«Басты мақсатымыз - адам құқығын қорғау», дейді құқық қорғау өкілдері. Бұл расымен де осылай ма? Қазақстанның қылмыстық әділдігі қалай өзгеріп жатыр? Бұл материалда Ozgeris.info тілшісі елімізді шулатқан ең резонансты қылмыстық істерден кейін Қазақстанда не өзгерген баяндайды. Сондай-ақ, от процестері мен заң турасында айтылады.
Қылмыстық істер әрқашан қоғамның назарында әрі бақылауында. Мемлекеттік ашықтық пен құқықтық сана артқалы, жиі талқыланып та жүр. Әсіресе, елді шулатқан ең резонансты істерден соң елімізде көптеген жағдай өзгерді. Мысалы, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісі, Шерзат Полатқа қатысты сот отырыстары тікелей эфирде дүйім жұртқа көрсетілді. Халық соттың ашықтығын, процестің ақ-қарасын әлеуметтік желілер арқылы талқылады. Мұның барлығы сот жүйесіне деген жаңа көзқарасты қалыптастырды.
Қоғамдағы өзгерістер жайлы Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллина пікір білдірді.
Тікелей көрсетілімдер ашықтық па, шоу ма?
Сарапшының айтуынша, Қазақстан заңнамасында сот төрелігінің жариялылық қағидаты бастапқыда-ақ бекітілген. Жалпы, қылмыстық істер бойынша сот процестері ашық өтеді. Тек жыныстық қылмыстарға, кәмелетке толмағандарға қатысты істерге немесе азаматтардың жеке өмірінің құпиясын қозғайтын жағдайларға байланысты процестер жабық түрде жүргізіледі.
Сот отырысында фото, бейне және аудиожазба жасауға төрағалық етуші судьяның рұқсатымен ғана жол беріледі. Бұл құқықты БАҚ өкілдері толық пайдалана алады.
Десе де, сот процесін тікелей эфирде көрсету біздің ел үшін жаңа қадам болды. Бұл халықаралық деңгейде де қызығушылық тудырды. Мысалы, Бишімбаев ісін әлеуметтік желілерде 100 миллионнан астам адам көрді, тіпті Әзербайжан, Қырғызстан, АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Корея, БАӘ сияқты елдерде қызу талқыланды.
Назгүл Рахметуллинаның айтуынша, мұндай тәжірибе «сот жүйесінің ашықтығының мүлдем жаңа деңгейі».
«Дегенмен мұны шоуға айналдырмау керек. Онлайн көрсетілімнің нақты мақсаты болуы тиіс. Яғни, қоғам сұранысына жауап беру немесе қылмыстың алдын алу сияқты», - дейді сарапшы.
Қоғам сенімінің артуы
Шулы істердің тәжірибесіне қарасақ, ашықтық пен жариялылық сотқа қысым жасамайды, керісінше қоғамның сенімін нығайтады дейді маман.
«Азаматтар процесті толық көреді, яғни, айыптау мен қорғау тараптарының уәждерін, жәбірленушілер мен куәгерлердің сөзін, сарапшылардың қорытындыларын. Үкім жабық есіктің ар жағында шықпайды, заңды сот талқылауының қисынды қорытындысы екенін айқын көрсетеді», - дейді маман.
Осылайша, резонансты істер халықтың құқықтық мәдениетін арттыратын құралға айналып отыр. Қазақстандықтар өз құқықтары мен міндеттерін, сот тәртібін және заң талаптарын үйренуде.
Соттарға түсетін жүктеменің артуы
Сот жүйесі үлкен жүктемемен жұмыс істеп жатыр. 2023 жылы қылмыстық соттарға шамамен 32 мың іс түскен. 2024 жылы бұл көрсеткіш 34 мыңға жетті. 2025 жылдың алғашқы жартысында 17 мыңнан астам іс қаралып, өсім шамамен 7%-ды құраған.
Маманның айтуынша, есірткіге қатысты қылмыстардың көбеюі, жол-көлік оқиғалары, алаяқтық, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қылмыс ретінде танылуы жүктемені арттырып отыр.
Қызығы, осы уақыт ішінде ақтау үкімдері де артқан. 2025 жылдың алғашқы алты айында 157 адам толық ақталған. Өткен жылы 122. Яғни, айыптау мен қорғау арасындағы тепе-теңдік нығайып келе жатыр.
Тергеу соттары және бұлтартпау шарасы
2018 жылы құрылған тергеу соттары маңызды рөл атқарады. Олар сотқа дейінгі тергеу органдарының әрекеттеріне шағымдарды және қамауға алу жөніндегі өтініштерді қарайды.
2023 жылы мұндай өтініштер 13 мың болса, 2024 жылы 14 мыңнан асты, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында 7 мыңнан жоғары болды. Бірақ олардың қанағаттандырылу деңгейі 77%-дан 63%-ға төмендеді. Яғни 3 мыңнан астам адамды сот қамауға алудан босатты.
Ең қатаң үкімдер
Жаза тағайындау заңмен қатаң реттелген. Ең ауыр жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру. Ол кісі өлтіру, балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық және басқа да аса ауыр қылмыстар үшін қолданылады.
2023 жылы мұндай үкім 10 адамға шығарылса, 2024 жылы – 13, ал 2025 жылдың алғашқы жартысында – 31 адамға тағайындалды. Негізінен бұл – балаларға қатысты зорлық-зомбылық, жүкті әйелдерді өлтіру, ерекше қатігездікпен жасалған кісі өлтіру немесе бірнеше адамды қасақана өлтіру істері.
Мысалы, Атырау облысында ер адам жүкті әйелді зорлап, өлтіргені үшін өмір бойына сотталды. Солтүстік Қазақстан облысында туған әкесі қызын ұзақ уақыт бойы жыныстық зорлық-зомбылыққа мәжбүрлегені үшін ең қатаң жазаға тартылды.
Істердің созылуы және гуманизация
Жүктеменің артуына қарамастан, істердің басым бөлігі ақылға қонымды мерзімде қаралады дейді маман.
«Жарты жылдан көп созылатын істер тек қатысушылар саны өте көп болған жағдайда ғана кездеседі. Кейбір елдерде, мысалы АҚШ-та, сот отырыстары жарты жылға кейінге шегерілсе, Қазақстанда мұндайға жол бермеуге тырысады», - дейді маман.
Сонымен бірге жазаны ізгілендіру бағыты сақталып келеді. 2024 жылы сотталғандардың тек 56%-ы нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, 3%-дан астамы шартты жаза алды. Қалғандарына баламалы жаза тағайындалды. Мұндай тәжірибе алғаш рет жасалған ұрлық, алаяқтық, тонау сияқты істерге қатысты қолданылады,егер келтірілген шығын өтелсе. Ал қайталанған немесе зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстарға сот қатаң қарайды.
Осылайша, қылмыстық сот төрелігі маңызды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Соттардың ашық әрі жариялы болуы, онлайн трансляциялар арқылы қоғамның сенімі нығайтуда. Екінші жағынан, жүктеме артып, аса ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан айыру үкімдерінің саны да көбейіп келеді.
Десе де, басты қағида өзгермейді дейді маман.
«Әрбір іс жеке қаралады, ал төреліктің өзегінде әрқашан әділдік тұруы тиіс»», - деп түйіндеді маман.