖 Digital

ЖИ-ге сүйенген жаңа кезең: «Digital Qazaqstan» нені өзгертеді?

ЖИ-ге сүйенген жаңа кезең: «Digital Qazaqstan» нені өзгертеді?

Бір анықтама алу үшін жүз табалдырықты тоздыратын күндер артта қалады. Енді адамның қажеттілігіне бейімделген қызмет көрсету кезеңі менмұндалайды. Ондай қоғамда сәбидің жәрдемақысы дүниеге келместен тағайындалады, ақылды жүйе ағзадаға қауіп-қатерді болжайды, мектептегі баланың қабілетін ерте анықталады. Президент бекіткен 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» стратегиясы Жарлығына қол қойып, осы өзгерістердің институционалдық негізін айқындап отыр.

Ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған бұл құжат алдағы жылдардағы технологиялық саясаттың негізгі бағдарын белгілейді. Стратегия жаһандық цифрлық трансформация жағдайында мемлекетті, экономиканы және қоғамдық қатынастарды жаңғыртудың жаңа кезеңін айқындап, елдің технологиялық ұлт қалыптастыру жолындағы ұзақмерзімді ұстанымын бекітеді.

Құжаттың басты ерекшелігі – цифрландыруды жекелеген қызметтерді автоматтандыру деңгейінде қалдырмай, тұтас мемлекеттік басқару моделінің өзегіне айналдыруында. Яғни бұдан былай деректер, жасанды интеллект және заманауи технологиялар мемлекеттік шешім қабылдаудың негізгі тетігіне айналмақ. Бұл елдің цифрлық экожүйесін бытыраңқы сервистерден деректерге сүйенген кешенді басқару моделіне көшіруді көздейді.

Бүгінде еліміз өңірде үкіметтердің жасанды интеллектке дайындық индексі бойынша көш бастап, электронды үкіметтің даму деңгейі жөнінен әлемдік лидерлер қатарына еніп отыр. Соңғы жылдары қалыптасқан цифрлық инфрақұрылым жаңа кезеңге қадам басуға негіз қалады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллектіні экономика мен қоғамдық өмірдің барлық саласына жедел енгізген мемлекеттер технологиялық көшбасшыға айналады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа стратегия тек жаһандық өзгерістерге бейімделуді емес, технологиялық өзгерістерді қалыптастыруға ұмтылатын мемлекеттің жаңа амбициясын аңғартады.

Стратегияда келтірілген болжамдарға сәйкес, жасанды интеллектіні кеңінен енгізу, өнеркәсіп, логистика, энергетика және жер қойнауын пайдалану салаларын цифрландыру 2029 жылдың соңына қарай ішкі жалпы өнімге жыл сайын орта есеппен 1,5 пайыздық тармақ қосуы мүмкін. Ал алдағы үш жылдағы салыстырмалы нарықтық инвестициялар көлемі 10,5–16,5 миллиард АҚШ долларына дейін жетеді деп күтіліп отыр.

Премьер-Министр орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Мемлекет басшысы алдағы үш жыл ішінде елді толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет жүктеген.  

«Біз жекелеген қызметтер мен процестерді цифрландырудан елдің тұтас цифрлық архитектурасын құруға көшіп жатырмыз.Азаматтар үшін бұл неғұрлым ыңғайлы, проактивті және дербестендірілген мемлекетті білдіреді. Бизнес үшін өнімділіктің артуы, шығындардың төмендеуі және дамудың жаңа мүмкіндіктері. Экономика үшін жаңа салаларды қалыптастыру, инвестициялар тарту және Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін нығайту. Бүгінде энергетика мен есептеу қуаттарынан бастап ұлттық тілдік модельдер мен азаматтар мен бизнеске арналған қолданбалы сервистерге дейін жасанды интеллекттің толық экожүйесін құрып жатқан елдер лидерге айналуда. Мұндай архитектура AI Economy Stack деп аталды және ол бес деңгейді қамтиды: энергетика мен инфрақұрылым, есептеу қуаттары, деректер мен үлкен тілдік модельдер, цифрлық платформалар және қолданбалы ЖИ-сервистері. Digital Qazaqstan Стратегиясында дәл осындай жүйені құру көзделген», дейді Жаслан Мәдиев.

 
 
Picture background

Адамға бейімделген мемлекет

Стратегия үш негізгі бағытқа негізделген. Бірінші бағыт – азаматтардың мүддесі үшін цифрландыру. Мұнда мемлекеттік қызметтер адамның өмірлік жағдайына бейімделіп, проактивті сипатқа көшеді. Азамат бұрынғыдай әр анықтама үшін түрлі мекемеге жүгінбейді. Әлеуметтік қолдау тетіктері өтініш беру қағидатынан алдын ала қызмет көрсету форматына ауысып, құжат жинау қажеттілігі барынша азаяды.

Әлеуметтік салада негізгі құралдар «Әлеуметтік әмиян» экожүйесіне біріктіріледі. Бұл әлеуметтік төлемдерді басқарудан бастап, денсаулық сақтау жүйесіндегі предиктивті аналитика мен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді бақылауға дейінгі үдерістерді қамтиды. Денсаулық сақтау саласында ауру қаупін ерте анықтайтын аналитикалық жүйелер енгізіліп, медициналық көмектің алдын алу сипаты күшеймек.

Білім беру саласында да түбегейлі өзгерістер күтіледі. Балалардың ерте жастан бастап қабілетін анықтайтын дербес ЖИ-маршруттары енгізіліп, әр оқушының әлеуетін ашуға бағытталған жеке білім беру траекториялары қалыптасады. Сонымен қатар академиялық орталар мен өңірлік ІТ мектептер арқылы жасанды интеллект саласындағы мамандарды жаппай даярлау қолға алынады. Құжатта халық арасында генеративті жасанды интеллект құралдарын пайдалану деңгейін кемінде 20 пайызға жеткізу міндеті қойылған.

ЖИ-ге сүйенген жаңа экономика

Екінші бағыт – бизнес пен жаңа экономиканың мүддесіне арналған. Стратегия нақты секторда басқарылатын цифрлық архитектура қалыптастыруды көздейді. Агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс, қаржы секторы, мұнай-газ саласы және шағын бизнес терең цифрлық трансформация кезеңіне өтеді. Жасанды интеллект, цифрлық егіздер және интеллектуалды платформаларды енгізу еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтуға әрі отандық бизнестің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар робототехника, ұшқышсыз жүйелер, цифрлық активтер және ғарыш технологиялары сияқты болашақ индустрияларын дамытуға ерекше назар аударылған. Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – егеменді «AI Hub» құру бастамасы. Бұл жоба толыққанды «Деректерді өңдеу орталықтарының аңғары» ретінде дамып, ғылыми-зерттеу институттары, технологиялық компаниялар мен есептеу қуаттарын бір алаңға шоғырландыруға тиіс. Сарапшылардың бағалауынша, оның құрамындағы есептеу орталықтарының жобалық қуаты 1 ГВт-қа дейін жетуі мүмкін.

Мұндай инфрақұрылым машиналық оқыту мен үлкен деректерді талдау саласындағы жаңа шешімдерді әзірлеуге жағдай жасап, өңірлік технологиялық орталықтың негізін қалыптастыруы ықтимал. Сонымен бірге стратегия халықаралық технологиялық компаниялар мен жеке инвестицияларды тартуға басымдық береді. Нәтижесінде ІТ-қызметтер экспортын кемінде екі есе ұлғайтып, әлемдік нарыққа бірнеше қазақстандық технологиялық компания шығару межеленген.

Бюрократияны азаяды

Үшінші бағыт мемлекеттік аппаратты жаңғыртуға арналған. Құжатта ведомстволық бытыраңқы жүйеден бас тартып, мемлекеттік басқарудың сервистік моделіне көшу қарастырылған. Бұл ретте мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі азаматқа білінбей, автоматты түрде көрсетіледі. Ал шешім қабылдау үдерісі үлкен деректерді талдау қағидатына негізделіп, адами факторды азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ нормативтік-құқықтық актілерді модельдеу, бюджетті жоспарлау және қаражат бөлуді алгоритмдеу тәсілі енгізіледі. Үздіксіз цифрлық бақылау әрбір теңгенің ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге тиіс.

Құжатта киберқауіпсіздік мәселесіне де айрықша көңіл бөлінген. Жасанды интеллект қарқынды дамыған кезеңде ұлттық ақпараттық кеңістікті қорғау, маңызды инфрақұрылымдардың тұрақтылығын сақтау және сыртқы қатерлердің алдын алу стратегиялық міндеттердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта шифрлаудың озық стандарттарын енгізу мен маңызды нысандарды қорғау шаралары күшейтіледі.

Бұдан бөлек, қауіпсіз қалалық ортаны қалыптастыру мәселесі де назардан тыс қалмаған. «Ақылды қала» стандарттары қала халқының кемінде 70 пайызын қамтып, қоғамдық қауіпсіздікті проактивті модельге көшіру жоспарланып отыр. Жасанды интеллект пен мінез-құлықтық бейнеаналитика арқылы оқиғаларға әрекет ету уақыты үштен бірге қысқарады деп күтіледі. Сонымен қатар онлайн-алаяқтықтан қорғаудың ұлттық цифрлық жүйесін қалыптастыру көзделген.

 

Барлық жаңалық