Әлемдік экономикада қарыз алу қалыпты құбылысқа айналды. Дамушы елдер ғана емес, экономикасы қуатты мемлекеттер де бюджет шығынын өтеу үшін қаржы нарығына жиі жүгінеді, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Fitch халықаралық рейтинг агенттігінің болжамынша, 2027 жылдың соңына қарай әлемдегі мемлекеттік борыш көлемі 115 триллион долларға жетуі мүмкін. Қарызды өтеу құнының қымбаттауы мемлекеттердің әлеуметтік міндеттемелерін орындауына, экономикалық өсіміне және қаржылық дербестігіне әсер етпек.
Әлемдік экономика арзан ақша дәуірінен алыстап барады
2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан кейін көптеген мемлекет экономиканы қолдау үшін пайыздық мөлшерлемені төмендетті. Арзан несие кәсіпкерліктің дамуына, инвестиция көлемінің артуына және тұтыну нарығының кеңеюіне ықпал етті. Үкіметтер де салыстырмалы түрде төмен пайызбен қарыз алып, бюджет тапшылығын өтеп отырды. Коронавирус пандемиясы кезінде бұл үрдіс күшейе түсті. Мемлекеттер кәсіпорындарды сақтап қалуға, жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеуге, денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға және халыққа әлеуметтік көмек көрсетуге қомақты қаражат жұмсады. Дегенмен пандемиядан кейінгі инфляция орталық банктерді ақша-кредит саясатын қатаңдатуға мәжбүр етті. Соның салдарынан бұрын арзан қаржыға қол жеткізіп келген мемлекеттер үшін қарыз алу құны өсті.
Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы қыркүйекте жарияланған жылдық есебінде әлемдік мемлекеттік борыштың пандемиядан кейін қысқа уақытқа азайып, қайта өсе бастағаны атап өтілген. Қордың бағалауынша, әлемдегі мемлекеттік борыштың экономика көлеміне шаққандағы үлесі 2028 жылға қарай Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіндегі деңгейге жақындауы мүмкін. Таяу Шығыстағы әскери қақтығыстар, энергия ресурстары бағасының құбылуы және экономикалық өсімнің баяулауы мемлекеттік қаржыға қосымша салмақ түсіріп отыр.
Fitch агенттігі 24 қарашада жариялаған болжамында келесі жылы әлемдік экономика шамамен 2,5 пайызға өсетінін, ал мемлекеттік борыш көлемі 7 триллион доллардан астам сомаға ұлғайып, әлемдік жалпы ішкі өнімнің 88 пайызына жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. Агенттік мамандары қарызы көп мемлекеттердің бюджетіне түсетін салмақтың күшейетінін ескертті. Болжамға сәйкес, кемінде 13 елде бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімнің 6,5 пайызына немесе одан да жоғары деңгейге жетуі ықтимал.
Мұндағы басты мәселе – мемлекеттердің қанша қарыз алғанында ғана емес, сол қарызды қандай шартпен өтейтінінде. Бұрын төмен пайызбен алынған міндеттеменің өтеу мерзімі аяқталған кезде үкімет жаңа қарыз алуға мәжбүр болуы мүмкін. Егер жаңа несиенің пайызы бұрынғыдан жоғары болса, мемлекеттік борыш көлемі айтарлықтай өзгермеген күннің өзінде оны өтеуге жұмсалатын бюджет шығыны артады.
Экономикасы қуатты елдер де қарызға тәуелді
Мемлекеттік борыштың көп болуы әрдайым ел экономикасының әлсіздігін білдірмейді. Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы қазандағы болжамына сәйкес, Жапонияның мемлекеттік борышы жалпы ішкі өнімінің 199,4 пайызына, АҚШ-та 126,8 пайызына, Италияда 137,9 пайызына, Францияда 118,5 пайызына жетуі мүмкін. Бұл мемлекеттер әлемдегі ірі экономикалардың қатарына жатады. Олардың халықаралық қаржы нарығындағы беделі, өндірістік әлеуеті, салық түсімі және ұлттық валютасына деген сенім қарыз алу мүмкіндігін сақтап отыр.
Мәселен, АҚШ-тың қаржы нарығындағы артықшылығының бірі – доллардың халықаралық резервтік валюта ретіндегі орны. Әлемнің көптеген орталық банкі валюталық резервінің бір бөлігін доллармен сақтайды, халықаралық сауда мен қаржы операцияларының едәуір бөлігі осы валютамен жүргізіледі. АҚШ-тың мемлекеттік бағалы қағаздарына да әлемдік нарықта сұраныс бар. Бұл елдің өз валютасымен қарыз алуына және инвестор тартуына мүмкіндік береді. Жапонияның да мемлекеттік борышының едәуір бөлігі ұлттық валютамен рәсімделген.
Ал дамушы елдердің жағдайы өзгеше. Ұлттық валютасы халықаралық нарықта кеңінен қолданылмайтын мемлекеттер сырттан көбіне доллар немесе басқа да шетел валютасымен қарыз алады. Ұлттық валюта әлсіреген жағдайда олардың борышты өтеуге жұмсайтын шығыны көбейеді. Мәселен, мемлекет 1 миллиард доллар қарыз алса, ұлттық валютасының долларға шаққандағы бағамы 10 пайызға әлсіреген кезде сол міндеттемені ұлттық валютамен өтеу құны да 10 пайызға артады.
Сондықтан мемлекеттік борышты бағалау кезінде оның жалпы көлемімен қатар, қандай валютамен алынғанын, пайыздық мөлшерлемесін, өтеу мерзімін және мемлекеттің табыс көзін ескеру қажет. Мемлекеттік борышы экономикасының көлемінен асып кеткен ел қаржылық тұрақтылығын сақтап қалуы мүмкін. Керісінше, қарызы салыстырмалы түрде аз мемлекеттің бюджет кірісі жеткіліксіз болса, міндеттемелерін өтеуде қиындық туындайды.
Дамушы елдер жаңа қарызды бұрынғы қарызын өтеу үшін алып отыр
Дүниежүзілік банктің биыл қарашада жарияланған халықаралық борыш туралы жылдық есебіне сәйкес, табысы төмен және орташа елдердің сыртқы борышы 2025 жылы 5,5 пайызға өсіп, рекордтық 9,4 триллион долларға жеткен. Бұл – 2021 жылдан бергі ең жоғары жылдық өсім. Аталған елдер былтыр сыртқы борыштың негізгі сомасы мен пайызын өтеуге 1,4 триллион доллар жұмсаған.
Дүниежүзілік банк мамандарының назарын аударған тағы бір мәселе – дамушы елдер үшін қаржының қымбаттауы. Табысы ең төмен мемлекеттер жеке кредиторлардан алған жаңа қарызы үшін орта есеппен 8,2 пайыз, ал халықаралық облигациялар арқылы тартқан қаражаты үшін 9,4 пайыз мөлшерінде сыйақы төлеуге міндеттелген. Мұндай жағдайда қарыз есебінен жүзеге асырылатын жобаның экономикалық тиімділігіне қойылатын талап та күшейеді.
Кейбір мемлекет жаңа зауыт салу, жол жөндеу немесе энергетика саласын дамыту үшін емес, бұрын алған қарызын өтеу мақсатында қайтадан облигация шығарып отыр. Бұл тәсіл төлем мерзімін ұзартуға мүмкіндік бергенімен, борыштың жалпы көлемін азайта бермейді. Ал жаңа қарыз жоғары пайызбен алынса, кейінгі жылдардағы бюджетке түсетін салмақ одан әрі артады.
Дүниежүзілік банк қарызды өтеуге жұмсалатын шығынның артуы дамушы мемлекеттердің білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және жаңа жұмыс орындарын ашу саласына инвестиция салу мүмкіндігін шектеуі ықтимал екенін ескертті.
Мемлекет үшін мұндай жағдайда күрделі таңдау туындайды. Бір жағынан, халықаралық кредиторлар алдындағы міндеттемесін орындамаса, қаржы нарығындағы сенімінен айырылып, кейін қарыз алу қиындайды. Екінші жағынан, борышты өтеу үшін әлеуметтік шығынды қысқарту қоғамдағы наразылықты күшейтіп, халықтың тұрмыс жағдайына кері әсер етуі мүмкін.
Мемлекеттік борыш әлеуметтік теңсіздікті тереңдетуі мүмкін
Қарапайым азамат үшін мемлекеттік борыш бір қарағанда күнделікті өмірден алыс экономикалық көрсеткіш болып көрінеді. Шын мәнінде оның салдары салық мөлшерінен, коммуналдық төлемнен, мемлекеттік қызметтің сапасынан және әлеуметтік қолдаудың көлемінен байқалуы мүмкін. Бюджет кірісінің едәуір бөлігі қарыз пайызын төлеуге жұмсалған сайын мектеп, аурухана, тұрғын үй және көлік инфрақұрылымына бөлінетін қаржы шектеледі. Мемлекет қосымша кіріс көзін іздеп, салықты көтеруі немесе кейбір шығынын қысқартуы ықтимал.
Мұндай шешімнің салмағы қоғамның барлық тобына бірдей түспейді. Табысы жоғары азамат ақылы медицинаға, жеке мектепке немесе басқа да қызметке жүгіне алады. Ал әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мемлекеттік қызметке көбірек тәуелді. Сондықтан бюджетті үнемдеу мақсатында қабылданған шешім халықтың осал тобына ауыр тиюі мүмкін.
Осы тұрғыдан мемлекеттік борыш қаржы мәселесімен шектелмей, әлеуметтік және саяси мәнге ие болады. Үкіметтің бюджет тапшылығын қалай өтейтіні, қарызды қандай мақсатқа жұмсайтыны және шығынды қысқарту кезінде қай салаға басымдық беретіні қоғамдағы әділеттілікке деген түсінікке де ықпал етеді. Халық мемлекеттік қаржыға қатысты шешімдердің салдарын күнделікті өмірінде сезінгенімен, қарыз алу туралы келісімнің шарттары мен оның қалай жұмсалғаны жөнінде толық ақпаратқа әрдайым қол жеткізе бермейді.
Африка елдері қарызды экономикалық өсім құралына айналдыруды көздейді
Мемлекеттік борыштың өсуіне қатысты халықаралық ұйымдардың ұстанымы біржақты емес. Қарыздан толық бас тарту да экономикалық дамуды тежеуі мүмкін. Әсіресе инфрақұрылымы жеткіліксіз, өндірістік әлеуеті толық игерілмеген мемлекеттер үшін сыртқы қаржы жаңа мүмкіндік ашады.
25 қарашада Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Африка одағы бірлескен зерттеу нәтижесін жариялады. Ұйымдардың бағалауынша, Африка мемлекеттері алдағы бес жылда өндірістік әлеуетті арттыратын жобаларға қарыз есебінен 93 миллиард доллар инвестиция салса, жылдық экономикалық өсімін бір пайыздық тармаққа жуық арттыруға мүмкіндік алады. Зерттеу авторлары мұндай инвестиция болашақта 557 миллиард доллар көлемінде қосымша қарыз алу қажеттілігін болдырмауы мүмкін деп есептейді. Яғни бүгін тиімді жобаға жұмсалған әрбір доллар келешекте шамамен алты доллар көлеміндегі қарыздың алдын алуға мүмкіндік береді.
Дегенмен бұл – белгілі бір экономикалық шарттарға негізделген болжам. Оның орындалуы инвестициялық жобаның дұрыс таңдалуына, құрылыс жұмысының сапасына, іске қосылған кәсіпорынның өнімділігіне және мемлекеттік қаржыны басқару тиімділігіне байланысты.
Бұл тұжырым Қазақстан үшін де маңызды. Қарыз қаражатына салынған жол жаңа көлік бағытын ашып, жүк тасымалын арттырса, энергетикалық жоба өндірістің кеңеюіне мүмкіндік берсе, ал жаңа кәсіпорын жұмыс орындарын ашып, бюджетке салық түсімін көбейтсе, алынған міндеттеменің экономикалық негізі болады. Керісінше, пайдаланылмай тұрған немесе күткен нәтижесін бермеген нысан мемлекетке қосымша шығын әкеледі. Мұндай жағдайда қарыз өтелгенімен, одан тұрақты экономикалық пайда түспеуі мүмкін.
Қазақстанның мемлекеттік борышы әлемдік көрсеткіштен төмен
Халықаралық валюта қорының 2026 жылғы қазанда жариялаған болжамына сәйкес, биыл Қазақстан экономикасы 4,4 пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 397,9 миллиард долларға жетуі мүмкін. Елдің жалпы мемлекеттік борышы жалпы ішкі өнімнің 23,8 пайызы деңгейінде бағаланған.
Бұл көрсеткіш бірқатар дамыған және дамушы мемлекетпен салыстырғанда төмен. Қазақстанның табиғи ресурстары, экспорттық кірісі және Ұлттық қордағы қаржысы сыртқы экономикалық күйзеліс кезінде белгілі бір дәрежеде қорғаныс қызметін атқарады. Дегенмен мемлекеттік борыштың экономикаға шаққандағы үлесі төмен болуы барлық қаржылық тәуекелден қорғайды дегенді білдірмейді.
Қазақстан экономикасы үшін негізгі мәселелердің бірі – бюджет кірісінің шикізат нарығындағы жағдайға тәуелділігі. Мұнай бағасы төмендесе немесе экспорт көлемі азайса, бюджетке түсетін кіріс қысқаруы мүмкін. Ал мемлекеттің әлеуметтік төлем, мемлекеттік қызмет, инфрақұрылым және бұрын алынған борышты өтеу жөніндегі міндеттемелері сақталады. Осы жағдайда Үкімет қосымша қаржы тартуға, шығынды қайта қарауға немесе Ұлттық қор қаражатына жүгінуге мәжбүр болуы ықтимал.
Халықаралық қаржы нарығындағы жоғары пайыздық мөлшерлеме де Қазақстанға бірнеше бағытта әсер етеді. Біріншіден, мемлекеттің және отандық кәсіпорындардың шетелден қаржы тарту құны қымбаттауы мүмкін. Екіншіден, дамыған мемлекеттердің бағалы қағаздары жоғары табыс ұсынған кезде халықаралық инвесторлардың дамушы нарықтарға қызығушылығы төмендеуі ықтимал. Үшіншіден, капитал қозғалысының өзгеруі ұлттық валюта бағамына әсер етуі мүмкін. Теңгенің әлсіреуі импорттық тауар бағасын өсіріп, халықтың сатып алу қабілетіне қосымша салмақ түсіреді.
Бұл ретте мемлекеттік борыш пен Қазақстанның жалпы сыртқы борышын шатастырмау маңызды. Жалпы сыртқы борыштың құрамына мемлекеттің ғана емес, банктердің, жеке кәсіпорындардың және шетелдік инвесторлармен байланысты компаниялардың міндеттемелері де кіреді. Сондықтан елдің бүкіл сыртқы борышын Үкіметтің тікелей өтеуге тиіс қарызы ретінде қабылдау дұрыс емес. Десе де ірі мемлекеттік және квазимемлекеттік кәсіпорындардың қаржылық жағдайын бақылау бюджет қауіпсіздігі үшін маңызды.
Ұлттық қор қаржылық қауіпсіздіктің негізгі тірегі болып қала береді
Табиғи ресурс экспортына тәуелді мемлекеттер үшін ұзақ мерзімді қаржы саясатының маңызды бағыты – шикізат сатудан түскен кірістің бір бөлігін жинақтау. Қазақстанның Ұлттық қоры да осындай мақсатты көздейді. Ол мұнай нарығындағы баға құбылған кезде бюджетті қолдауға және табиғи байлықтан түскен табыстың бір бөлігін келешек ұрпаққа сақтауға мүмкіндік береді.
Дегенмен ағымдағы бюджет шығынын өтеу үшін қор қаражатын шамадан тыс пайдалану жинақтау мүмкіндігін шектеуі ықтимал. Егер мемлекет бір мезгілде қарыз көлемін арттырып, жинақталған қаржысын жұмсай берсе, ұзақ мерзімді қаржылық тұрақтылық мәселесі туындайды. Сондықтан Ұлттық қордан алынатын қаражаттың көлемін ғана емес, оның қандай мақсатқа бағытталғанын да бағалау қажет.
Қазақстан үшін мемлекеттік қаржыны тұрақтандырудың маңызды жолы – мұнайдан тыс бюджет кірісін көбейту. Бұл тек салық мөлшерін көтеру деген сөз емес. Өңдеу өнеркәсібін дамыту, еңбек өнімділігін арттыру, кәсіпкерліктің кеңеюіне жағдай жасау және экономиканың көлеңкелі бөлігін азайту арқылы да салық түсімін ұлғайтуға болады. Экономиканың бірнеше табыс көзіне сүйенуі мемлекеттің сыртқы нарықтағы өзгерістерге төзімділігін арттырады.
Бұдан бөлек, мемлекеттік борыш есебінен жүзеге асырылатын ірі жобалардың нәтижесін ашық бағалау маңызды. Жоба қанша жұмыс орнын ашты, бюджетке қанша кіріс әкелді, импортқа тәуелділікті азайтты ма, экспорттық әлеуетті арттырды ма – осы көрсеткіштер қарыз қаражатының қаншалықты тиімді жұмсалғанын айқындауға мүмкіндік береді.
Әлемдік қаржы нарығында алдағы жылдары арзан несиеге қайта оралуға кепілдік жоқ. Геосаяси шиеленіс, инфляция, әскери шығынның өсуі және халықтың қартаюына байланысты әлеуметтік міндеттемелер көптеген мемлекеттің бюджетіне салмақ түсіріп отыр. Мұндай жағдайда Қазақстан үшін қарызды шектеу ғана емес, оның есебінен тұрақты табыс көзін қалыптастыру, ұлттық жинақты сақтау және бюджет қаржысының тиімділігін арттыру маңызды.
Өйткені бүгінгі мемлекеттік борыш – ертеңгі бюджеттің міндеттемесі. Ал сол міндеттеменің қандай экономикалық пайда әкелетіні келешек ұрпақтың тұрмыс деңгейіне де әсер етеді.