Кейінгі жылдары Қазақстанда көлікке деген сұраныс алапат өсті. Бағалар аспандап, халық амалсыз шетелге мойын бұрды. Біреу арзан темір тұлпарды Қытайдан немесе Кореядан алдыруды ойласа, екінші біреу ресми дилерлерге арқа сүйеп, кепілдігі мен сервисіне сенеді. Бірақ екі жолдың да өз машақаты бар, деп сараптайды Ozgeris.info.
Арзан көлік ақыл адастыра ма?
Қарасаңыз, Қытай көліктері расымен арзан. BYD, Haval, Geely сынды маркалар көзіңді қызықтырады. Алайда сырттай оңай көрінген үдерістің ішінде бірталай кедергілер жатыр. Бұл туралы «Cars Market» арнасының жүргізушісі, авто сарапшы Николай Татаренко жақсы айтып берді.
«Адамдарда қате түсінік бар. Қытайда автосалоннан жаңа көлікті алып, бірден Қазақстанға айдап келуге болады деп ойлайды. Шын мәнінде, олай емес. Жаңа көлік алдымен экспорт компаниясының атына тіркеліп, қағаз жүзінде «екінші нарықтағы» көлікке айналады. Сонда ғана сыртқа шығаруға рұқсат беріледі. Ал бұл – алғашқы «бюрократиялық айналма жолдың» басы», дейді ол.
Көлікті Қытайдан «өздігінен жүру» тәсілімен әкелу – кең тараған әдіс. Айдаушы көлікті шекараға дейін жеткізеді, ал сол жерде брокерлер мен декларанттар қарсы алады. Бірақ мұнда да ескеретін тұс көп. Сарапшының кеңесі мынау:
«Брокеріңіз кім? Қай жерде тіркелген? Құжатын көрсете ме?» осы сұрақтардан бастау керек. Көлік «Қорғас» шекара бекетінен өткеннен кейін бірден зертханаға түсуі тиіс. Аңғармай қалғандар көлікті уақытша сақтау қоймасына жібереді. Ол кезде, кешіріңіз, әбден шаршайсыз. Өйткені көлік зертханаға бармайынша, қауіпсіздік сертификаты берілмейді. Ол жоқ болса, кеден де жоқ», деп түсіндірді Николай.
Кеден...ол да бір бөлек драма
Ең күрделі кезең – кеден рәсімдері. Николай Татаренко бұл жерде де жасырын сыр көп екенін ескертеді. Мәселен, көлікті 30 мың долларға сатып алсаңыз, кеден оны 50 мың доллар деп бағалап, соған сәйкес ҚҚС бағасын бекітіп береді.
«Кеденнің 6 түрлі бағалау әдісі бар. Тек біреуі ғана нақты сатып алу шотына сүйенеді. Қалғаны – «база бойынша», «аналог бойынша», «сараптама негізінде» деген сылтаулар. Кеден қызметкерлерінің қолында осындай үлкен құрал бар. Сол үшін көліктің өз бағасына сенудің өзі қазір нағыз тәуекел. Соңғы саты – электронды техпаспорт алу. Бұл құжатсыз тіркеу жүрмейді. Ал оны алу тағы бір «лотерея». Кейде бір аптада келеді, кейде екі ай күтесіз. Неліктен екенін ешкім түсіндірмейді. Бұл жерде де «айналмалы есіктер көп», дейді маман.
Қағаз жүзінде «жүрілген»
Байқап жүрміз, Қытайдан келетін көліктерге деген қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Ал осы сұраныс аясында ерекше бір санат қалыптасты: жаңа, бірақ құжат жүзінде «жүрілген» көліктер. Бұл автоәлеміндегі нағыз парадокс. Темір тұлпар зауыттан енді ғана шыққанымен, құжаттарында ол «қолданыста болған» деп тіркеледі. Неге?
Бұл сұрақтың жауабын автоэксперт Эдуард Эдоков жақсы біледі. Оның айтуынша, бұл Қытайдағы жүйелі айла-шарғының нәтижесі.
«Кейбір көліктер Қытайда жай ғана қағаз жүзінде тіркеліп, дилер атына өтеді де, бірден шетелге жөнелтіледі. Жаңа көлік, бірақ жүрілген деп көрсетіледі. Мен өзім BYD электромобилін Қытайдан сатып алдым. Ол толықтай зауытта жасалып, мен таңдаған опциялармен жинақталды. Бірақ құжатта 4 шақырым жүріп қойған көлік деп тіркелді», дейді сарапшы.
Бұл тәжірибе Қытайдың автосалондарында кеңінен таралған. Себебі автозауыттар өз дилерлеріне көлікті «сатылған» деп тіркеуді міндеттейді, осылайша жасанды сату көрсеткішін арттырып, мемлекеттік субсидия алуға мүмкіндік алады. Бұдан соң бұл көліктер DoCar, Xianyu сынды онлайн алаңдарда «екінші нарықтағы» техника ретінде сатылымға шығарылады. Бағасы айтарлықтай төмен.
Қытайлық CarNewsChina басылымының жазуынша, кейінгі уақытта 0-ден 50 шақырымға дейін ғана жүрген көліктер «қолданыста болған» деген белгімен экспортқа шығарылады. Мәселен, 2023 жылғы Zeekr, BYD, Lixiang модельдері Kolesa.kz сынды сайттарда 100-150 шақырым ғана жүрген күйі сатылымда тұр. Бағасы – жаңа көліктерге қарағанда 20-30%-ға арзан.
Сырт көзге бұл сатып алушы үшін тиімді көрінуі мүмкін. Алайда, құжат бойынша «екінші қолдағы» көлік болғандықтан, кейбір елдерде бұл мәртебе салық, кедендік рәсімдеу, кепілдік секілді құқықтық мәселелерге әсер етуі мүмкін.
Корея ше?
Біреулер Hyundai-ды, енді біреулер BMW немесе Kia-ны таңдайды. Сырттай қарасаң бәрі тиімді: баға қолжетімді, сапа сенімді. Алайда бұл процеске де шын мәнінде үңілсек, әр қадамда жасырын шығындар мен күтпеген кедергілер жетерлік. Сарапшылар да бұған назар аудартады.
«DI AUTO» мен «West Motors» компанияларының мәліметінше, тапсырыс беруші Кореядағы қолжетімді марка мен модельді таңдауы керек. Әсіресе SUV сегментіндегі Hyundai Santa Fe, Palisade, Kia Sorento, сондай-ақ BMW, Mercedes-Benz, Audi сынды неміс брендтері ең өтімді. Бірақ тек модельді таңдау жеткіліксіз. Автокөліктің сақтандыру тарихы, жасырын зақымдары, техникалық құжаттары міндетті түрде тексеріледі.
«Келесі қадам – заңды келісімшарт. Мұнда да нюанс көп. Төлем тек доллармен, тек банктік жолмен жіберіледі. Былай қарасаң, қарапайым шарт. Бірақ бағам құбылып тұрғанда, бұл да қосымша қауіпке айналады. Орта есеппен келісімшарт рәсімдеуге бір апта уақыт кетеді. Бұдан кейін сатып алынған көлік Кореядан контейнермен Қытайға, одан кейін теміржолмен Қазақстанға жеткізіледі. Бұл – логистиканың стандартты жолы. Барлық көлікке GPS-трекер орнатылады. Алайда бұл да тегін емес әр қызметтің өзіндік бағасы бар», дейді сарапшылар.
«DI AUTO» және «West Motors» компанияларының мәліметінше, бір көліктің жеткізілу қызметі орта есеппен 400 мың теңге тұрады. Ал тасымалдың өзі 2 500 доллар немесе 1,3 миллион теңге шамасында. Бұл ең тиімді маршруттар бойынша есептелген.
Онымен бітпейді. Көлік келген соң, утиль алым мен бастапқы тіркеу салығын төлеу қажет. Бұл жерде де сандар сөйлейді:
«Мотор көлемі неғұрлым үлкен болса, төлем де соғұрлым жоғары болады. Мысалы, көлемі 3 литрге дейін болса 983 мың теңге, 2 литрге дейінгі көліктерге шамамен 688 мың теңге кетеді. Ең тиімдісі 1 литрге дейінгі шағын көліктер. Оларға утиль алым 295 мың теңге», дейді компания сарапшылары.
Бұдан бөлек, көлік шыққан жылына байланысты қосымша салық есептеледі. Егер көлік 3 жылдан асқан болса, онда иесі 500 АЕК, яғни 1,97 миллион теңге төлеуге міндетті.
Сарапшылардың айтуынша, мұның бәрін ескергенде, Кореядан алынған көліктің соңғы құны бастапқы бағадан 20-40% жоғары болып шығады.
Былай қарасаңыз – тиімді ұсыныс. Бірақ егжей-тегжейіне үңілсеңіз, әуелгі «арзан» көлік ойлағаннан әлдеқайда қымбатқа түсуі мүмкін. Көлік алуға бел буған жан, алдымен цифрды емес, жүйені зерттеп алғаны абзал.