📰 Сарапшылар пікірі

Құм мен тас бар, зауыт неге аз?

Құрылыс саласы бүгінде ел экономикасының ең белсенді және тұрақты дамып келе жатқан бағытына айналды. Мемлекеттік бағдарламалар, қалалардағы урбанизация үдерісі және тұрғын үйге деген сұраныстың көбеюі осы саланың өсімін қамтамасыз етіп отыр. Дегенмен, бұл серпін отандық құрылыс индустриясын қаншалықты көтере алды деген сұрақ әлі де өзекті. Көптеген компаниялар жобаларында шетелдік материалдарды пайдаланып келеді, деп жазады Ozgeris.info.

Қазір еліміздегі құрылыс нысандарында қолданылатын негізгі материалдардың бір бөлігі – цемент, арматура, шыны, сэндвич-панельдер, сантехника, есік пен терезе өнімдері – шетелден әкелінеді. Негізінен бұл тауарлар Қытай, Ресей, Түркия және Иран елдерінен жеткізіледі. Кей жағдайларда олардың бағасы төмен әрі сапасы нарық талабына сай келеді. Ал кей өнімдер Қазақстанда мүлде өндірілмейді немесе шығарылатын көлемі ішкі сұранысты толық қамтымайды.

Соңғы жылдары Үкімет отандық өндірісті қолдау үшін бірнеше нақты шара қабылдады. Мәселен, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылды, «Самұрық-Қазына» қоры импортты алмастыру саясатын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ құрылыс материалдарын өндіретін жаңа кәсіпорындарға жеңілдетілген несие мен субсидия беру тетіктері қарастырылған. Бұл бастамалар ішкі нарықта отандық үлесті арттыруды көздейді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Думан Мұхаметқалиевтің айтуынша, бүгінде елде шығарылатын құрылыс материалдары ұлттық стандарттар бойынша өндіріледі және олардың көбі еуропалық талаптарға сай келеді.

«Қазір отандық материалдар ұлттық стандарттармен шығарылады. Бұл стандарттар еуропалық нормалармен үйлестірілген. Әр өнімнің жанында EN белгісі қойылады, бұл оның сапа деңгейі халықаралық талаптарға сәйкес екенін білдіреді. Былтыр құрылыс материалдарының 66,7 пайызы отандық өнім болған. Ал биылғы жарты жылдық қорытынды бойынша бұл көрсеткіш 70 пайызға жеткен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, 2024 жылдың басынан бері құрылыс жұмыстарының көлемі 12,8 пайызға өсіп, 408 миллиард теңгеге жеткен. Оның ішінде тұрғын емес нысандар 35 пайыздан астам, тұрғын үйлер 10 пайыз шамасында. Жаңа нысандардың жалпы ауданы 2,4 миллион шаршы метрден асқан», деді ол.

Сонымен қатар тұрғын үй құрылысының көлемі өткен жылмен салыстырғанда аздап төмендеген. Биыл бұл көрсеткіш 1,9 миллион шаршы метрді құрады. Оның 1,2 миллионы көппәтерлі үйлер, ал 700 мың шаршы метрден астамы жеке тұрғын үйлерге тиесілі.

Министрліктің ресми дерегінше, өткен жылы құрылыс материалдарының ішкі нарықтағы жалпы көлемі шамамен 3,9 миллиард доллар болған. Импорт көлемі 1,3 миллиард долларды құрады.

«Өткен жылы отандық құрылыс материалдарының құны 1,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 6,9 пайызға артық», деді Думан Мұхаметқалиев.

Сала мамандарының пікірінше, бұл деректер құрылыс индустриясында отандық өндірістің біртіндеп күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен толық импорт алмастыруға қол жеткізу үшін уақыт пен жаңа өндірістік қуаттар қажет. Сарапшылар алдағы жылдары негізгі мақсат – сапалы, бәсекеге қабілетті отандық өнім шығару және құрылыс нарығында оның үлесін арттыру болуы тиіс деп санайды.

Құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар көбінесе шикізат көздерінің қасында орналасуды жөн көреді. Себебі өндіріс процесінде инертті материалдар – құм, қиыршықтас, әктас, әк және саз сияқты табиғи ресурстар кеңінен қолданылады. Бұл материалдардың бәрі Қазақстанда бар. Сондықтан өндіріс орындарын шикізат кен орындарының маңына орналастыру логикалық тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Екі жыл бұрын Үкімет отандық құрылыс материалдарының өндіріс үлесін 65 пайызға жеткізуді мақсат етіп қойған болатын. Алайда бұл межеге жету оңай емес. Өндіріс саласында шикізат тапшылығы, технологияның ескіруі және кәсіпорындардың қуатының төмендігі сияқты бірқатар кедергілер бар. Бұл мәселелер өндірістің қарқынын баяулатып отыр.

Құрылыс компанияларының ішінде BI Group пен Bazis-A сияқты ірі холдингтер өз жобаларында отандық өнімдерді шамамен 40-60 пайыз көлемінде қолданады. Орта және шағын компаниялар үшін баға басты фактор болып қала береді, сондықтан олар көбінесе арзан импорттық өнімді таңдайды. Мемлекеттік тапсырысқа қатысатын ұйымдар отандық материалды қолдануға міндетті, бірақ іс жүзінде бұл талап көбіне тек қағаз жүзінде орындалады.

Шетелден келетін кейбір материалдардың бағасы төмен әрі сапасы жоғары. Ал елімізде кейбір өнім түрлері мүлде өндірілмейді немесе өндіріс көлемі сұранысты толық өтей алмайды. Осыған байланысты шетелдік өнімге тәуелділік сақталып отыр.

«Отандық өнімдерді қолдану тек патриоттық сезім немесе мемлекеттік саясат тұрғысынан емес, экономикалық тұрғыдан да тиімді болуы тиіс. Егер отандық өндірушілер сапаны көтермесе және бағамен бәсекеге түспесе, шынайы сұраныс қалыптаспайды», деді «Айдын Япы Груп» құрылыс компаниясының инженері Марс Нәшірұлы.

Мемлекет бұл бағытта жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестициялық жобаларды іске қосуға күш салып отыр. Алайда сарапшылардың айтуынша, тек зауыт салу жеткіліксіз. Бизнес үшін қолайлы орта қалыптастыру, аймақтар арасындағы ынтымақтастықты күшейту және өнім өткізу тетіктерін дамыту да маңызды. Тек осы бағыттар толық орындалғанда ғана импортқа тәуелділікті азайтуға болады.

Марс Нәшірұлының пікірінше, кей отандық өнімдердің сапасына күмәнмен қарау дұрыс емес, басты мәселе – тұрақты жеткізілім мен сенімділік.

«Көптеген отандық өнімдер сапасыз деп айтуға болмайды. Бірақ кейде жеткізу процесі үзіліп қалады. Бұл жобаның мерзімін кешіктіреді. Сондықтан компаниялар тұрақты жеткізе алатын шетелдік серіктестерді таңдауға мәжбүр болады», деді ол.

Құрылыс компаниялары соңғы жылдары отандық өнімдерді көбірек пайдалануға тырысып келеді. Дегенмен бұл үрдіс баяу дамуда. Мемлекеттік қолдау мен ішкі өндірістің өсуіне қарамастан, импортқа тәуелділік әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Алдағы уақытта жағдайдың өзгеруі отандық кәсіпорындардың өндірістік қуатын арттыруына, өнім сапасын жақсартуына және мемлекеттік бақылаудың тиімділігіне байланысты болмақ.

Барлық жаңалық