Семіздіктің алдын алатын уақыт келді. Бұл туралы сарапшылар дабыл қағуда. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен еліміздің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының мәліметінше, еліміздегі 6–9 жастағы балалардың шамамен 21 пайызы артық салмаққа ие. Олар пайдалы тағамнан гөрі чипсы мен фастфудты күнделікті рационына енгізіп алған. Әлеуметтік желі дамыған сайын, балалардың қозғалысы шектеліп барады, бұрынғыдай үйдің алаңында ойнаудан қалған. Балаларға дұрыс әрі пайдалы тамақтану әдетін кішкентайынан қалай дарытуға болады? Ozgeris.info тілшісі медицина магистрі, педиатр маман Нұржамал Әубәкіровамен сұқбаттасты.

Қазақстанда семіздікке шалдыққан балалардың саны өсіп келеді. Сарапшылардың пікірінше, бұл проблема эпидемияға айналуы мүмкін. Халықаралық және ұлттық ұйымдардың мәліметіне қарағанда, елімізде 6–9 жас аралығындағы балалардың 21 пайызының артық салмағы бар. Әлемдік тенденция да жағымсыз. 2000 жылдан бері семіздікке шалдыққан балалардың үлесі үш есеге артқан. Бүгінде 5–19 жас аралығындағы 390 миллионнан астам бала мен жасөспірім артық салмақтан зардап шегуде.
Балада артық салмақтың алғашқы белгілерін қалай тануға болады?
«Ең алдымен, әрине, салмақты бақылау. Егер ата-ана баласының салмақ қосып жатқанын, денесінде созылмалы жолақтар пайда болғанын байқаса, бұл артық салмақтың белгісі. Қазір баланың салмағын қадағалауға көмектесетін қосымшалар бар. Онда баланың деректерін тіркеп, мысалы, бүгінгі күнді, салмағы мен бойын жазады, одан кейін пайыздық көрсеткіш шығады. Салмақ 3–97% аралығында болуы керек. Егер көрсеткіш бұдан жоғары болса, бұл артық салмақ бар деген сөз» – дейді маман.

Өмір салты мен тамақтану әдетінің өзгеруі семіздікке әкелуде. Тамақты аз жеу, теледидар мен гаджет қарап отырып тамақтану, фастфудтар, тәтті тағамдар мен құрамында қант, тұз бен зиянды майлар көп ультраөңделген өнімдерді жеу балалардың әдетіне айналған.
«Баланың рационында бәрі болуы керек. Кез келген көкөністер, жемістер, көкшөптер, дәнді дақылдар, ет, бұршақ тұқымдастар, қышқыл сүт өнімдері, балық, кептірілген жемістер, жаңғақтар. Ең бастысы – сау әрі теңгерімді ас қағидатын ұстану. Оны біз «дұрыс тамақтану тәрелкесі» дейміз. Мұндай ас құрамында ақуыз болуы тиіс, яғни ет өнімдері; сондай-ақ майлар да болуы керек, май көзі ретінде жаңғақ пен өсімдік майын пайдалануға болады; көмірсуларға дәнді дақылдар, күріш, қарақұмық, жүгері және тағы басқалар. Қазір осындай өнімдер өте көп. Тәрелкенің келесі бөлігі дәрумендер мен микроэлементтерге бай болуы тиіс. Олар көкөністерде, жеміс-жидектер мен көкшөпте бар. Әрбір тамақтану кезінде осындай тәрелке ұсынылуы керек» – дейді педиатр.
Сарапшылар өте тиімді әрі пайдалы әдісті ұсынып отыр. Ол 80/20 қағидасы. Яғни, баланың ас мәзірінің 80 пайызы сапалы әрі пайдалы өнімдерден тұруы тиіс. Оған көкөніс, жеміс-жидек, тұтас дәнді дақылдар, ақуыздар, сүт өнімдері жатады. Ал қалған 20 пайызын арасында тәттілерге немесе фастфудқа қалдыруға болады.
«Бұл қағидат қауіпсіз әрі тиімді. Оны үш жастан бастап қолдануға болады. Яғни, балаға толық тыйым жоқ дегенді білдіреді. Бала бәрін жей алады, бірақ белгілі мөлшерін сақтау керек. Бұл – ақылға қонымды және орынды тәсіл» – дейді маман.
Баланың денсаулығын қалыптастыратын факторлардың бірі – қозғалыс белсенділігі. Бүгінгі балалардың көпшілігі күнінің көп бөлігін интернетте, компьютерлермен және смартфондармен өткізеді. Ұйқы мен демалу режимі, көру және қалып бұзылады, қозғалыс белсенділігі дерлік жоқ. Сарапшының пікірінше, әдеттердің басым бөлігі отбасында қалыптасады, сондықтан семіздіктің алдын алуда ата-аналар негізгі рөл атқарады.
«Әр ата-ана өзі үлгі болуы керек. Егер бала ата-анасының гаджетке телмірмей, спортпен белсенді айналысып жүргенін көрсе, ол да сондай қағидатты ұстанады. Баламен сөйлесу керек, қызығушылығын сұрақтар қою арқылы ояту маңызды. Мысалы, баладан оған не ұнайтынын, қандай спорт түрлерін білетінін сұрау арқылы соған бейімдей алады» – дейді дәрігер.
Бала кезде семіздікке шалдығу ертең денсаулыққа елеулі зардап әкелуі мүмкін. Ол бойдың өсуіне, жыныстық жетілуге, репродуктивті жүйенің қалыптасуына кері әсер етеді. Қыз балаларда бұл ерте етеккірдің басталуымен және циклдің бұзылуымен білінсе, ұл балаларда жыныс мүшелерінің дамуы баяулауы ықтимал. Болашақта мұндай мәселелер бедеулікке алып келуі мүмкін.
Семіздікпен күрес мемлекеттік деңгейде шешіліп жатыр. Мектепте тамақтанудың жаңа стандарты әзірленді. Ол 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап елдің барлық білім беру ұйымында күшіне енді. Стандарттың негізгі мақсаты — оқушылардың денсаулығын және пайдалы тамақпен қамтамасыз ету. Бұл үшін ас мәзіріндегі қант, тұз және қайта өңделген өнімдердің үлесі азайтылады, ал көкөніс, жеміс-жидек, ақуыз және сүттің үлесі арттырылды.
Министр де елдегі ахуалға алаңдаулы екенін жеткізген.
"Өкінішке қарай соңғы жылдары біз балалардағы семіздік, II типті қант диабеті, жүрек-қан тамырлары аурулары, тісжегі және аллергия жағдайларының өсуін байқадық. Бұл көбінесе теңгерімсіз және зиянды диетаға байланысты", - деп жазды Ақмарал Әлназарова.
Педиатр маманның пікірінше, мектептегі тамақтану балалардың дұрыс әдет қалыптастыруында үлкен рөл атқарады.
«Мектептегі тамақтану маңызды рөл атқарады. Бала мектепте аз уақыт өткізбейді, сондықтан оның мектепте де жеткілікті мөлшерде пайдалы тағам алуы маңызды. Мектептегі ас мәзірінде де пайдалы әрі теңгерімді ас қағидаты сақталуы тиіс. Мектепте тәттілер мен снэктердің қолжетімді болмауы, тіпті мүлдем болмауы қажет. Сондай-ақ әр мектепте ауызсу қолжетімді болса дейміз. Балалардың сусыз қалмауы маңызды» – дейді педиатр.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, артық салмақ пен семіздік дүниежүзіндегі көкейкесті мәселеге айналып барады. Бұрын бұл дамыған елдердің ғана проблемасы болса, қазір семіздіктің географиялық аумағы кеңейіп жатыр. Ұйымның мәліметінше, қазір дамушы елдердегі артық салмағы бар балалар санының өсу қарқыны дамыған елдермен салыстырғанда 30 пайызға жоғары.
«Эпидемияға айналу қаупі бар ма? Иә, бар. Қазір тағамдардың түрлері көп, әрі олар қолжетімді. Кез келген бала қалағанын сатып ала алады. Сондықтан, иә, бұл дабыл қағатын жағдай. Қазір біз ата-аналармен қарқынды жұмыс жасап жатырмыз, дұрыс тамақтану бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Мектептер де бақылауға алынғаны қуантарлық жағдай. Бұл сұрақ бойынша барлық мамандар белсенді айналысып жатыр», - деп түйіндеді маман.