Продюсер Баян Алагөзова режиссер Ақан Сатаевтың фильмін көруге Атырауға барып, бос залға тап болғаны туралы жазбаға пікір білдірді. Ол көрерменнің әзірге комедияны көбірек таңдайтынын айтып, қазақстандық киноға деген талғам уақыт өте қалыптасатынына сенім білдірді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
«Үш жыл бұрын командамыз ашаршылық туралы фильм түсірді. Оны прокатқа шығарамыз деп те ойламадым. Ақан батылырақ болып, көрерменге үлкен сенім артты. Аудиториямыздың есейіп, талғамы қалыптасуы үшін әлі уақыт керек деп ойлаймын», – деп жазды Баян Алагөзова Instagram-дағы сторисінде.
Оның айтуынша, қазақстандық фильмдердің басым бөлігі комедия болғандықтан, көрерменнің осы жанрды таңдауы түсінікті. Продюсер аудиторияда киноны таңдау, бағалау және талдау мәдениеті әлі қалыптаспағанын атап өтті.
«Менің әріптестерім шынымен кино түсіргенде, әр кадрынан шындық, ұлттық мұң мен трагедия сезілгенде, көрермен күлу үшін комедияны таңдайды. Көрермен билетке көңіл көтеру үшін төлейді: келіп, күледі де, ұмытады», – деді ол.
Алагөзова сала мамандары біртіндеп көрермен талғамын өзгертетініне сенетінін айтып, Ақан Сатаевқа өнерге деген сүйіспеншілігі мен сенімі үшін алғыс білдірді.