Қостанай облысындағы Арқалық қалалық соты жергілікті блогерге қатысты үкім шығарды. YouTube-арнасының авторы әйелдерді зорлады, жыныстық қатынасқа мәжбүрледі және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерін жасады деген айыппен ұзақ мерзімге сотталды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Атышулы блогердің құрықталғаны туралы ақпарат алғаш рет 2025 жылдың сәуір айында белгілі болған еді. Сол кезде Қостанай облыстық Полиция департаменті Арқалық қаласының 35 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген. Құқық қорғау органдарының ақпаратынша, ер адам әйелдердің жыныстық тиіспеушілігіне қарсы бірқатар ауыр қылмыстар жасаған деп күдікке ілінген.
«Алдын ала мәліметтер бойынша, ер адам кейбір жәбірленушілерге қарызға ақша берген. Олар қарызын қайтара алмай қалған кезде, есесіне интимдік қатынасқа түсуді талап еткен. Әйелдер бас тартқан жағдайда, ол олардың еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен», – деп хабарлаған болатын Қостанай облысының ПД.
Арқалық қалалық соты жиналған бұлтартпас дәлелдер негізінде блогерді кінәлі деп тапты. Сот құжаттарына сәйкес, оған ҚР Қылмыстық кодексінің үш бірдей бабы бойынша айып тағылған:
-
120-бап (Зорлау);
-
123-бап (Жыныстық қатынасқа мәжбүр ету);
-
121-бап (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері).
Сот шешімімен айыпталушы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Дегенмен, сотталушының қорғаушы тарапы бұл үкіммен келіспей, жоғарғы сатыдағы сотқа апелляциялық шағым түсіргені белгілі болды.