Қоғам

Қазақстанда көп әйел алуды заңмен реттеу қажет - депутат

Қазақстанда көп әйел алуды заңмен реттеу қажет - депутат

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан журналист Ербол Сейілханның YouTube желісіндегі арнасына берген сұқбатында елімізде көп әйел алуды заңдастыру керегін айтты.

Сұқбат барысында Абзал Құспан көп әйел алу мәселесіне қатысты пікір білдірді. Ол екі әйел алуға қарсы екенін бірден кесіп айтты, бірақ оның жеке ұстанымы басқалардың көп әйел алуына кедергі емес екенін атап өтті.

Абзал Құспан Қазақстанда заң бойынша көп әйел алуға тыйым салынғанымен, оған ешқандай жауапкершілік қарастырылмағанын атап өтті. Оның айтуынша, елде ауқатты адамдардың көбінің бірнеше әйелі бар, тіпті кейбірі бес әйелге дейін алған.

Құспанның айтуынша, бұл мәселеге қатысты қазіргі жағдай ерлердің көп әйел алуына еш кедергі келтірмейтіндіктен, оны заңмен реттеу қажет.

"Оны заңдастыру қажет. Әуелі оны қоғам талқысына салу керек. Әрі қарай, біз – заңгерлер механизмін, жүйесін келтіріп, шығарамыз. Өйткені " құқықтық нигилизм" деген нәрсе бар. Заң орындалмаса ол қолжаулық болады. Заңдағы осы тыйымды ешбір адам Қазақстанда сақтап жатқан жоқ. Заңның осы нормасы қолжаулық болмағанда несі қалды?" - дейді депутат.

Абзал Құспанның ойынша, елде тоқал құқықы қорғалмаған.

"Әйел құқығын шынайы қорғайтын болсақ, тоқал құқықтық тұрғыдан қорғалмаған. Алимент ала алмайды, "дүние алып бер, баламды асырайтын жағдай жасап бер" деп заңды түрде талап ете алмайды. Ең болмағанда осы себеппен ол заңдастыруды қажет етеді. Әңгіме тек рұқсат етумен шешілмейді ғой. Ол жерде оның құқықтық міндеттері де қатар жүреді. Бұл жерде мені тоқал алушылардың қатарында қоспауды сұраймын. Заңгер ретінде пікірімді айтып отырмын", - деді Абзал Құспан.

Барлық жаңалық