💰 Экономика

Қазақстанға 3 миллион жаңа маман қажет: Еңбек нарығын қандай өзгерістер күтіп тұр?

Цифрлы заман, жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан уақытта еліміздің еңбек нарығы түбегейлі өзгерістер кезеңіне қадам басты. Елге алдағы жылдары 3 миллионға жуық маман қажет болады. Статистика бойынша, қазір нарыққа 7800-ден астам мамандық сұранысқа ие. Сондықтан цифрландыру мен демографиялық өзгерістерге еліміздің қаншалықты дайын екені маңызды сұрақ. Ozgeris.info тілшісі еңбек нарығына шолу жасайды. 

Қазір нарыққа 7800-ден астам мамандық керек. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, алдағы кезеңде елімізге шамамен 3 миллион маман қажет болады. Қызмет көрсету саласы аса өзекті. Одан кейінгі орындарда жүк тасымалдау және тауарларды тарату, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары тұр. Вице-министр Асқар Биахметовтің айтуынша, аталмыш деректер кәсіби стандарттарды әзірлеудің, білім беру бағдарламаларын қалыптастырудың, мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлудің және қайта даярлау жүйесін ұйымдастырудың негізіне айналуы тиіс. Себебі экономиканың цифрлануы мен демографиялық өзгерістер еңбек нарығын түбегейлі өзгертіп жатыр.

Сұранысқа ие мамандықтарға қарап, экономиканың қай саласы басымдыққа ие екенін көруге болады. Ашық вакансиялардың көпшілік бөлігі қызмет көрсету саласы, сауда, туризм, денсаулық сақтау және білім беру бағыттарын қамтиды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2024 жылы осы салада еңбекке жарамды халықтың шамамен 38%-ы, яғни 3,4 миллион адам жұмыс істеген. Жүк тасымалдау және тауарларды тарату саласы сұраныс жағынан екінші орында тұр.  Аталмыш салада еңбек күшінің 12%-ы немесе шамамен 1 070 000 адам жұмыспен қамтылған. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында жұмыс күші аз. Десе де, экономикалық өсімді қамтамасыз ететін негізгі секторлар ретінде қалып отыр. 2023 жылы өнеркәсіп секторы елдің ЖІӨ-нің 28%-ын, ал ауыл шаруашылығы 5%-ын құраған.

Цифрлық өзгерістер және жаңа мамандықтардың қалыптасуы

Қазіргі таңда елімізде технологиялық және цифрлық өзгерістерге байланысты жаңа мамандықтар пайда бола бастады. Атап айтсақ, әлеуметтік тьютор, дрон операторы, киберқауіпсіздік инженері, цифрлық бедел менеджері және жасанды интеллект мамандары белсенді дамып келеді. Биахметовтің айтуынша, еліміз аталмыш өзгерістерге кәсіби білім беру жүйесін реформалау арқылы бейімделіп жатыр. Қазіргі уақытта сұранысқа ие 7800 мамандықтың шамамен 4500-і кәсіби стандарттармен қамтылған. Бұл жалпы санның 58%-ын құрайды.

Экономиканың цифрлануы еңбек нарығына әсері зор. Сарапшылардың бағалауынша, 2030 жылға қарай қазіргі мамандықтардың 30%-ға дейін автоматтандырылуы мүмкін. Қазірдің өзінде оны байқауға болады. Мысалы, 2024 жылы цифрлық технологияларға салынған инвестиция көлемі 1,2 трлн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артқан. Яғни, ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік және деректерді талдау саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді.  Мәселен, киберқауіпсіздік инженері мамандығы 2024 жылы ең сұранысқа ие 10 мамандықтың қатарына кірген. Оған деген сұраныс 2023 жылмен салыстырғанда 22%-ға өсті. Жасанды интеллект саласындағы мамандарға да сұраныс 18%-ға артты.

Білім беру реформасы және цифрлық платформалар

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай келтіру бойынша жұмыстар жүргізуде. Бүгінде 11 000-нан астам білім беру бағдарламасы жаңартылды. Яғни, болашақта қажет мамандарды даярлауға кірісіп кетті. Сондай-ақ, кәсіби дағдылар туралы ақпаратты жинақтайтын және білім беру траекторияларын құруға көмектесетін «Цифрлық дағдылар банкі» сияқты цифрлық құралдар енгізіліп жатыр. Одан бөлек, министрлік кәсіби стандарттарды әзірлеу мен жаңартуда жасанды интеллектті пайдалануды жоспарлап отыр. Нәтижесінде, еңбек нарығындағы өзгерістерді жедел талдауға, күнделікті процестерді азайтуға және стандарттардың өзектілігін нақты уақыт режимінде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Азаматтарға мамандық таңдау мен дағдыларын дамытуда қолдау көрсету үшін министрлік бірнеше цифрлық платформаларды іске қосты. «Мансап компасы» сервисі пайдаланушыларға еңбек нарығындағы үрдістер мен сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат ұсынып, кәсіби бағдарлауға көмектеседі. Ал Skills Enbek платформасы қайта даярлау және біліктілікті арттыру бойынша 1300-ден астам курсқа қолжетімділік береді. Ведомствоның мәліметінше, бұл платформаны 811 000-нан астам адам қолданған. Яғни, онлайн-оқуға деген сұраныс жоғары. Сондай-ақ, студенттердің оқу тәжірибесін ұйымдастыруға арналған цифрлық жүйе енгізілді. Ол студенттер, жоғары оқу орындары мен жұмыс берушілер арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдетіп, құжат рәсімдеуді автоматтандырады және тәжірибеден өту процесінің тиімділігін арттырады.

2023 жылы жоғары оқу орындары мен колледждерге арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы 88 000 орынды құрады, оның 60%-ы техникалық және инженерлік мамандықтарға бағытталған. Яғниғ кадр тапшылығы 25%-ға жететін өнеркәсіп және құрылыс салаларының сұранысына сәйкес келеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығында заманауи агротехнологиялар бойынша мамандар жетіспейді. Себебі саланың цифрлану деңгейі төмен. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сәйкес, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тек 15%-ы цифрлық технологияларды пайдаланады.

2022 жылы іске қосылған Skills Enbek платформасын екі жыл ішінде 811 000-нан астам пайдаланушы қолданған. Олардың 65%-ы техникалық және цифрлық дағдылар бойынша курстардан өтті. Платформа бағдарламалау, деректерді талдау, жобаларды басқару және цифрлық маркетинг сияқты бағыттарда оқытуды ұсынады. Курстардың орташа ұзақтығы – 40 сағат. Ал «Мансап компасы» аталған кезеңде 250 000 пайдаланушыға мамандық таңдауына көмектескен.

Жасанды интеллектті кәсіби стандарттар әзірлеуге енгізу еңбек нарығындағы өзгерістерге жедел ден қоюға жаңа мүмкіндіктер ашады. Министрліктің болжамынша, 2027 жылға қарай кәсіби стандарттардың 80%-ға жуығы жасанды интеллект арқылы жаңартылып, оларды әзірлеу уақыты 6 айдан 2 аптаға дейін қысқарады. Мысалы, 2024 жылы Қазақстанда цифрлануға қатысты мамандықтар: дрон операторлары, блокчейн технологиялары бойынша мамандар үшін 300 жаңа стандарт әзірленді.

Демографиялық тренд және өңірлік теңсіздік

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2030 жылға қарай 15–29 жас аралығындағы жастардың үлесі халықтың 30%-ына жетеді. Салдарынан білім беру жүйесіне және еңбек нарығына қосымша жүктеме түсіреді, себебі жас мамандар бәсекеге қабілетті болу үшін заманауи дағдыларға мұқтаж. Сонымен қатар, ауылдық өңірлерде қарт халықтың саны басым, салдарынан аграрлық секторда еңбек күшінің тапшылығына әкеліп отыр. Аталмыш салада жұмыс істейтіндердің орташа жасы – 45 жас.

Осылайша, еңбек нарығы трансформация кезеңіне қадам басты. Қазіргі 7800 мамандыққа сұраныс және алдағы уақытта 3 миллион маманға қажеттілік кадр даярлау тәсілін өзгертуді талап етеді. Десе де, еліміз цифрландыру, кәсіби стандарттарды жасанды интеллект арқылы әзірлеу, білім беру бағдарламаларын жаңарту және түрлі цифрлық платформаларды іске қосу арқылы осы трансформацияны бастап кетті. Алайда еңбек нарығының талаптарына толық сай болу үшін кәсіби стандарттармен қамтуды кеңейту маңызды, сондай-ақ өңірлерде цифрлық ресурстардың қолжетімділігін арттыру және техникалық білімге инвестицияны жалғастыру қажет. Аталмыш шаралар Қазақстанға экономикалық және демографиялық өзгерістерге бейімделуге мүмкіндік береді. Одан бөлек еңбек нарығының тұрақты дамуын да қамтамасыз ете алады. 

Барлық жаңалық