Тележүргізуші әрі депутат Дана Нұржігіт әлеуметтік желіде етеккір тақырыбына қатысты әсерлі жазба жариялап, қыз баланың алғашқы физиологиялық өзгерісіне қоғамның көзқарасы туралы ой қозғады, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Ол өз жазбасында кейбір қыздардың алғашқы етеккірін қорлау мен зорлық-зомбылық арқылы қарсы алатынын ауыр мәселе ретінде көтерді.
«Еттеккір үшін таяқ жеу... Наташа әңгімесінің осы тұсы да миымнан шықпай қойды. Осындай да қараңғылық бола ма деген ойдан өзіме өзім келе алмай жүрмін! Қыз-ғұмырдың ең маңызды кезеңінің алғашқы сәтінің өзі жұдырық пен қорлаудан басталса, оны өз анасынан көрсе, бала өзінің адами болмысының көк тиынға тұрмайтынын сезінеді», – деп жазды Дана Нұржігіт.
Сондай-ақ ол өз өміріндегі осы кезеңмен байланысты естелігін бөлісіп, анасының қолдауын ерекше ықыласпен еске алды.
«14 жасымда дәл осындай өзгерісті өз бойымнан сезінген мен интернатта жүрген едім. Қаңтар айы, дарынды балалар мектебінің оқушылары болып автобусқа мініп, концертке баруымыз керек. Қақаған қыста аяғымызда гольфы мен жазғы туфли, пионер формасын киіп сахнаға шығу керек. Автобус жүрерде дәретханаға сұрандым. Қасымдағы құрбым екеуміз жүгіріп кеттік. Еттеккір келгенін түсініп, құрбым бірден керек-жарағымды әкеп берді. Сыныптағы барлық қыз жетіліп, өсіп, менің ғана тәнім ешқандай белгі бермей жүргенін өзім де білетінмін. Сондықтан мен қуандым. Бәрін қалыпты қабылдадым. Сол аптаның соңында интернатқа анам келді. Анама өзгерісті айтып едім, ол ажары күлімдеп: "Қорыққан жоқсың ба, қызым?" деді. Мен "Жоқ, мама! Сыныптағы қыздардың бәрінде бар, енді менде де болады!" деп мақтанышпен жауап бергенім есімде», – дейді ол.
Жазбада журналист әкесінің қамқорлығы туралы да тебіреніспен әңгімеледі.
«Автобустың есігін ашсам, шағын көлікке ауызы-мұрнынан толтырып әкешім гигиеналық төсемдер әкеліп тұр ғой! Анамнан жаңалықты естіп, дефицит болған тауарды қайдан тапқанын білмеймін, маған жеткізген. Соны айта алмай қысылып тұрған әкешім менің! Жатқан жерің жайлы болсын! Ал сенбі күні үйге демалысқа барғанда үстел үстінде гүлге толы ваза тұрды. Менің құрметіме...», – деп жазды Дана Нұржігіт.