📰 Сарапшылар пікірі

Ресейлік кәсіпкерлер неге елімізден қашып жатыр?

Ресейлік кәсіпкерлер неге елімізден қашып жатыр?

2025 жылдың екінші тоқсанында Қазақстанда ресейлік құрылтайшылары бар 728 компания жабылды. Қызық, кейінгі алты жылдағы ең ірі қысқару. Бұған дейінгі бес тоқсан бойы ресейлік бизнестің Қазақстаннан біртіндеп кетіп жатыр. Неге? Бұл сұраққа Экономист Арман Байғановпен бірге жауап іздейік, деп сараптайды Ozgeris.info.

Бастапқыда Ресей бизнесінің Қазақстанға көшуі 2022 жылғы геосаяси күйзелістерге, Украинадағы соғыс пен санкцияларға байланысты болды. Бірақ бұл кезең аяқталуға жақын. Экономист Арман Байғановтың айтуынша, ресейлік компаниялар қазіргі жағдайға бейімделіп үлгерді, әрі соғыс тоқтай ма деген үміт те күшейген. Бұл бизнес көшіруге деген қажеттілікті азайтты.

«Ресейлік компаниялар жаңа шынайылыққа бейімделді. Сонымен қатар, Трамп пен Путин арасындағы келіссөздер кейбір кәсіпкерлерге үміт сыйлап отыр. Ал Қазақстанда салық ауыртпалығы арта бастады, бұл да маңызды фактор», дейді сарапшы.

Сонымен қатар Қазақстанда ресейлік бизнеске жасалған “мейірімді” шарттар өзгеріп жатыр. Бұрынғыдай жеңіл салық, жұмсақ әкімшілік бақылау жоқ. Бұл ресейлік компанияларға тиімді болудан қалды. Енді Қазақстанда тіркеліп, жұмыс істеу бұрынғыдай тартымды емес.

Бірақ нарық босап қалған жоқ. Ресей кеткен тұста Өзбекстан мен Қытай компанияларының белсенділігі артты. Биылдың өзінде елімізде 500-ден астам өзбек және қытай компаниясы тіркелді. Екеуі де көбіне қызмет көрсету және сауда секторын игеруде.

Мұның себебі айқын. Қазақстан ЕАЭО мен Кеден одағының мүшесі. Демек, бұл елде тіркелген компаниялар Ресей нарығына еркін шыға алады. Байғановтың айтуынша:

«Үшінші елдердің кәсіпкерлері үшін Қазақстан  Ресейге жол ашатын шлюз. Бұл логистика мен салық жағынан тиімді маршрут».

Басқаша айтқанда, Қазақстан өзінің геосаяси орналасуы мен сауда одақтарына мүше болуы арқылы өңірлік бизнес хабқа айналып келеді. Өзбекстан мен Қытай бұл мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысып отыр.

Ал шетелдік бизнес ағыны жергілікті кәсіпкерлерге қауіп төндіре ме? Сарапшы бұған да жауап берді:

«Шетелден келген бизнес Қазақстанда тіркелген. Демек, олар салық төлейді, жұмыс орындарын ашады, заңға бағынады. Бұл бәсекені күшейтеді, ал бәсеке дамуға итермелейді. Әсіресе, агросекторда бұл өте қажет».

 

Барлық жаңалық