Алматыда жеке тұрғын үй өртеніп, бес адам қаза тапты. Осыдан жеті жыл бұрын Астанада бір отбасының бес қызы өрттен көз жұмғанда, елде көпбалалы отбасылардың тұрмыс жағдайы мен баспана мәселесі өткір көтерілген еді. Содан бері талай тапсырма беріліп, әлеуметтік қолдау шаралары қолға алынды. Дегенмен тұрғын үйдегі өрт әлі де адам өмірін қиып жатыр. Мұндай қасіреттің қайталануына не себеп және оның алдын алу үшін атқарылып жатқан жұмыс жеткілікті ме?
Ozgeris.info сайты мәселенің әлеуметтік және экономикалық астарына үңіліп көрді.
Қайталанған қасірет
26 қарашада Алматының Бостандық ауданында жеке тұрғын үй өртенді. Қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндірушілер шақырту түскеннен кейін төрт минутта оқиға орнына жеткен. Десе де бұл кезде үйді түгелдей жалын шарпыған еді. Қаза тапқандардың арасында кәмелетке толмаған бала бар. Полиция қылмыстық іс қозғап, өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Қала әкімдігі баспанасы өрттен зардап шеккен тоғыз адамды қонақүйге орналастырып, құжаттарын қалпына келтіруге көмектесетінін хабарлады. Бостандық ауданының әкімдігі марқұмдарды жерлеу рәсімін ұйымдастыруды өз мойнына алды.
Бұл оқиға 2019 жылғы 4 ақпанда Астананың Көктал тұрғын алабында болған қасіретті еске түсіреді. Сол күні уақытша баспана өртеніп, бір отбасының бес қызы қаза тапқан еді. Балалардың ата-анасы түнде жұмыста болған. Оқиға бүкіл елді дүр сілкіндіріп, көпбалалы отбасылардың тұрмыс жағдайы, баспанаға қолжетімділік, жәрдемақы мөлшері және ата-ананың еңбек жағдайы қоғамда қызу талқыланды. Сол кездегі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен елорда әкімдігіне зардап шеккен отбасына көмек көрсетуді, өңір басшыларына өрт қауіпсіздігін бақылауды күшейтуді тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі де баспанаға мұқтаж көпбалалы отбасылардың жағдайына ерекше назар аудару қажеттігін мәлімдеді.
Бір жылдан кейін, 2020 жылғы 4 ақпанда сол кездегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов әлеуметтік қолдауға бөлінетін қаржының едәуір артқанын айтты. Оның мәліметінше, 2018 жылы атаулы әлеуметтік көмекке 38 миллиард теңге бөлінсе, кейін бұл сома 240 миллиард теңгеге жеткен. Министр 2019 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 136 мың отбасының қиын өмірлік жағдайдан шыққанын атап өткен еді.
Алайда кейінгі жылдары да балалардың өмірін қиған өрт туралы хабар үзілген жоқ. 2024 жылғы 11 қазанда Қостанай облысының Жітіқара қаласында жеке тұрғын үй өртеніп, балалар қаза тапты. Облыстық прокуратура өрттің алдын ала себебі пештің қараусыз қалуы екенін хабарлады. Қылмыстық істің тергелу барысы Бас прокурордың бақылауына алынды. 2025 жылғы 18 қарашада Түркістан облысының Жетісай ауданында жеке тұрғын үйдегі өрт тағы бір ауыр қасіретке ұласты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев марқұмдардың жақындарына көңіл айтып, Үкімет пен облыс әкіміне тиісті тапсырма берді.
Әр оқиғаның мән-жайы бөлек. Олардың барлығын тұрмыс тапшылығымен немесе қауіпсіздік талаптарының сақталмауымен біржақты байланыстыруға болмайды. Дегенмен араға жыл салып, тұрғын үйдегі өрттен тұтас отбасылардың зардап шегуі мәселені тек төтенше жағдай ретінде қарастыру жеткіліксіз екенін аңғартады.
Өрттен көз жұмғандардың басым бөлігі өз үйінде қаза табады
Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитетінің ресми есебіне сәйкес, 2023 жылы Қазақстанда 11 805 өрт тіркеліп, 375 адам қаза тапқан. 2024 жылы өрт саны 11 549-ға, қаза тапқандар саны 326 адамға дейін азайған. Дегенмен жалпы өрт саны кемігенімен, тұрғын үйдегі өрт көбейген. Мәселен, 2023 жылы тұрғын үйде 6 909 өрт тіркелсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 6 964-ке жеткен. 2024 жылы өрттен қаза тапқан 326 адамның 288-і тұрғын үйдегі өрт кезінде көз жұмған. Демек, өрттен болған адам өлімінің 88 пайыздан астамы тұрғын үйге тиесілі.
2024 жылғы өрт себептерін талдау да назар аударарлық. Тіркелген өрттің 49,4 пайызы электр жабдығын орнату және пайдалану талаптарының бұзылуынан, 15,5 пайызы пеш орнату және оны пайдалану кезінде қауіпсіздік ережесінің сақталмауынан шыққан. Тағы 16 пайызына отты абайсыз пайдалану себеп болған. Бір жыл ішінде электр жабдығына байланысты өрт саны 14 пайызға, пешке байланысты өрт саны 12,3 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштер тұрғын үйдегі инженерлік жүйенің жағдайына ерекше мән беру керегін көрсетеді.
ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Қанат Доспаев 2025 жылғы 25 сәуірде өткен брифингте 2024–2025 жылдардағы жылыту маусымында 4 041 өрт тіркелгенін, 187 адам қаза тапқанын хабарлады. Құтқарушылар 416 адамды аман алып қалған. Ал биылғы 10 қарашада Үкімет отырысында баяндама жасаған Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымында өрт саны алдыңғы кезеңмен салыстырғанда 16 пайызға, қаза тапқандар саны 6,4 пайызға азайғанын мәлімдеді. Министрдің айтуынша, жылыту маусымындағы өрттің 55 пайыздан астамы тұрғын үйде, негізінен жеке баспанада тіркеледі.
Биыл 21 қарашада Төтенше жағдайлар министрлігі республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігін бастады. Сол күні ведомство таратқан мәліметке сәйкес, жаңа жылыту маусымы басталғалы елдегі тұрғын үйде 787 өрт тіркеліп, 33 адам, оның ішінде төрт бала қаза тапқан. Тағы 27 адам жарақат алған. Бұдан бөлек, өрт шықпаса да, иісті газдан 28 адам зардап шеккен. Бұл – Алматыдағы бүгінгі қайғылы оқиғаға дейін жарияланған дерек.
Алматыдағы оқиғадан 16 күн бұрын Үкіметте жалдамалы баспана мәселесі көтерілген
Биылғы 10 қарашада Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі арнайы қаралды. Жиында әлеуметтік осал топқа жататын азаматтардың баспанасымен қатар, жұмыс іздеп ірі қалаларға келген адамдар жалдап тұратын үйдің қауіпсіздігі де сөз болды. Үкімет басшысы өрттің алдын алу жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды, әкімдіктер мен жауапты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ әлеуметтік осал азаматтардың үйіне өрт туралы ескертетін құрылғы орнату үшін тиісті тізімді бір апта ішінде жаңарту қажеттігі айтылды.
Алматыдағы бүгінгі оқиға жалдамалы баспана мәселесінің қаншалықты өзекті екенін тағы көрсетті. Өртенген үйдің тұрғындарының айтуынша, ғимарат бірнеше бөлмеге бөлініп, жалға берілген. Бөлмелердің есігі ортақ дәлізге шыққан, кейбірінде терезе де болмаған. Сол үйде шамамен он жыл тұрған Ерлан Тұрғанбаев ауданы 16 шаршы метр бөлме үшін ай сайын 100 мың теңге төлегенін айтқан. Оның отбасы өрт кезінде терезе арқылы сыртқа шыққан. Тұрғындарға ғимараттың алдағы уақытта сүрілетіні де алдын ала хабарланған.
Мұндай баспанада тұратын адамдардың барлығы бірдей әлеуметтік осал топтың ресми тізіміне кірмеуі мүмкін. Олардың арасында жұмыс істейтін, жалдау ақысын уақытында төлейтін, бірақ жеке пәтер жалдауға немесе баспана сатып алуға табысы жетпейтін азаматтар да бар. Ірі қалалардағы еңбек нарығы өңірлерден келген адамға жұмыс ұсынғанымен, оның қауіпсіз әрі қолжетімді баспана табуына кепілдік бермейді. Нәтижесінде тұрғындар шағын бөлмені, уақытша баспананы немесе бірнеше отбасы қатар тұратын үйді жалдауға мәжбүр болуы мүмкін.
Әзірге Алматыдағы өрттің нақты себебі анықталған жоқ. Сондықтан ғимараттың бірнеше бөлмеге бөлініп, жалға берілуі өртке себеп болды деп айтуға негіз жоқ. Дегенмен мұндай баспананың электр желісі қанша адамның тұрмыстық техника пайдалануына есептелгені, өрт кезінде сыртқа шығатын жолдың жеткілікті болуы, түтін туралы ескерту құрылғысының орнатылуы және ғимараттың адам тұруға жарамдылығы жауапты органдардың назарында болуға тиіс.
Қауіпсіз баспанада тұрудың да құны бар
Өрттің шығу себебі туралы ресми мәліметте көбіне электр сымының ақауы, пешті дұрыс пайдаланбау, мұржаны уақытында тазаламау немесе отты абайсыз қолдану аталады. Бұл – өрттің тікелей себептері. Ал электр желісінің неліктен уақытында ауыстырылмағаны, пештің неге жөнделмегені, отбасының қандай жағдайда тұрып жатқаны мәселенің әлеуметтік және экономикалық қырын ашады.
Ескі үйдің электр желісін жаңарту, жылыту жүйесін жөндеу, сапалы жабдық сатып алу белгілі бір шығынды талап етеді. Табысының басым бөлігін азық-түлікке, коммуналдық төлемге, жалдау ақысына және балаларының қажетіне жұмсайтын отбасы мұндай жұмысты кейінге қалдыруы мүмкін. Әсіресе қыс мезгілінде пешпен немесе электр қуатымен жылытылатын ескі баспанада бұл мәселе өткір сезіледі. Үйді жылы ұстау үшін қосымша электр жылытқыш пайдалану ескірген желіге түсетін жүктемені арттыруы ықтимал.
Жалдамалы баспанада мәселе одан да күрделі. Жалға алушы үйдің электр желісін немесе жылыту жүйесін өз бетінше ауыстыра алмайды. Мұндай жұмыстың шығынын көтеру де оның міндеті болмауы мүмкін. Ал үй иесі баспананың техникалық жағдайын жақсартуға қаржы жұмсамаса, қауіп сол күйінде қалады. Тұрғынның қауіпсіздік ережесін сақтауы баспананың барлық техникалық кемшілігін өтей алмайды.
Осы тұрғыдан алғанда, тұрғын үйдегі өрттің алдын алу саясаты халықтың қаржылық мүмкіндігін де ескеруге тиіс. Қауіпсіздік ережесін түсіндіру маңызды болғанымен, пеші ақаулы немесе электр сымы ескірген үйдің мәселесі тек ескертумен шешілмейді. Тұрғынның оны жөндеуге қаражаты болмаса, анықталған қауіп жойылмайды. Сондықтан әлеуметтік қолдау аясында мұқтаж азаматтардың баспанасындағы қауіпті ақауды жөндеуге жәрдемдесу тетігін кеңейту қажет.
Әрине, өрт тек тұрмысы төмен отбасыларда болады деу қате. Қауіпсіздік талаптары сақталмаған кез келген үйде өрт шығуы мүмкін. Қазақстанда өрттен зардап шеккен отбасылардың табыс деңгейі мен баспана жағдайын өзара салыстыратын толық статистика қолымызда жоқ. Сондықтан кедейлік пен өрт арасындағы байланысты нақты санмен көрсету әзірге мүмкін емес. Десе де қаржы тапшылығының қауіпсіздікке қажетті жөндеу жұмысын уақытында жүргізуге кедергі келтіруі ықтимал екенін ескерген жөн.
Баланы қараусыз қалдыру мәселесі еңбек нарығымен де байланысты
2019 жылғы Астанадағы қайғылы оқиғадан кейін балалардың ата-анасы неліктен түнгі уақытта жұмыс істеуге мәжбүр болғаны қоғамда кеңінен талқыланды. Таңертең жұмысқа кетіп, кешке үйге оралу барлық азаматқа бірдей қолжетімді еңбек тәртібі емес. Өндіріс орындарында, қоғамдық тамақтану, сауда, медицина және қызмет көрсету саласында түнгі ауысыммен жұмыс істейтін ата-ана аз емес.
Сол кезде журналистер Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыповаға балалардың ата-анасының түнде жұмыс істеуіне қатысты сұрақ қойған. Вице-министр «Бұл олардың таңдауы» деп жауап берген еді. Оның бұл сөзі қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Өйткені тұрақты табыс табу мүмкіндігі шектеулі адамның жұмыс уақытын еркін таңдау мүмкіндігі де бола бермейді.
Ата-ананың баласының қауіпсіздігіне жауапты екені даусыз. Әсіресе кішкентай бала төтенше жағдайда өз бетімен әрекет етіп, қауіпсіз жерге шыға алмауы мүмкін. Десе де баланың үйде неліктен қараусыз қалатынын анықтамай, мәселені тек ата-ананың жауапкершілігіне тіреп қою оның алдын алуға көмектеспейді. Бала күтуші жалдауға барлық отбасының мүмкіндігі жетпейді. Жақын туысы басқа өңірде тұратын, жалғыз өзі бала тәрбиелейтін немесе ауысыммен жұмыс істейтін азамат үшін бала күтімі күнделікті шешуді қажет ететін күрделі мәселеге айналады.
Қазақстанда бала күтіміне байланысты қызмет негізінен күндіз жұмыс істейтін ата-ананың кестесіне бейімделген. Ал еңбек нарығында кешкі және түнгі жұмыс сақталып отыр. Осы екі жүйенің арасындағы алшақтықты азайту үшін жұмыс уақыты ұзартылған балабақша, мектептегі ұзартылған күн тобы, қысқа мерзімді бала күтімі қызметі секілді әлеуметтік тетіктерді дамытуға болады. Мұндай қызметтің әсіресе жалғызбасты ата-ана мен табысы төмен отбасы үшін қолжетімді болуы маңызды.
Баланы қараусыз қалдырғаны үшін ата-ананы жауапқа тарту – құқықтық мәселе. Ал баланың қараусыз қалуына жол бермейтін жағдай қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың міндеті. Бұл екі бағыт бірін-бірі алмастырмай, қатар жүруге тиіс.
Мемлекет 93 мыңнан астам үйді ерекше бақылауға алған
Төтенше жағдайлар министрлігі өрттің алдын алу үшін жылыту маусымы басталмай тұрып тұрғын үйді аралайды. Әсіресе мүгедектігі бар азаматтар, қарт адамдар және әлеуметтік осал топқа жататын отбасы тұратын баспанаға ерекше назар аударылады. Биылғы 10 қарашада Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов ел бойынша осындай 93 мыңнан астам үйдің есепке алынғанын хабарлады. Тамыз айынан бері 6 100 мұржа тазартылып, 3 100 пеш пен 3 400 электрмен жабдықтау жүйесі жөнделген. Сонымен қатар 13 мыңнан астам өрт туралы ескертетін құрылғы орнатылған. Зейнеткерлердің баспанасындағы қауіпті анықтау және жою мақсатында «Ата-ананың үйін тексер» акциясы да қолға алынған.
21 қарашадағы мәлімет бойынша құтқарушылар әлеуметтік осал азаматтар тұратын 93 579 үйді аралап, 258 мыңнан астам адамға қауіпсіздік ережесін түсіндірген. 15 тамыздан бері түтін мен газды анықтайтын 19 787 құрылғы орнатылған.
– Біздің міндетіміз – қауіпті дер кезінде анықтау, адамдарға көмектесу және қайғылы оқиғалардың алдын алу, – деді Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігін бастау барысында.
Мұндай жұмыстың маңызы зор. Әсіресе түнде шыққан өрт кезінде түтінді ерте анықтайтын құрылғы адамның оянып, сыртқа шығуына мүмкіндік береді. Дегенмен алдын алу жұмысының тиімділігін тек араланған үйдің, таратылған жадынаманың немесе орнатылған құрылғының санымен бағалау жеткіліксіз. Анықталған қауіпті ақаудың қаншасы жойылды, орнатылған құрылғының қаншасы әлі жұмыс істеп тұр, бір рет тексерілген баспананың жағдайы кейін қайта қаралды ма деген көрсеткіштер де маңызды.
Сонымен қатар әлеуметтік осал топтың ресми тізіміне кірмегенімен, қауіпті баспанада тұратын азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Басқа өңірден жұмыс іздеп келгендер, уақытша тіркеуде тұрғандар, жалдамалы бөлмеде тұратын отбасылар мен тұрақсыз табысы бар азаматтардың барлығы бірдей мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесінде есепке алынбауы мүмкін. Сондықтан өрт қаупі жоғары баспаналарды анықтау кезінде тұрғынның әлеуметтік мәртебесімен қатар, ғимараттың техникалық жағдайын да негізге алу қажет.
Өрттің экономикалық зардабы да аз емес
Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми есебіне сәйкес, 2024 жылы Қазақстанда өрттен келген материалдық залал 24 миллиард 234 миллион теңгені құраған. Бұл – ел аумағындағы барлық өрттен келген шығын. Оның ішінде тұрғын үйге тиесілі залалды бөлек қарастыру қажет болғанымен, жалпы көрсеткіштің өзі өрттің алдын алудың экономикалық маңызын аңғартады.
Өрттен баспанасыз қалған отбасы үйінен ғана айырылмайды. Жылдар бойы жинаған дүние-мүлкі, киім-кешегі, құжаты, тұрмыстық техникасы жойылады. Кей жағдайда адамның денсаулығы сыр беріп, еңбекке қабілеті төмендеуі мүмкін. Оған уақытша баспана беру, медициналық және психологиялық көмек көрсету, тіршілікке қажетті заттармен қамтамасыз ету міндеті туындайды. Мұның бәрі отбасыға да, мемлекетке де қосымша қаржылық салмақ түсіреді.
Сондықтан өрттің алдын алуға жұмсалатын қаражатты тек төтенше жағдайлар саласының шығыны ретінде қарастыру дұрыс емес. Ескі баспананың электр желісін жаңарту, пешті жөндеу, қауіпті жылыту жабдығын ауыстыру, түтін датчигін орнату әлеуметтік шығынды азайтуға ықпал етуі мүмкін. Мұндай шараның нақты экономикалық тиімділігін есептеу үшін жөндеу мен алдын алу жұмысына жұмсалатын қаражатты өрттен кейінгі шығынмен салыстыратын зерттеу қажет.
Жалға берілетін баспанаға қатысты да мәселені кешенді шешу маңызды. Қауіпті ғимарат анықталған жағдайда оның пайдаланылуын шектеу адам өмірін сақтап қалуы мүмкін. Бірақ сол үйде тұратын отбасының барар жері болмаса, ол қауіпсіздігі күмәнді басқа арзан баспанаға көшуі ықтимал. Демек, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолжетімді жалдамалы тұрғын үй саясаты, әлеуметтік көмек және халықты жұмыспен қамту мәселесімен сабақтас жүзеге асырылуы керек.
Қайғылы оқиғадан кейін емес, оған дейін көмектесу маңызды
2019 жылы Астанада болған өрттен кейін көпбалалы отбасылардың әлеуметтік жағдайына ерекше көңіл бөлу қажеттігі айтылды. Кейін жәрдемақы жүйесі өзгеріп, мемлекеттік қолдау көлемі артты. Өрттің алдын алу мақсатында тұрғын үйді аралау, қауіпсіздік құрылғысын орнату, пеш пен электр желісін жөндеу жұмыстары жалғасып келеді. Биылдың өзінде Үкімет жалдамалы баспананың қауіпсіздігін күшейту мәселесін көтерді. Бұл – атқарылып жатқан жұмыстың бар екенін көрсетеді. Десе де тұрғын үйдегі өрт салдарынан адам өлімі тіркелуін тоқтатқан жоқ.
Ендігі кезекте өрттің себептерін зерттеу кезінде зардап шеккен адамның әлеуметтік және тұрмыстық жағдайына да назар аударған жөн. Ол қандай баспанада тұрған, үйін жалдаған ба, әлде өз меншігінде болған ба, әлеуметтік көмек алған ба, баспанасы бұрын тексерілген бе, анықталған ақауды жөндеуге мүмкіндігі болды ма – осы деректерді жүйелі талдау алдын алу жұмысын нақтылауға көмектесер еді.
Бұл мәселені шешу тек Төтенше жағдайлар министрлігінің міндеті емес. Жергілікті әкімдік, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, еңбек және бала құқығын қорғау саласына жауапты органдардың үйлесімді жұмысы қажет. Өйткені бір ведомство қауіпті анықтағанымен, оны жоюға қажетті әлеуметтік немесе қаржылық көмек басқа мекеменің құзыретінде болуы мүмкін.
Өрттен кейін баспанасыз қалған адамды қонақүйге орналастыруға, материалдық көмек көрсетуге, құжатын қалпына келтіруге болады. Бірақ қаза тапқан адамның өмірін қайтару мүмкін емес. Сондықтан мемлекеттік қолдаудың ең маңызды нәтижесі қайғылы оқиғадан кейін көрсетілген көмектің көлемімен емес, сол оқиғаның алдын алуымен өлшенуге тиіс.