Еліміздің экономикасына мұнай – әрі бақ, әрі сор. Бір жағынан, «қара алтын» бюджетті толтырып, елдің дамуына серпін берсе, екінші жағынан, бізді сыртқы нарыққа тым тәуелді етіп қойды. Бүгінде еліміз экспортының 50 пайызы әлі де мұнайға байланған. Бұл дегеніміз мұнай бағасы әлемде сәл құбылса, біздің төл теңгеміз бен мемлекеттік бюджетіміз де солай тербеледі деген сөз, деп жазады Ozgeris.info.
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тлеулеева алдағы 10 жылда елдің шикізатқа тәуелділігін төмендету үшін басымдық беруге тұрарлық бес саланы атады. Оның айтуынша, біздің басты қателігіміз тек шикізат сатумен шектелуімізде. Ендігі мақсат мұнай мен бидайды жай ғана шекара асыру емес, ел ішінде өнім жасап, оның құнын бірнеше есе арттыру.
1. Шикізат емес, дайын өнім сату
Экономикада «голланд ауруы» (Dutch disease) деген термин бар. Бұл – шикізаттан ақша ағылып келгенде, мемлекеттің өзге өндіріс салаларын дамытуға зауқы болмай, жалқауланып қалуы. Қазақстан дәл осы кезеңді бастан кешуде. Саида Тлеулееваның айтуынша, балама жол мұнайдан біржола бас тарту емес, оның өңдеу тізбегін ел ішінде қалдыру.
«Мұнай табысы жоғары болған кезде өңдеу өнеркәсібін және шикізаттық емес экспортты дамытуға деген ынта төмендейді. Бұл – валюта ағыны бағамды нығайтып, ішкі өндірістің бәсекеге қабілеттілігін төмендететін классикалық «голланд ауруының» әсері. Мұнайға балама бөлек бір сала табу емес, өсу моделін өзгерту: шикізат экспортынан ел ішінде қосымша құн жасауға көшу керек», деп түсіндіреді сарапшы.
Мұнай-химия саласын дамыту мұнайдың құнын 2-3 есеге арттырады. Шикі мұнайды емес, одан жасалған полиэтиленді немесе пластикті сату әлдеқайда тиімді. Егер өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ-дегі үлесін қазіргі 13 пайыздан 20 пайызға жеткізсек, өңделген өнім экспортын 20 миллиард доллардан асыруға мүмкіндік туады. Бұл – ел қазынасына түсетін таза пайда.
2. Еуразияның «алтын көпірі»
Еліміздің географиялық орналасуы – біздің ең үлкен капиталымыз. Еуропа мен Қытайды жалғап тұрған Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Middle Corridor) қазірдің өзінде екі таңбалы өсім көрсетіп отыр. Әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты Ресей арқылы өтетін жолдарға балама ретінде біздің маршрутқа сұраныс артты.
«Транскаспий бағытының дамуы тасымал көлемінің күрт өсуімен қатар жүріп жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оның өткізу қабілеті 5 млн тоннаға жуықтады, ал алдағы жоспар – оны 10 млн тоннаға дейін кеңейту. Жеткілікті инвестиция құйылса, бұл маршрут елге валюта әкелетін тұрақты табыс көзіне айналады», дейді Саида Тлеулеева.
Логистиканы дамыту тек жол салу емес, заманауи қоймалар, терминалдар мен кедендік қызметтердің деңгейін көтеру. Бұл сала мұнай бағасына тәуелсіз, тұрақты валюта ағынын қамтамасыз етеді.

3. Бидай емес, макарон экспорттау
Қазақстанда жер ресурстары орасан зор, ал көршілес Қытай, Азия мен Таяу Шығыс елдері сапалы азық-түлікке мұқтаж. Бірақ біз әлі күнге дейін бидайды шикі күйінде сатып, кейін сол бидайдан жасалған макаронды сырттан қымбатқа сатып алып жүрміз.
Сарапшының айтуынша, агросектор шикізаттық экспорттан жоғары қосылған құны бар өнімдерге көшуі тиіс. Бидай емес ұн немесе кондитерлік өнімдер, тірі мал емес терең өңделген ет өнімдерін сату экономиканы мүлдем басқа деңгейге шығарады. Бұл тек табыс қана емес, ауылдағы ағайын үшін мыңдаған тұрақты жұмыс орнын ашу деген сөз.
4.Өз техникамыз өзімізде
Біз мұнай мен газ қазамыз, бірақ оған керек бұрғылау қондырғылары мен техниканың бәрін шетелден миллиардтаған долларға сатып аламыз. Осылайша, мұнайдан тапқан ақшамыз техника сатып алу үшін қайтадан сыртқа кетіп жатыр.
«Тіпті 15-20 пайыз деңгейіндегі өндірісті ел ішінде орналастыру (локализация) үлкен мультипликативті нәтиже бере алады. Жұмыс орындары көбейеді, іргелес салалар дамиды және салық түсімі артады. Алайда бұл үшін ұзақ мерзімді тапсырыстар, мемлекеттің басты тапсырыс беруші ретінде қатысуы және жаңа технологияларға қолжетімділік қажет», деп түсіндіреді қаржыгер.
Егер біз мұнай компанияларына қажетті құрал-сайманның ең құрығанда бестен бірін өзімізде жасасақ, бұл ел ішіндегі жүздеген шағын және орта бизнестің аяққа тұруына септігін тигізеді.
5. Мұнай-газ сервисі және технологиялар
Бұл сала машина жасаумен тығыз байланысты. Мұнай кен орындарына қызмет көрсететін отандық компанияларды қолдау бюджетте ақшаның қалуына кепілдік береді. Бұл жерде тек техникалық жөндеу емес, IT шешімдері, кен орындарының цифрлық карталары мен бұрғылаудың жаңа технологияларын дамыту басымдыққа ие болуы тиіс. Бізде білімді инженерлер мен IT мамандары жеткілікті, тек соларға мүмкіндік беру керек.
Түйін: Марафонға дайынбыз ба?
Саида Тлеулееваның айтуынша, мұнай әлі де ұзақ уақыт бойы экономиканың тірегі болып қала береді. Шикізатқа тәуелділікті төмендету бұл 3-5 жылдың шаруасы емес, кемі 10-15 жылды талап ететін стратегиялық марафон.
«Мұнай әлі де экономиканың негізі болып қала береді. Шикізатқа тәуелділікті азайту – бұл 3-5 жыл емес, кем дегенде 10-15 жылдың жоспары. Алдағы жылдары жаңа салаларды іске қосуға болады, бірақ оның жүйелі нәтижесі тек ұзақ мерзімді перспективада байқалады», деп түйіндеді ол.
Қорыта айтқанда, Қазақстанның алдында екі жол тұр: не мұнай бағасына телміріп отыра беру, не бүгіннен бастап өндірістік қуатты арттырып, нағыз «өндіруші елге» айналу. Сарапшы ұсынған бес бағыт – осы жолдағы ең басты бағдаршам. Егер біз бұл мүмкіндікті жіберіп алсақ, келесі онжылдықта әлемдік нарықтағы орнымыз бұлыңғыр болып қалуы мүмкін.