💰 Экономика

Сенат көлеңкелі экономикаға соққы жасады

Сенат көлеңкелі экономикаға соққы жасады

Қаржы кеңістігінде жаңа тәртіп орнайды. Сенат мақұлдаған заң жобасы елдің экономикалық тұтастығын қорғауға бағытталған. Одан бөлек, заңсыз кірістер мен терроризмді қаржыландыруға қарсы күрестің жаңа дәуірі басталмақ. Криптовалютадан бастап мобильді операторларға дейінгі барлық қаржылық арналар енді жіті бақылауда болады. Мемлекеттің көлеңкелі экономикамен күресі не береді? Ozgeris.info тілшісі жалғастырады.

Сенат елдің қаржылық қауіпсіздігі мен ұлттық тұрақтылығын арттыруды көздеген маңызды заң жобасын қабылдады. Құжат жаһандық сын-қатерлерге жауап ретінде әзірленген, қоғамның экономикалық тыныштығын қорғауға бағытталған кешенді шаралардың бастауы.

Жаңа заң аясында енді 5 миллион теңгеден жоғары цифрлық транзакция автоматты түрде Қаржы мониторингі агенттігінің қадағалауына өтеді. Аталмыш қадам жасырын ақша аударымдарына тосқауыл қойып, күмәнді мәмілелерді ерте кезеңде анықтауға жол ашпақ. Заң шығарушылар қаржы жүйесінің ашықтығы елдің қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының басты кепілі екенін алға тартып отыр. 

Ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – криптовалюта.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов атап өткендей, криптовалюта  көлеңкелі экономиканың қолайлы құралына айналды. Себебі ол анонимді және жылдам. Енді мұндай операциялар да қатаң бақылауға алынып, заң шеңберінде реттелмек.

Бұған қоса, қаржы мониторингінің ауқымы едәуір кеңейіп отыр. Бұрын тек коммерциялық ұйымдар назарда болса, енді мобильді байланыс операторлары мен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметі де бақылауға енгізіледі. Сонымен бірге экстремизмді қаржыландыру қаупін болдырмау үшін бейкоммерциялық ұйымдардың да жұмысы жіті зерттелетін болады.

Заңнамаға жаңа ұғымдар енгізілді. Алғаш рет «шетелдік траст», «скринингтік модуль» және «жаппай қырып-жою қаруын қаржыландыру» сияқты терминдер заңдық негізде бекітілді. Сарапшылар мұны халықаралық тәжірибеге сай жасалған қадам деп бағалап отыр. Сондай-ақ, банктердің «қалқан» түріндегі жалған құрылымдарына және анонимді бағалы қағаздарға түбегейлі тыйым салынады.

Қаржы ұйымдарының иелеріне қойылатын талап та күшейтілді. Олардың іскерлік беделі мінсіз болуы шарт. Әрбір қаржы институты клиенттердің тәуекел деңгейін арнайы автоматтандырылған жүйелер арқылы бағалауға міндеттеледі. Егер ұйымдар толық емес немесе жалған ақпарат берсе, онда 50-ден 400 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлеуге мәжбүр болады.

Мамандардың пікірінше, цифрландыру дәуірінің жедел дамуы жаңа мүмкіндіктермен бірге жаңа қауіптерді де ала келді. Алаяқтық, кибершабуылдар, азаматтардың қаржылық құқықтарының қорғалмауы – осының бәрі мемлекет тарапынан пәрменді қадамдарды талап етеді. Сондықтан цифрлық активтерді бақылауға алу қазіргі уақыт талабы ғана емес, елдің экономикалық болашағын қорғаудың да басты шарты.

Сарапшылар сенімді болжам беруде. Олардың пікірінше, қабылданған түзетулер көлеңкелі экономиканы айтарлықтай қысқартып, қаржы жүйесінің айқындығын арттырады. Ал бұл өз кезегінде Қазақстанның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын күшейтуге сеп болады.

Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылды.

Барлық жаңалық