✅ Пайдалы

Қазақтар жылына екі-ақ күн ашылатын сарайға кіре алады

Қазақтар жылына екі-ақ күн ашылатын сарайға кіре алады

Қазақстандықтар жуырда Токиоға тікелей ұша бастайды. Бірақ бұл жаңалықтың ең қызық тұсы – жапон императорының қарапайым халыққа жылына небәрі екі рет қана ашылатын құпия сарайын көруге мүмкіндік туып отыр, деп жазады Ozgeris.info.

Бұған дейін бірнеше ел арқылы ұзақ ұшып, сағаттап транзит күтуге мәжбүр болған туристер енді Жапония астанасына жеті сағат шамасында тікелей жете алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Премьер-министр Олжас Бектенов Токио мен Нью-Йоркке тікелей рейстер қашан ашылатынын сұраған.

Көлік министрінің айтуынша, Токио бағыты бойынша рейстер 2026 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады. Ал Нью-Йоркке тікелей ұшу 2027 жылдың екінші тоқсанына жоспарланған.

Алайда жұрттың назарын ерекше аударғаны – дәл осы рейстердің Жапониядағы ең жабық орындардың біріне баруға мүмкіндік беруі. Әңгіме Токио Император сарайы туралы. Бұл – Жапония императоры тұратын тарихи кешен. Биік тас қабырғамен, ормен қоршалған сарай аумағы жыл бойы жабық тұрады. Туристер оның ішкі бөлігіне мүлде кіре алмайды.

Сарайдың қақпасы қарапайым халыққа тек екі күн ашылады. Біріншісі – 23 желтоқсан, Жапония императорының туған күні. Екіншісі – 2 қаңтар, императордың халыққа жаңа жылдық құттықтау жасайтын күні.

Дәл осы кезде мыңдаған адам сарай алдына жиналып, әдетте ешкім кіре алмайтын ішкі аумаққа өтеді. Туристер әйгілі Нидзюбаси көпірін, император резиденциясының жабық залдарын және күзетілетін тарихи аумақты өз көзімен көре алады.

Қазір әлеуметтік желілерде жапон мәдениетіне, аниме мен технологияға қызығатын жастар бұл жаңалықты қызу талқылап жатыр. Себебі Токио көпшілік үшін бұрын тек кинодан немесе анимеден көретін алыс әлем сияқты көрінетін. Ал енді ол жерге тікелей ұшып бару қолжетімді бола түспек.

 

Барлық жаңалық