🤖 Digital

«Шпаргалкадан» жасанды интеллектке дейін: емтихандағы алаяқтықпен кім күреседі?

«Шпаргалкадан» жасанды интеллектке дейін: емтихандағы алаяқтықпен кім күреседі?

Білім саласындағы ең үлкен дағдарыстың бірі енді оқулық жетіспеуі немесе мұғалім тапшылығы емес. Сарапшылар қазір әлемде «trust crisis» – «сенім дағдарысы» күшейіп келе жатқанын айтады. Өйткені цифрлық технология дамыған сайын емтихан, сертификат, лицензия және дипломның шынайылығына күмән арта бастады, деп жазады Ozgeris.info.

Бұрын шпаргалка мен телефон қолдану негізгі мәселе болса, бүгінде жасанды интеллект, микроқұлаққап, жасырын камера, экран трансляциясы, тіпті арнайы «алдау сервистері» пайда болды. Осы жағдайда академиялық адалдықты қорғауға бағытталған технологиялар жаһандық нарықтың жаңа бағытына айналып келеді. Осындай жобалардың бірі – қазақстандық TrustExam.ai стартабы.

«Digital Business» пен Astana Hub бірлескен «Орталық Азияның 100 стартап тарихы» жобасы аясында таныстырылған бұл стартап онлайн және офлайн емтихандардағы алаяқтықты анықтайтын античитинг жүйесін әзірлейді. Жобаның негізін қалаушы Ерсұлтан Ерманов бүгінде мәселе жай ғана көшіруде емес екенін айтады. Оның пікірінше, қазір білім жүйесінде  «алдау экономикасы» қалыптасып жатыр.

Кейінгі жылдары әлем университеттері жасанды интеллектпен байланысты академиялық дағдарысқа тап болды. Harvard University, MIT, Princeton секілді жетекші оқу орындары емтихан жүйесін қайта қарап жатыр. Мәселен, Princeton University 133 жыл бойы қолданылып келген бақылаусыз емтихан форматын тоқтатып, қайтадан қадағаланатын жүйеге көшетінін мәлімдеді. Бұған AI арқылы көшірудің күрт көбеюі себеп болған.

Ал Harvard University оқытушылары қазірдің өзінде дәстүрлі жазбаша емтиханға, аудиториялық тапсырмаларға және ауызша бағалау тәсілдеріне қайта оралып жатыр. Университеттің ресми материалдарында жасанды интеллектіні қолдану кезінде академиялық адалдық мәселесі негізгі қауіптердің бірі ретінде көрсетілген.

Dashboard

MIT Sloan School of Management сарапшылары болса қазіргі AI-детекторлардың өзі толық сенімді емес екенін айтады. Зерттеушілердің пікірінше, бүгінгі мәселе тек «AI анықтау» емес, тұтас бағалау жүйесінің өзгеруінде жатыр.

Осы жаһандық өзгерістердің ортасында қазақстандық TrustExam.ai стартабы да қалыптасты. Ерсұлтан Ерманов жобаның қалай басталғанын әлі күнге дейін таңғалып еске алады.

«2020 жылдың 6 наурызында қызым дүниеге келді. Перзентханада жүргенімде университет проректоры хабарласып: «Сіздерде прокторинг бар ма?» деп сұрады. Ол кезде бұл сөздің нақты не екенін де білмейтінмін. Бірақ «иә» деп жауап бердім. Бір апта ішінде технологияны зерттеп, демо-нұсқа жасап шықтық. TrustExam.ai осылай басталды», дейді ол.

Қазір стартап қарапайым веб-камера бақылауынан әлдеқайда күрделі жүйеге айналған. Компания мәліметінше, олардың жүйесі 1 миллионнан астам қолданушының әрекетін талдау арқылы оқытылған. Жүйе адамның мінез-құлқын 30 түрлі параметр бойынша сараптай алады.

Мұнда «behavior analytics» – мінез-құлық аналитикасы концепциясы қолданылады. Яғни, жүйе адамның экранға қарау бұрышын, көз қозғалысын, бет қимылын, құрылғы белсенділігін, дыбысты және басқа да факторларды талдайды. Бұл әлемде «AI proctoring» деп аталатын бағытқа жатады.

Research and Markets дерегінше, академиялық адалдыққа арналған AI-прокторинг нарығы алдағы жылдары бірнеше миллиард долларлық индустрияға айналуы мүмкін. Ал DataIntelo зерттеу ұйымының болжамына сәйкес, бұл нарықтың көлемі 2025 жылғы 1,8 миллиард доллардан 2034 жылға қарай 6,9 миллиард долларға дейін өсуі ықтимал.  Себебі қазір онлайн емтихан тек университеттерде емес, кәсіби лицензиялау, халықаралық сертификаттау, мемлекеттік тестілеу жүйелерінде де кең қолданылып жатыр. Ерсұлтан Ерманов бұл мәселенің адам өміріне тікелей қатысы барын айтады.

«Жақында АҚШ-тың Флорида штатында адам өлімімен аяқталған жол апаты болды. Кейін анықталғандай, жүргізуші ағылшын тілін білмеген, жол белгілерін түсінбеген. Бірақ қолында жүргізуші куәлігі болған. Тергеу барысында құжаттарды заңсыз рәсімдейтін қылмыстық топ анықталды. Егер емтихан әділ өтпесе, оның салдары адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін», дейді ол.

Dashboard

Шетелдік сарапшылар мұны «trust infrastructure» концепциясымен байланыстырады. Диплом, сертификат және лицензияға деген қоғамдық сенім әлсіресе, бүкіл кәсіби жүйе құлдырай бастайды. Harvard Graduate School of Education зерттеушілері де AI дәуірінде академиялық адалдық енді тек білім мәселесі емес, еңбек нарығының сапасына әсер ететін факторға айналғанын айтып жүр. 

MIT және басқа да зерттеу орталықтары қазіргі жағдайды «adversarial adaptation» деп сипаттайды. Яғни алдауды анықтау технологиясы күшейген сайын, оны айналып өтетін технология да қатар дамиды. Қазір әлемде тіпті емтихан тапсырып беретін ұйымдасқан алдау топтары пайда болған.  TrustExam.ai дәл осы нарықта жұмыс істеп жатыр. Қазір компания шамамен 40 ұйыммен серіктестік орнатқан. Оның 60 пайызы – Қазақстандағы ұйымдар, 40 пайызы – шетелдік компаниялар. Бұған дейін стартап 20-дан астам университетпен жұмыс істеген. Бірақ кейін команда қауіпсіздік пен лицензиялау бағытындағы жобаларға көбірек назар аудара бастаған.

«Біз жоғары оқу орындарына античитинг әрдайым басты мәселе емес екенін түсіндік. Ал кәсіби сертификаттау мен лицензиялауда бұл әлдеқайда маңызды. Себебі мұнда мәселе адамның кәсіби жауапкершілігінде жатыр», дейді Ерсұлтан Ерманов.

Dashboard

Компанияның бизнес моделі де қызық құрылған. Қызмет бағасы емтихан сағатына қарай есептеледі. Әр жоба жеке бағаланады. Әлеуметтік жобаларға, мысалы бағдарламалау олимпиадаларына, компания тегін қызмет көрсетеді. Ал техникалық талабы жоғары коммерциялық жобаларда тариф бөлек есептеледі. Қазір стартап толықтай өз табысы есебінен дамып келеді. Ерсұлтан стартаптың алғашқы кезеңі өте қиын болғанын жасырмайды.

«Алғашында Алматыдағы Самал ықшамауданында жертөледен шағын кеңсе жалдадық. Терезесі жоқ бөлме еді. Кейде серверге төлеуге ақша жетпейтін. Сондай кезде анам мен болашақ жарым көмектесетін. Әйелім қазір де: «Мен сендердің басты инвесторларыңмын» деп күледі», дейді ол.

Қазір компанияның негізгі мақсаты – 2026 жылға дейін Еуропа нарығына толық шығу және Азия елдеріне таралу. Сонымен қатар TrustExam.ai оқыту, емтихан және кәсіби сертификаттауды біріктіретін толық цифрлық экожүйе құрғысы келеді.

Осы бір жоба Қазақстандағы IT саласының жаңа кезеңге өткенін көрсетеді. Бұрын стартаптар көбіне жеткізу сервисі немесе маркетплейс форматында дамыса, енді trust tech, deep tech және AI governance бағытындағы жобалар қалыптасып келеді.

Барлық жаңалық