Келешек мектептері сын көтермейді. Мектеп салу мен жөндеу мәселесі соңғы жылдары қоғамда қызу талқыланып жатыр. Оған бірнеше себеп бар. Жаңа білім ордаларын тұрғызуға мемлекет қырауар ақша бөледі. Алайда олардың сапасы өте төмен. Құрылысы бітпей жатып, қирап жатыр. Мұндай оқиғалар елімізде жиі бола бастады. Осы ретте Ozgeris.info тілшісі статистикаға сүйеніп, мұның себеп-салдарын зерттеп білді.
Қайтарылған активтер әділетсіздіктің айнасы ма?
2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін жемқорлардың активтерін бюджетке қайтару саяси символға айналды. Президент соңғы Жолдауында 850 млрд теңге қайтарылғанын хабарлады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1,152 трлн теңге қайтарылғаны туралы мәлімдеді. Қайтарылған активтер негізінде Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды.
2025 жылдың маусымына дейін оған 153,3 млрд теңге аударылды. Министрлік бұл қаржыны 100 мың орынға арналған 89 мектеп салуға жұмсауды жоспарлаған. Бүгінде 83 мың орындық 74 нысан ашылды, 2025 жылғы 1 қыркүйекке қарай ел бойынша 111 мың орынға шақталған 83 мектеп есігін ашты. Жыл соңына дейін тағы 111 мектепті аяқтау көзделген. Олардың көпшілігі жаңа технологиялармен жабдықталған. Мысалы, Астанада Face ID жүйесі, инклюзивті жағдай, робототехника кабинеттері, футбол алаңы, сингапурлық математика әдістемесі бар мектеп пайда болды. Десе де, осындай уәделердің артында бірталай шешілмеген мәселелер де жатқанын әлеуметтік желіде тараған видеолардан байқауға болады.
Ал енді осы жағдайларға толық тоқталайық
Биыл жаз айында Петропавлда түлектерге аттестат тапсыру кезінде №9 мектептің төбесі құлап кеткен. Мектеп директоры Гүлден Аленованың айтуынша, акт залының төбесі ішінара құлаған. Салтанатты іс-шара соңына таяп, оқиға кезінде барлық түлек соңғы әнді айтуға сахнаға шыққан.
Белгілі болғандай, мектеп ғимаратының салынғанына 40 жылға жуықтаған. 1988 жылы салынған білім ордасында 1500 бала оқиды. Білім ордасында маусым айында ағымдағы жөндеу жұмысы басталуға тиіс еді. Ал акт залының төбесі бұл плиталармен бес жыл бұрын қапталған екен.
Маңғыстау облысының Құрық ауылында мектеп-гимназияның шатыры мен төбесі шілде айында опырылып түсті. Ғимаратта орнатылған бейнекамералардан таңғы 06:30-да жиналыс залының жоғары бөлігі құлағанын көруге болады. Бүліну аумағы 250 шаршы метр. Оқыс оқиға кезінде мектепте ешкім болмаған. Зардап шеккендер жоқ. Білім нысаны 2009 жылы пайдалануға берілген. Мұнда 1400 бала оқиды. Оқыс жәйт себептерін арнайы комиссия анықтайды.
Қарағандыда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында салынған №28 мектептің шатыры ағып, жертөлесін су басып қалған. Салдарынан ол оқуға жарамсыз деп танылды.
Көкшетауда 711 млн теңге бөлінген №14 мектеп 1 қыркүйекке дейін дайын болмай шықты. Оның шатыры жоқ, сымдары шығып тұрған күйінде қалған. Соған қарамастан білім басқармасы «уақытылы жаңарту» туралы бейнеролик жариялады.
Қостанай облысының Новонежинка ауылында үшінші қабаттағы қабырғаның бір бөлігі опырылып түсті. Оқиға 2024 жылғы 7 қыркүйекте болған, ешкім зардап шеккен жоқ.
Белгілі болғандай, мердігерлер өз жұмысын уақытылы жасамай, шатырын алып тастаған, ал ол жауған жаңбырға шыдас бермей, суға толып, қабырғасы құлап кеткен.
Ресми сараптамалар мектепті «апатты емес» деп көрсетсе де, балалар амбулаторияда және спортзалда оқуға мәжбүр. Бұл жөндеудің құны 448 млн теңгеден асып кеткен.
Алматы облысының Нұра ауылындағы мектеп үшінші жыл жабық тұр. Балалар әкімдікте, Мәдениет үйінде, тіпті дүкенде білім алуда. Жөндеуге 902 млн теңге бөлінгенімен, нәтиже жоқ.
Ұлттық жобалардың сапасы қайда?
«Жайлы мектеп» және «Келешек мектептері» ұлттық жобаларын іске асыру барысында да жүйелі кемшіліктер анықталды. Жоғарғы аудиторлық палата жетіспеген 520 млрд теңгені және 300 млрд теңгеден астам игерілмеген қаржыны тіркеді. Көп жағдайда құрылыс бекітілген жобалық-сметалық құжаттамасыз басталып кеткен. Сондықтан жобалау шығындары да өскен. Құрылыстың түпкілікті құны бастапқы есептен 35–52%-ға қымбаттаған.
2023 жылы жоспарланған 208 мектептің аз ғана бөлігі толық келісім алған. 2023 жылдың басынан бері сыбайлас жемқорлық қызметі білім беру саласында 15 млрд теңгеден астам шығын келтірген 229 қылмыстық іс қозғады. Оған қатысы бар 317 адамды әшкерелеп, 144-ін соттады.
Қаржы мониторингі агенттігі шамамен 10 млрд теңгенің желге ұшуына тосқауыл қойды. Мысалы, Астанадағы BINOM мектептерінің құрылысында да сметаны 3 млрд теңгеден астамға өсіру фактілері ашылды, бір мектеп 6,2 млрд теңгеге түскен. Мұның бәрі соңғы 10 жылда әлеуметтік шығындар үш есе, ал орта білімге жұмсалатын қаржы 3,5 есе өскен кезде болып отыр.
Келтірілген деректер ресми есеп пен шынайы ахуал арасындағы алшақтықты айқын көрсетеді. Кейбір өңірлер үшін активтерді қайтару мен жаңа мектептер салу маңызды қолдау болса, басқаларында бұл жүйелік тиімсіздіктің белгісіне айналған. Мемлекет заманауи цифрлық технологиясы бар мектептерді тұрғызғанымен, қасында кеңестік ғимараттар қирап, балалар бейімделмеген орындарда оқуға мәжбүр. Осылайша, бюджет пен тәркіленген активтерден бөлінген миллиардтар сапалы білім беру инфрақұрылымына тиімді жұмсалып жатқаны күмән тудырады.