Жаңалықтар

"Қолын байлап, көзсіз қалдырған": Астанада автожуу бекетінің қызметкері айуандықпен соққыға жығылды (ВИДЕО)

"Қолын байлап, көзсіз қалдырған": Астанада автожуу бекетінің қызметкері айуандықпен соққыға жығылды (ВИДЕО)

2026 жылдың 9 мамырында Астана қаласында жан түршігерлік оқиға орын алды. «Медина» автожуу бекетінің (Қоржын көшесі, 1Б/1) қызметкері жұмыс берушілер тарапынан аяусыз соққыға жығылған. Жәбірленушінің әйелі кінәлілерді жазалап, істі жоғары тұрған органдардың бақылауына алуды талап етіп отыр деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

Жәбірленушінің әйелінің айтуынша, 9 мамыр күні түнде жұмыстан келіп ұйықтауға қамданған күйеуін «шұғыл жағдай (ЧП) болды» деген желеумен жұмыс орнына қайта шақыртқан. Бекетке келген соң, автожуу орны иесінің ұлы Талғат оны Лебедев көшесі, 4 мекенжайында орналасқан «Алматы түні» бильярд клубына баруға көндірген.

«Демалыс кезінде басталған сөз қақтығысының соңы қанды оқиғаға ұласты. Күйеуімнің екі қолын байлап, қорғануға мұрша бермей, аяусыз соққыға жыққан. Ең сорақысы, мекеме әкімшісі бұл жауыздыққа куә бола тұра, ешқандай шара қолданбаған, полиция немесе жедел жәрдем шақырудың орнына жай ғана бақылап тұрған», — дейді жәбірленушінің әйелі.

Кейінірек автожуу бекетінің иесі жәбірленушінің әйеліне хабарласып, күйеуін алып кетуді бұйырған. Оқиға орнына жеткен әйел күйеуінің қанжоса болып жатқанын көреді. Оған медициналық көмек көрсетудің орнына, бекет иесі «полиция шақырамын» деп қорқытқан.

Әйелі дереу жедел жәрдем шақырып, күйеуін ауруханаға жатқызды. Сонымен қатар, ол бекетте болған кезде Талғаттың ағасы Жеңіс есімді азаматтың да күйеуіне қол жұмсағанын өз көзімен көргенін мәлімдеді.

Қазіргі уақытта жәбірленуші тарап бұл қылмыстық істің объективті түрде тергелуін және ҚР Ішкі істер министрлігі мен прокуратураның қатаң бақылауына алынуын сұрайды.

Барлық жаңалық