🏛️ Саясат

Қымбат операциядан тегін грантқа дейін: мемлекет халыққа қандай қолдау көрсетіп жатыр?

Қымбат операциядан тегін грантқа дейін: мемлекет халыққа қандай қолдау көрсетіп жатыр?

Бірі жаңа туған сәбиіне берілетін жәрдемақыны алады. Бірі күрделі операцияны мемлекет есебінен жасатады. Бірі жоғары оқу орнына грантпен түседі. Ал енді бірі зейнетақы немесе әлеуметтік көмек арқылы күнкөрісін қамтамасыз етеді. Соңғы жылдары Қазақстандағы әлеуметтік қолдау жүйесі айтарлықтай кеңейіп, миллиондаған азаматтың өміріне тікелей әсер етіп отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған Әділетті Қазақстан тұжырымдамасында адам капиталы мен халықтың әл-ауқатын арттыру негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген. Осы бағыттағы саясат бүгінде нақты көрсеткіштерден байқалады. Ел Үкіметы осы тапсырма аясында қандай істер жасалғаны туралы есеп берді.

Қазір елімізде 2,5 миллионнан астам адам зейнетақы алады. 630 мыңнан аса көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақымен қамтылған. Мүгедектігі бар 544 мыңнан астам азаматқа қолдау көрсетіледі. Ал жоғары білім алуға бөлінетін мемлекеттік гранттардың саны кейінгі бес жылда 93 мыңнан асты.

Қымбат ем енді қолжетімді

Бұрын көптеген отбасы үшін күрделі операция жасау немесе қымбат ем қабылдау қол жетпес арман болатын. Бүгінде жағдай біршама өзгерді. Қазір қазақстандықтар мемлекет есебінен кардиохирургиялық операциялар, нейрохирургиялық араласулар, ағза трансплантациясы, онкологиялық ауруларды емдеу секілді жоғары технологиялы медициналық қызметтерді ала алады.

Әсіресе балалар медицинасына ерекше көңіл бөлініп келеді. Жыл сайын туа біткен аурулары бар шамамен 1,5 мың нәрестеге операция жасалады. Оның 40 пайызға жуығы аз инвазивті технологиялар арқылы жүргізіледі. Балалар кардиохирургиясында да оң өзгеріс бар. Елімізде жыл сайын жүрек ақауы бар балаларға екі мыңға жуық ашық операция жасалады. Соның арқасында операциядан кейінгі нәрестелердің өміршеңдік деңгейі 88 пайыздан 93 пайызға дейін көтерілді.

Онкологиялық скринингтердің тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енгізілуі де маңызды қадам болды. Нәтижесінде шамамен 300 мың адам қосымша диагностикалық тексеруден өту мүмкіндігіне ие болды.

Медициналық инфрақұрылым да жаңарып жатыр. Кейінгі жеті жылда елде 1250-ден астам денсаулық сақтау нысаны салынды. Оның ішінде 800-ден астамы соңғы үш жылда пайдалануға берілген. Ауылдық жерлердегі шамамен бір миллион тұрғын жаңа медициналық мекемелердің игілігін көріп отыр.

Ана мен балаға ерекше көңіл бөлінеді

Әлеуметтік саясаттағы маңызды бағыттардың бірі – ана мен баланы қорғау. Тәуелсіздік жылдары ана өлімі алты есеге азайды. Кейінгі бес жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы 35 пайызға төмендеген. Қазір жүкті әйелдердің 90 пайыздан астамы жүктіліктің алғашқы 12 аптасында дәрігер есебіне алынады. Бұл түрлі қауіптің алдын алуға мүмкіндік береді.

2025 жылдан бастап «Аналар саулығы» бағдарламасы іске қосылды. Оның аясында әйелдер 15 түрлі тексеруден тегін өте алады. Сонымен қатар «Бір күндік клиника» жобасы арқылы қажетті талдаулар мен мамандар кеңесін бір күн ішінде алу мүмкіндігі пайда болды.

Балалар денсаулығына бөлінетін қаржы көлемі де айтарлықтай өсті. Бірнеше жыл бұрын бұл мақсатқа 264 миллиард теңге бөлінсе, бүгінде көрсеткіш 585 миллиард теңгеге жетті.

Балалы отбасы қандай көмек алады?

Қазақстанда бала туған сәттен бастап отбасыға бірнеше бағыт бойынша қолдау көрсетіледі. Бірінші, екінші және үшінші бала дүниеге келгенде 164 350 теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге беріледі.

Көпбалалы отбасылар ай сайын жәрдемақы алады. Оның көлемі бала санына қарай өзгереді. Қазір республика бойынша 630 мыңнан астам көпбалалы отбасы мемлекеттік қолдаумен қамтылған. Мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға да ай сайын арнайы жәрдемақы төленеді.

Мектеп пен балабақшадағы өзгерістер

Білім саласында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. 2020 жылдан бері елімізде 1,2 мыңнан астам мектеп салынды. Соның арқасында бір миллионнан астам жаңа оқушы орны ашылды. Бұл үш ауысымды мектептер мәселесін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Биыл тағы 96 мектеп пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

Балабақша мәселесін шешу бағытында да өзгерістер бар. Қазір елде 12 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Онда бір миллионнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Ваучерлік қаржыландыру жүйесінің енгізілуі нәтижесінде балабақша кезегі күрт қысқарды. Бұрын кезекте 160 мың бала тұрса, қазір бұл көрсеткіш 18 мыңға дейін азайған.

Грант көбейді, шәкіртақы өсті

Жоғары білім алуға мүмкіндік те кеңейіп келеді. Егер 2020 жылы мемлекеттік грант саны 65,1 мың болса, бүгінде бұл көрсеткіш 93,2 мыңға жетті. Студенттердің шәкіртақысы да артты. Бакалавриат студенттері алатын төлем көлемі 26,2 мың теңгеден 52,4 мың теңгеге дейін өсті. Педагогикалық мамандықтарда оқитын жастардың шәкіртақысы 84 мың теңгеге жетті. Тек өткен жылы ғана 10 мыңнан астам орынға арналған 30 жаңа жатақхана пайдалануға берілді.

Жас ғалымдарға қандай мүмкіндік беріліп жатыр?

Ғылым саласында да қолдау күшейіп келеді. 2025-2026 оқу жылына докторантураға 2919 грант бөлінді. Бұдан бөлек, индустриялық PhD бағдарламасы аясында қосымша 110 грант қарастырылған.

«Жас ғалым» бағдарламасы арқылы жыл сайын мың ғылыми жоба қаржыландырылады. 2021 жылдан бері «250 ғылыми тағылымдама» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт аралығында 1543 қазақстандық ғалым шетелдік ғылыми орталықтарда тәжірибе жинақтады. Жас ғалымдардың тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қазірдің өзінде 722 жас зерттеуші баспанамен қамтамасыз етілген.

Әлеуметтік қолдау жүйесі кеңейіп келеді

Мемлекет тек жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Қазір өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға арналған арнайы әлеуметтік қызметтер жүйесі де дамып келеді.

Елімізде мұндай қызмет көрсететін 649 ұйым жұмыс істейді. Қолдаумен 103 мыңнан астам адам қамтылған. Жалпы алғанда, әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – азаматтың өмір сапасын арттыру. Денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, ана мен баланы қорғау, әлеуметтік көмек пен зейнетақы жүйесінде қолға алынған бастамалар осы мақсатқа бағытталған. Мемлекет ұсынатын қолдау түрлері көбейген сайын олардың нақты нәтижесі де халықтың күнделікті өмірінен көріне бастады.

 

Барлық жаңалық