Қоғам

Шапалақ тәрбие құралы ма? Елді дүрліктірген жаңа заң нені көздейді 

Шапалақ тәрбие құралы ма? Елді дүрліктірген жаңа заң нені көздейді 

Қазақстанда Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулер күшіне енеді. Заңға сәйкес ата-аналар мен қамқоршылардың балаларға деген қарым-қатынасы қатаң бақылауға алынбақ. Елді екіге бөлген жаңа түзетулер туралы қоғамда пікірталас қыза түсті. Бірі балалардың құқығы қорғалатынына қуанса, басқалары тәрбиені қылмыспен шатастырмау керектігін алға тартып отыр. Бала тәрбиелеу бұрын әр ата-ананың жеке ісі еді, енді олай болмайды. Тіпті бір шапалақтың өзі түрмеден бір-ақ шығаруы мүмкін. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты толығырақ тарқатады. 

Бір шапалақтың құны

16 қыркүйектен бастап ата-аналар мен қамқоршылар бақылауға алынады. Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеуде міндеттерді орындамау енді мына жағдайларды қамтитын болады. Өзгерістер Қылмыстық Кодекстің 140-бабына енгізілді.

-балаға қатыгездік көрсету;

-қараусыз қалдыру;

-құқыққа қарсы немесе асоциалды әрекеттерге тарту.

Енді тіпті жеңіл шапалақ немесе белбеумен ұру ата-анаға қылмыстық іс қозғауға жеткілікті негіз бола алады. Сондай-ақ баланы қараусыз қалдыру да қатыгездік ретінде қарастырылуы мүмкін.

Бұрын мұндай әрекеттер үшін 160 АЕК (шамамен 630 мың теңге) айыппұл немесе 40 тәулікке дейін қамау қолданылылып келген. Енді айыппұл көлемі 4 миллион теңгеге дейін ұлғайды. Сонымен қатар, ата-ана 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Егер зардап шеккен балалардың саны екеу не одан көп болса, жаза мерзімі 3 жылға дейін артады. Сот белгілі бір қызмет түрлерін атқару құқығынан айыруды да қарастыра алады.

Қылмыстың ауырлығын анықтау

Қылмыстың ауырлығы сот-медициналық сараптама арқылы анықталады. Бағалау кезінде мыналар ескеріледі:

-соққының күші мен салдары;

-жазалау жиілігі, яғни, бір рет пе, әлде жүйелі түрде болып келді ме.

Көгеру, жарақат сияқты көзге көрінетін белгілердің болуы шарт емес. Тіпті ешқандай із қалмаса да, ата-ана жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Заңды қолданудағы қиындықтар

Сарапшылардың айтуынша, баптағы тұжырымдар нақты емес, оны әртүрлі түсіндіруге жол ашады. Мысалы, Қазақстанда бұрын да жаңа нормалар енгізілген,  алайда олардың қолданылу тетіктері толық айқындалмай қалған жағдайлар жиі кездескен.

Статистика қорқынышты. Өткен жылдың өзінде 600-ден астам ата-ана құқығынан айырылған, сондай-ақ 6 мыңнан астамы профилактикалық есепке қойылды.

Қоғам пікірі

Халықтың көзқарасы екіге жарылды. Бір бөлігі: 

«Заң бар жерде тәртіп бар» деп санайды. 

Екінші тарап: 

«Бізді де қаталдау тәрбиеледі, бірақ адам болдық» дейді.

Үшіншілері: 

«Кез келген қол көтеру балаға психологиялық соққы екенін мойындайды, алайда қылмыстық жаза шамадан тыс қатаң деп есептейді.

Әлемдік тәжірибе

1979 жылдан бері әлемнің 67 мемлекетінде ата-аналардың балаларға физикалық қысым көрсетуіне толық тыйым салынған. Оның ішінде 30 еуропалық және 12 африкалық ел бар. Аталмыш елдердегі жаза Қазақстандағы нормаларға сәйкес келеді. 

Ата-аналар қауымдастығының ұстанымы

Көптеген ата-аналар түзетулерді артық деп бағалайды. Олардың пікірінше, басты назарды жазалауға емес, отбасыларға қолдау көрсетуге, тұрмыс деңгейін жақсартуға және сыйластық мәдениетін дамытуға аудару қажет. Одан бөлек, шамадан тыс қатаң нормалар жалған айыптауларға, отбасылардың ыдырауына және тұрмыстық жанжалдардың қылмыстық сипат алуына әкелуі мүмкін.

Тергеу тіпті баланың өз арызынсыз басталуы ықтимал. Шағымдана алатындардың ішінде баланың өзі, көршілер және мектеп немесе балабақша қызметкерлері кіреді. 

Полиция қарапайым қоңырауға да міндетті түрде әрекет етеді. Бұл жағдайды теріс пайдалану қаупін арттырады. Ата-аналар енді ең аз қатаңдықтың өзін қолданудан қорқып, өз беделінен айырылып қалудан алаңдайды.

Заңгерлердің айтуынша, «жаппай құқықтан айыру» туралы алаңдаушылық негізсіз. Ата-ана құқығынан айыру немесе оны шектеу тек ерекше жағдайда ғана қолданылады және күрделі рәсімнен тұрады. Сот тәжірибесі Қазақстанда негізінен отбасын сақтап қалуға бағытталған. Сонымен бірге, мемлекет барлық баланы бірдей қамқорлыққа ала қоятындай ресурспен қамтылмаған.

Барлық жаңалық