Жаңалықтар

Семейде әйел күйеуін көсеумен ұрып, шартты жаза алды

Семей қаласында 36 жастағы әйел 16 жылдық некелерін атап өтіп жатқан сәтте күйеуін соққыға жыққаны үшін сот жауапкершілігіне тартылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты SMARTNEWS.KZ сайтына сілтеме жасап.

 

Оқиға ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдан кейін болған. Олар алкогольдік ішімдіктермен бірге отбасылық мереке өткізген. Кештің бір сәтінде екеуінің арасында дау шығып, әйел қолына отқа арналған көсеуді (кочерга) алып, күйеуінің басына және денесіне бірнеше рет соққы жасаған. Ер адам ауруханаға жеткізілді.

 

Сот отырысында әйелдің кінәсі дәлелденіп, оған үш жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Алайда екі кәмелетке толмаған баласының болуына байланысты жаза шартты түрде белгіленіп, ол пробация қызметінің бақылауына берілді.

 

– Сотталған азаматшаға жаза өтеу тәртібі түсіндірілді. Сонымен қатар, оны жұмысқа орналастыру мәселесі шешіліп, қазіргі таңда ол жергілікті жеке кәсіпкерге жұмысқа тұрды, – деді аудандық пробация қызметінің басшысы Ерлан Қыдырманов.

 

Айыпталушы өз ісіне өкінетінін айтып, болған оқиғаны енді ғана толық түсінгенін жеткізді.

Барлық жаңалық