Қазақстанда күн суыта бастағанда жүргізушілер көліктерін қысқы маусымға дайындауға кіріседі. Бұл қосымша шығынды қажет етеді. OLX Қазақстан сарапшылары 2026 жылғы қарашада қысқы дөңгелек, аккумулятор, антифриз, әйнек тазалағыш пен салон жылытқыштарының хабарландыруларындағы орташа бағаларды зерттеген, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, көлікті қысқа дайындауға қажетті бес негізгі тауардың орташа құнын қосқанда, базалық жиынтық 146 147 теңгеге шыққан. Алайда нақты шығын жүргізушінің қандай тауар сатып алатынына байланысты өзгереді.
Ең көп қаражат қысқы дөңгелекке жұмсалады. Қарашада OLX платформасындағы хабарландыруларда оның орташа бағасы 70 035 теңге болған. Бұл қысқы дайындыққа арналған жиынтық құнының жартысына жуығы.
Салыстыру үшін, Қазақстандағы интернет-дүкендерде 205/55 R16 өлшеміндегі төрт жаңа қысқы дөңгелек жиынтығы 76 мыңнан 209 мың теңгеге дейін, ал 195/65 R15 өлшеміндегісі 68 мыңнан 164 мың теңгеге дейін сатылады. Баға өндірушіге байланысты өзгереді. OLX-та жаңа және қолданыста болған дөңгелектердің әртүрлі өлшемдегі нұсқалары ұсынылғандықтан, бұл бағаларды тікелей салыстыруға болмайды.
Шығын көлемі бойынша екінші орында – автомобиль аккумуляторы. Оның орташа бағасы қарашада 34 364 теңге болған. Ал дүкендерде жеңіл көлікке арналған сыйымдылығы 60 А·сағ жаңа аккумуляторлардың бағасы бюджет санатындағы үлгілер үшін 28–30 мың теңгеден басталып, премиум брендтерде 60–70 мың теңгеге дейін жетеді.
Суық түскенде аккумуляторға түсетін салмақ артады. Әсіресе ескі батареялар қуатын тез жоғалтып, қозғалтқышты іске қосуда қиындық тудыруы мүмкін. Сондықтан мамандар оның жағдайын қатты аяз басталмай тұрып тексеруге кеңес береді.
Антифриздің OLX платформасындағы орташа бағасы 11 096 теңге болған. Ал дүкендерде танымал маркалардың бес литрлік дайын антифризі шамамен 4–6,5 мың теңгеден сатылады. Концентраттар мен қымбат сұйықтықтардың бағасы 14–24 мың теңге аралығында. Құны сұйықтықтың көлеміне, түріне және өндірушісіне байланысты. Оны таңдағанда көлік өндірушісі ұсынған талаптарды ескеру маңызды.
Зерттеу дерегіне сүйенсек, қысқы дөңгелек пен аккумуляторға кететін шығын шамамен 105 мың теңгені құрайды. Бұл қысқы дайындыққа арналған негізгі жиынтық құнының 70 пайызынан астамы.
Артық шығынға ұрынбау үшін көліктің техникалық жағдайын алдын ала тексеріп, тауарларды әртүрлі сатушыдан салыстырған жөн. Сондай-ақ сатып аларда олардың сапасына, сипаттамаларына және көлікке сәйкестігіне назар аудару қажет.