💰 Экономика

Шетелдік маркетплейстер тығырыққа тірелді: Арзан тауарлар нарығы жабылуы мүмкін бе?

Қазақстандықтар шетелдік онлайн платформаларға еттері үйреніп барады, әсіресе Қытай маркетплейстерінен көп тапсырыс бере бастаған. Өйткені бағалар біздегіден әлдеқайда төмен. Ал аталмыш компаниялар Қазақстанда салық төлемейді, салдарынан мемлекет қазынасы миллиардтаған теңгеден айырылып отыр. Енді Үкімет жаңа ережелер енгізбек. Яғни, шетелдік сайттардан тапсырыс беру қиындауы мүмкін. Тіпті арзан тауарлардан айырылып қалуымыз да мүмкін. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты зерттеп көрді. 

AliExpress, Temu, Pinduoduo, Amazon, eBay секілді шетелдік онлайн-платформалар қазақстандық тұтынушылар арасында аса танымал. Бағасы ішкі нарыққа қарағанда әлдеқайда арзан, таңдау кең, жеткізу де жылдам. Мұндай ыңғайлы қызметке үйренген қазақстандықтар бүгінде ойыншықтан бастап, тұрмыстық техникаға дейін, киім-кешектен смартфонға дейін бәрін сырттан алуға көшті. Алайда бұл үрдістің екінші жағы, мемлекет үшін де, тұтынушы үшін де айтарлықтай тәуекел тудырып отыр дейді сарапшылар. 

Көрінгенге тиімді болып көрінуі мүмкін, десе де, онлайн платформалар отандық нарыққа, экономикаға және тұтынушының өзіне зиян келтіріп отыр. Өйткені шетелдік маркетплейстер Қазақстан аумағында ресми тіркелмеген, салық төлемейді. Сондай-ақ, сапасыз немесе сертификатталмаған тауарларды сата береді.  Ал қайтару немесе құқықтық шағымдану тетіктері мүлде жұмыс істемейді. Тауар зақымданса немесе адам өміріне қауіп төндірсе де, өндірушіден жауап алу өте қиын, кейде тіпті мүмкін емес.

Бюджет шығыны мен тұтынушы құқығы

Билік енді осы олқылықты түзетуге кірісті. Мемлекет тарапынан шетелдік сауда платформаларына қатысты жаңа талаптар қойыла бастады. Бұл талаптардың түпкі мақсаты – тұтынушыны қорғау, әділ бәсеке орнату, және бюджетке түсетін салық көлемін арттыру. Себебі қазіргі жүйеде мемлекет миллиардтаған теңге салықтан қағылып отыр.

Мәселен, 2023 жылы халық шетелдік маркетплейстерден 505 миллиард теңгеге жуық сауда жасаған. Алайда осы көлемнен түскен ресми салық бар-жоғы 24 миллиард теңгені ғана құраған. Егер осы сауда ішкі нарықта жүргізілсе немесе маркетплейстер Қазақстанда тіркелген болса, бюджетке 60 миллиард теңге түсер еді. Ал толық заңдастырылған жағдайда бұл сома 136 миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Мәселе тек салықта емес. Мұндай платформалар сапасыз тауар сату, контрафакт өнім тарату, экологиялық зиян келтіру және тұтынушы құқығын ескермеу сияқты келеңсіздіктерге жол береді. Мысалы, косметика, ойыншық, киім-кешек секілді өнімдердің ішінде адам денсаулығына қауіпті заттар болуы әбден мүмкін. Қазақстан нарығында мұндай тауарлардың айналымын бақылау жоқтың қасы. Себебі олар көбіне халықаралық поштамен келеді, кеденнен жеке қолданыс үшін делініп өтеді, ал кейін ішкі нарықта көтерме бағамен сатылады.

Маркетплейстерге қойылатын жаңа талаптар қандай?

Жаңа ереже бойынша, Қазақстанға тауар жеткізетін шетелдік маркетплейстердің барлығы елімізде ресми тіркеліп, заң аясында жұмыс істеуге міндетті болады. Бұл дегеніміз, олар Қазақстанда филиал немесе өкілдік ашуы тиіс, тұтынушыға тауар қайтару және сапасыз өнім үшін жауап беру тетіктерін ұсынуы керек, және ең бастысы – салық төлеуі тиіс. Сонымен қатар, тұтынушыдан жиналатын деректерді қорғау және жарнама туралы заңды сақтау міндеттеледі. Бұл халықаралық тәжірибеге сәйкес. Еуропа Одағы, АҚШ және басқа елдерде осындай талаптар әлдеқашан енгізілген.

«Электрондық сауда декларациясы» жүйесі де маңызды шешімдердің бірі. Енді шетелден келетін әрбір тапсырыс арнайы тіркеуден өтіп, электронды түрде рәсімделеді. Бұл ретте логистика, салық және кедендік рәсімдерді арнайы оператор атқаратын болады. Яғни, тұтынушыға бір ғана терезе арқылы тапсырыс беріп, жеткізу, төлем және қайтару мәселесін шешуге мүмкіндік туады. 200 еуроға дейінгі және 31 килограмға дейінгі тауарлар үшін бұл қызмет тегін көрсетіледі. Бірақ тауар бағасына аздаған өзгеріс енуі мүмкін. Бұрын қосылған құн салығы мен кедендік төлемдер шамамен 15 пайызды құраса, жаңа талаппен бұл көрсеткіш 17 пайызға дейін өсуі мүмкін – 5 пайызын тұтынушы төлесе, қалғаны маркетплейстің мойнында болады. Мысалы, егер сіз бұрын шетелдік платформада 1000 теңгелік тауарға 150 теңге салық төлесеңіз, енді бұл сома 170 теңгеге дейін өсуі мүмкін.

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, енді қосылған құн салығын сауда алаңының өзі төлейді, ал сатып алушы 5% кедендік баж төлейді. Нәтижесінде бұрынғы 15%-дың орнына жалпы жүктеме 17%-ға дейін өседі.

«Бағаның 2%-ға өсуі аса қатты өзгеріс емес. Оның үстіне, көп маркетплейс үнемі жеңілдіктер ұсынатын болғандықтан, тұтынушылар үшін қымбат болмауы мүмкін», - дейді ол.

Нарықты кім қорғайды?

Жаңа тәртіп кәсіпкерлер мен шағын саудагерлер үшін де өзекті. Қазір көптеген азаматтар шетелдік платформалардан арзан бағамен тауар сатып алып, оны Қазақстанда қайта сатады. Бұл ретте олар да салық төлемейді, сапаға жауап бермейді, ал отандық өндіруші мен ресми дистрибьютор әділетсіз бәсекеге ұшырайды. Нәтижесінде ішкі нарыққа сенім азайып, отандық өнімдердің дамуына тосқауыл қойылады. Сондықтан жаңа ереже кәсіпкерлік ортада да тәртіп орнатуға бағытталған.

Көптеген қазақстандықтар қытайлық платформалардан сауда жасағанды жөн көреді, себебі ол жақта бағалар әлдеқайда арзан. Бірақ арзан баға сенімділік тудырмайды, сапаға кепіл емес. Негізгі мәселе Қазақстан заңнамасының бұл саудаға әсер етпеуі. Егер тауар сапасыз болса, оны қайтару өте қиын. Өнімдер жиі сертификатталмайды, қауіпсіздігі де тексерілмейді.

Соңғы екі жылда Қазақстанда онлайн саудаға қатысты шағымдар саны бес есеге артқан екен. Мысалы, 2022 жылы 2,7 мың шағым түссе, 2024 жылы 14,5 мыңға жеткен. Шағымдардың көбі әлеуметтік желідегі парақшалар мен интернет-дүкендерге бағытталған. Енді мемлекет бұл саланы да түгел реттеуді қолға алды.

Қытай платформалары арқылы елге электроника, смартфон, тұрмыстық техника, киім, аяқ киім, ойыншық сынды тауарлардың 30–50 пайызы келеді екен. Қытай бүгінде әлемдік экспорттың негізгі ойыншысына айналған, және оны тоқтату мүмкін емес. Алайда реттеу арқылы қауіпсіздік пен әділеттілік орнатуға болады. Мәселен, Қытайдың өзі 2022 жылы экспортталған электромобильдердің 35 пайызын ішкі интернет платформалары арқылы өткізген. Осы модель Қазақстанға да тиімді болмақ, бірақ тек ашықтық пен заңдылық жағдайында.

Бұл өзгерістердің барлығы тұтынушы үшін сенімділік пен қауіпсіздікті арттырады. Енді тауарды қайтару, сапасыз өнімге шағымдану немесе заңды құқықты қорғау жеңілдейді. Тұтынушы мен мемлекеттің арасындағы сенім артады. Ал ең бастысы, бұл қадам Қазақстанның цифрлы экономикасын дамытып, жаһандық саудада тең ойыншы ретінде қалыптасуына жол ашады дейді сарапшылар. 

Барлық жаңалық