💰 Экономика

Қазақстан қаржы нарығын қандай кезең күтіп тұр?

Қазақстан қаржы нарығын қандай кезең күтіп тұр?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) жариялаған қаржы нарығына қатысушылардың кезекті сауалнамасы ел экономикасының алдағы кезеңіне қатысты бірқатар маңызды үрдісті аңғартты, деп жазады Ozgeris.info.

Зерттеуге банк, сақтандыру және брокерлік ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ кәсіби талдаушылар қатысып, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша өз болжамдарын ұсынған. Сарапшылардың пікірінше, ел экономикасы инфляциялық қысымның күшеюі, қатаң ақша-несие саясатының ұзақ уақыт сақталуы және қаржылық шарттардың біртіндеп қатайуы секілді факторлардың ықпалында дамуы ықтимал.

Ақпан айында айлық инфляция 1,0 пайыздан 1,1 пайызға дейін жеделдеуі Ұлттық банктің шешімдеріне тікелей әсер етпек. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің 82 пайызы 6 наурыздағы отырыста базалық мөлшерлеме 18,0 пайыз деңгейінде өзгеріссіз қалады деп есептейді, ал қалған бөлігі оның одан әрі өсу ықтималдығын жоққа шығармайды. Инфляциялық қысымның күшеюіне байланысты сарапшылар бір жылдан кейінгі базалық мөлшерлеме бойынша күтілімдерін де қайта қарап, бұрынғы 16,25 пайыздық болжамды 16,75 пайызға дейін көтерген. Бұл жағдай реттеуші тарапынан қатаң ақша-несие саясаты ұзақ уақыт сақталуы мүмкін екенін көрсетеді.

Сауалнама нәтижелері экономикадағы негізгі теңгерімдердің күрделі жағдайда қалыптасып отырғанын байқатады. Бір жағынан, инфляция жоғары деңгейде сақталып отыр. Сарапшылардың бағалауынша, бір жылдық горизонтта баға өсімі 11,4 пайыз шамасында қалыптасуы ықтимал. Бұл екітаңбалы инфляция тәуекелі әлі де сақталып отырғанын білдіреді. Осындай жағдайда қаржылық шарттарды жұмсарту қиын, керісінше қатаң саясаттың жалғасуы заңды құбылыс саналады. Инфляция жоғары болғанымен, нақты пайыздық мөлшерлеме белгілі бір деңгейде төмендеуі мүмкін. Қазір шамамен 6,3 пайыз деңгейінде тұрған нақты ставка бір жылдан кейін 5,35 пайызға дейін түсу ықтималдығы айтылып отыр. Мұндай үрдіс экономикалық белсенділікке де әсер етпей қоймайды. Қатаң ақша-несие саясаты, макропруденциялық реттеудің күшеюі және бюджеттік ынталандырудың біртіндеп қысқаруы экономикалық өсім қарқынын баяулатуы мүмкін. Осыған байланысты сарапшылар бір жылдан кейін Қазақстан экономикасының өсімі 4,8 пайыз деңгейінде болады деп күтеді. Бұл көрсеткіш ақпан айында болжанған 5,0 пайыздық өсімнен сәл төмен. Демек, экономикада «қызу өсім» кезеңінен гөрі, тұрақтылық пен сақтық басым болатын кезең басталуы ықтимал.

Қаржы нарығындағы тағы бір маңызды индикатор – ұлттық валютаның бағамы. Соңғы айларда теңге позициясының салыстырмалы түрде нығаюы байқалады. Сарапшылар бұл үрдіс жетінші ай қатарынан жалғасып отырғанын атап өтеді. Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, жоғары базалық мөлшерлеме теңгедегі қаржы құралдарының тартымдылығын арттырды. Екіншіден, Ұлттық банктің валюталық операциялары ішкі нарықтағы тұрақтылықты белгілі бір деңгейде сақтауға мүмкіндік берді. Үшіншіден, шетелдік инвесторлардың қазақстандық мемлекеттік құнды қағаздарға қызығушылығы артып отыр. Осы факторлардың ықпалымен бір айлық болжам бойынша доллар бағамы 508,2 теңге деңгейінде қалыптасуы мүмкін. Бұған дейін бұл көрсеткіш 509,6 теңге деп бағаланған еді. Ал бір жылдық перспективада доллардың орташа бағасы 542,1 теңге шамасында болады деген болжам жасалып отыр. Бұған дейінгі есепте бұл көрсеткіш 544,7 теңге деңгейінде болған. Яғни сарапшылар ұлттық валютаның орта мерзімді перспективада айтарлықтай әлсіреуін күтпейді, бірақ белгілі бір девальвациялық қысым сақталуы мүмкін екенін де жоққа шығармайды.

Экономикалық болжамдарға сыртқы факторлар да елеулі ықпал етеді. Әсіресе мұнай нарығындағы жағдай Қазақстан экономикасы үшін шешуші рөл атқарады. Соңғы бағалауларға сәйкес, әлемдік мұнай нарығына қатысты күтулер айтарлықтай өзгерген. Бұған Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер себеп. Сарапшылардың пікірінше, өңірдегі әскери қақтығыстардың кеңеюі мұнай жеткізілімінде іркіліс болуы мүмкін деген қауіп туғызды. Бұл фактор ОПЕК+ елдерінің ұсынысты арттыру жөніндегі жоспарынан да басым түсіп отыр. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бір жылдан кейінгі орташа бағасы бойынша болжам айтарлықтай көтерілді. Бұған дейін барреліне 61,8 доллар болады деп есептелсе, енді бұл көрсеткіш 71,5 долларға дейін қайта қаралды. Мұнай бағасының мұндай өсімі Қазақстан үшін екіжақты әсер беруі мүмкін. Бір жағынан, экспорттық табыс пен бюджет кірісі артады. Екінші жағынан, әлемдік инфляцияның күшеюі ішкі нарықтағы баға қысымын да күшейтуі ықтимал.

Алдағы кезеңге қатысты жалпы көрініс Қазақстан экономикасы үшін салыстырмалы түрде күрделі, бірақ басқарылатын кезең болатынын аңғартады. Инфляциялық қысымның сақталуы Ұлттық банкті қатаң саясат ұстануға мәжбүрлейді. Бұл өз кезегінде экономикалық белсенділікті белгілі бір деңгейде тежейді. Алайда мұнай бағасының өсуі, ұлттық валютаның салыстырмалы тұрақтылығы және қаржы нарығына шетелдік капиталдың қызығушылығы экономиканың сыртқы тұрақтылығын қолдайтын факторлар саналады. Сарапшылардың болжамы бойынша, Қазақстан экономикасы алдағы уақытта жоғары өсім кезеңінен гөрі теңгерімді даму кезеңіне аяқ басуы ықтимал. Мұндай жағдайда экономикалық саясаттың басты міндеті инфляцияны біртіндеп төмендету, қаржы нарығындағы сенімді сақтау және экономикалық өсімнің сапасын арттыру болмақ.

Барлық жаңалық