Алматы қаласындағы Сайран көлі аумағын абаттандыру жобасы бойынша «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы міндеттемелерін толық орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты informburo.kz сайтына сілтеме жасап
Жоба 2024 жылдың ақпан айында басталған. Оған мемлекет қазынасынан 12 млрд теңге бөлінген: 2023 жылы 367 млн теңге, ал қалған қаржы 2024 жылы аударылған. Шарт бойынша абаттандыру жұмыстары 31 мамырға дейін аяқталуы тиіс еді, алайда техникалық және авторлық қадағалау нәтижесінде орындалу деңгейі 95 пайызбен шектелгені анықталды.
Алматы қаласының Қоғамдық кеңістіктерді дамыту басқармасы сотқа талап арыз берген. Тыңдалым барысында мердігер компания келісімшартты уақытында орындамауына байланысты негізді себептерді ұсына алмады. Сот абаттандыру жұмыстарының әлеуметтік маңызы жоғары екенін атап өтті.
Нәтижесінде сот басқарманың талабын қанағаттандырып, компанияны адал емес қатысушылар тізіміне енгізді. Сонымен қатар «Павлодар өзен порты» жобаны толық аяқтауға және келісімшарт бойынша міндеттемелерін орындауға міндеттелді.
Сот шешімімен мердігерге 23 млн теңгеден астам айыппұл және шамамен 700 мың теңге мемлекеттік баж төлеу жүктелді.