Бұл рас па? Енді тіркеусіз адамдарға зейнетақы мен жәрдемақы берілмейді деген ақпарат шықты. Сондай-ақ, Қазақстанда екі жерде жұмыс істеуге шектеу қойылмақ. Сарапшылар бұл туралы не дейді? Заң мен Еңбек министрлігінің ұстанымы қандай? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты жалғастырады.
Ел азаматтары үшін бір уақытта екі немесе одан да көп жерде жұмыс істеу уақыт талабына айналған. Себебі соңғы бес жылда қымбатшылық қысып барады. Көптеген азаматтар лайықты өмір сүру үшін, отбасын асырау үшін, шығындарын жабу үшін қосымша табыс табуға мәжбүр. Алайда бұл туралы негізгі жұмыс берушіге айта бермейді. Неге дәл қазір аталған тақырып өзекті бола түсті? Себебі онлайн еңбек келісімшарттар базасы іске қосылып жатыр. Бұл база арқылы мемлекет азаматтардың барлық ресми еңбек қатынастарын көре алады. Мұндай өзгерістер халық арасында алаңдаушылық тудыра бастады, яғни, бірнеше жұмыс орындарын біріктіру мүмкіндігін шектеуге итермелейтін фактор болып көріне бастады.
Сонымен қатар, елімізде әлеуметтік төлемдер жүйесінде өзгерістер дайындалып жатыр. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген түзетулерге сәйкес, тұрақты тіркеуі жоқ азаматтарға енді әлеуметтік төлемдер есептелмейтін болады.
Тіркеу жоқ немесе шетелде тұруға құқық беретін құжаты бар азаматтар осы өзгеріс аясында шектеледі. Қазіргі таңда ведомство мәліметтері бойынша 100 мыңнан астам адам тұрақты тіркеусіз зейнетақы мен жәрдемақы алады. Сонымен қатар, толық мемлекеттік қамқорлықта жүргендерге, атап айтқанда, әлеуметтік мекемелерде немесе қоныс колониясында отырған азаматтарға да төлемдерді қысқарту жоспарланып отыр.
Онлайн еңбек келісімшарттар базасы
Жаңа жүйе қазірдің өзінде 5 миллионнан астам келісімшартты қамтып отыр, бұл елдегі жұмысшылардың шамамен 90 пайызын құрайды. Базада тек еңбек қатынастарының фактілері тіркеледі, яғни кім қайда ресми жұмысқа тұрғаны автоматты түрде анықталады. Ал жалақылар туралы ақпарат сақталмайды. Жобалаушылардың айтуынша, бұл жүйе бір азаматтың бірнеше негізгі жұмыс орындарына тіркелу жағдайларын анықтауға мүмкіндік береді.
Заңға сәйкес, азаматтың тек бір негізгі жұмыс орны болуы керек екен. Ал қалған қызметтер қосымша жұмыс немесе қосалқы қызмет ретінде рәсімделуі тиіс. Алайда, көптеген азаматтар бұл жаңалықты қосымша жұмысқа толық тыйым салудың бастамасы деп қабылдады. Қоғамда алаңдаушылық байқалып отыр. Мұндай шаралар азаматтардың құқықтарын шектеуі мүмкін және жұмыс берушілер мен қызметкерлерді «күрделі, бейресми» еңбек қатынастарына итермелеуі ықтимал.
«Бұл әр адамның азаматтық құқығы. Қайда жұмыс істегісі келсе де өз еркітері, ең бастысы өзінің жағдайына қарай. Үлгеріп жатса, неге шектеу керек? Керісінше, көбірек жұмыс істеген сайын, салық та көбейеді. Бұл әлемдегі қалыпты тәжірибе, қазір көпшілік үйде отырып бірнеше жұмысты атқара береді», - дейді заңгер Гүляим Антаева.
Сарапшылар заңгердің сөзімен келіседі. Айтуларынша, мемлекеттің мойнына жүк артпай, өз күнін өзі көріп жүр. Бұл расымен де, жақсы тәжірибе.
Қосалқы жұмыс туралы заңның мәні
«Құқығыңды біл» Telegram-арнасының авторы, заңгер Надежда Гельдт қазіргі заңнамада қосалқы жұмыс істеу мүмкіндігі нақты қарастырылғанын атап өтті.
«Қосалқы жұмыс – бұл қызметкердің негізгі жұмыс уақытынан тыс уақытта басқа тұрақты жалақыға ие жұмысты еңбек шарты бойынша орындауы», – деп атап көрсетеді ол.
Қосалқы жұмыстың негізгі белгілері мыналар:
-міндетті түрде еңбек шарты жасалады, -жұмыс негізгі жұмыстан тыс уақытқа орындалады,
-ақы тұрақты негізде төленеді.
Шартта бұл қызметтің қосалқы жұмыс екені нақты көрсетілуі тиіс. Шарт жасалған соң, жұмыс беруші қабылдау туралы бұйрық шығарады.
Бірқатар шектеулер де бар. 18 жасқа толмағандар және зиянды немесе қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істейтіндер қосалқы жұмысқа алынбайды, тек медициналық қызметкерлерді қоспағанда.
Құжаттар мен жұмыс уақытын шектеу
Басқа жұмыс берушімен қосалқы жұмысқа келісім жасау үшін стандартты құжаттар пакетімен қатар, негізгі жұмыс орны бойынша еңбек жағдайлары мен сипаттамасын көрсететін анықтама талап етіледі. Заң бойынша, қосалқы жұмыстағы күнделікті жұмыс ұзақтығының жиынтық мөлшері 12 сағаттан аспауы тиіс. Яғни, егер негізгі жұмыста қызметкер 8 сағаттық жұмыс күнін өтейтін болса, қосымша жұмыс орны бойынша ол тек 4 сағат жұмыс істей алады.
Демалыс, ауру демалысы және еңбек келісімін тоқтату
Заңгер атап көрсеткендей, қосалқы жұмысшыларға еңбек кодексінің барлық кепілдіктері толықтай қолданылуы тиіс.
«Қосалқы жұмыстағы қызметкерге еңбек кодексінің демалыс және ауру демалысы төлемі туралы ережелері толықтай қолданылады. Ауру демалысы әрбір еңбек шарты бойынша есептеледі, жыл сайынғы еңбек демалысы негізгі жұмыс орнындағы демалыспен бір мезгілде берілуі тиіс», – дейді Надежда Гельдт.
Сонымен қатар, еңбек шарты тоқтатылған жағдайда қызметкерге пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төленеді. Және егер жұмыс беруші қосалқы жұмысшыларды ресми түрде еңбек шартына отырғызудан бас тартса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Қосалқы жұмыс пен қызметті біріктірудің арасындағы айырмашылық
Эксперт көптеген адамдар қосалқы жұмыс пен қызметті біріктіруді шатастыратынын атап өтті. Қосалқы жұмыс бөлек еңбек шарты арқылы рәсімделеді және қызметкер басқа ұйымда немесе басқа лауазымда жұмыс істейді, тіпті қысқартылған режимде болса да. Ал қызметті біріктіру сол жұмыс берушіде жүзеге асады: қызметкер негізгі жұмыспен қатар қосымша міндет атқарады, бірақ бөлек еңбек шарты жасалмайды.
Мұндай жағдайда негізгі еңбек шартына қосымша келісім жасалып, қосымша жүктеме үшін қызметкер негізгі жалақыға үстеме ақы алады, бөлек төлем болмайды.
Еңбек министрлігінің ұстанымы
Әлеуметтік желіде екі немесе үш жерде жұмыс жасауға толық тыйым салынуы мүмкін деген ақпарат шыққаннан кейін, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова ресми түсініктеме берді. Журналистер министрге:
«Қазақстан азаматтарына бірнеше жерде жұмыс істеуіне тыйым салынуы мүмкін бе және билік оны қалай бақыламақ?» – деген сұрақ қойды.
Министр бұл сұраққа нақты жауап берді:
«Жоқ, әрине, тыйым салынбайды, сіздер не айтып отырсыздар? Еңбек адамы әрдайым бағаланады, егер адам еңбек етуге тырысса бұл керісінше, өте жақсы», – деді Светлана Жақыпова.
Министрдің сөзі қоғамның алаңдаушылығын сейілткен сияқты. Яғни, мемлекет азаматтарды қосымша жұмыс істеу құқығынан айыруды жоспарлап отырған жоқ, тек келісімшарттарды дұрыс рәсімдеуді бақылау көзделген.
Осылайша, Қазақстанда екі немесе одан да көп жерде жұмыс істеуге рұқсат берілген, десе де, заң нормаларын қатаң сақтау қажет. Әрбір қызметкердің тек бір негізгі жұмыс орны болуы керек, ал қалған қызметтер қосалқы жұмыс ретінде рәсімделеді, күнделікті жұмыс уақытының жиынтық мөлшері 12 сағаттан аспауы тиіс. Қосалқы жұмысшылар демалысқа және ауру демалысын алуға құқылы, жұмыс берушілер олармен ресми келісімшарттар жасасуға міндетті. Ал бір жұмыс берушіде қызметті біріктіру қосымша келісім арқылы рәсімделеді және қосымша жүктеме үшін төленетін үстеме ақы беріледі.
Онлайн еңбек биржасы базасы осы ережелердің сақталуын бақылауға мүмкіндік береді, бірақ қосымша жұмысқа тыйым салу жоспарланбаған. Еңбек министрі атап өткендей, адамның еңбек етуге деген талпынысы мен құлшынысы тек қана құпталады және қолдау табады.