Бүгінде әлемдік азық-түлік жүйесі бетпе-бет келіп отырған сын-қатерлерге байланыстыхалықаралық сауданың маңызы арта түсуде. Өнім өндіру ғана жеткіліксіз, геосаяси ахуал шиеленіскен қазіргі жағдайда тауарды межелі жерге уақтылы жеткізу одан да маңызды, деп жазады Ozgeris.info.
ЭЫДҰ мен FАО болжамына сәйкес, 2034 жылға қарай әлемде өндірілетін азық-түлік өнімдерінің төрттен біріне жуығы бір елде өндіріліп, басқа елде тұтынылады. Қазақстанның географиялық орналасуы экономикалық артықшылыққа айналып отыр.
Еуразиядағы ірі нарықтар арасында орналасуы еліміздің аграрлық секторына Орталық Азия, Қытай, Кавказ, Таяу Шығыс және басқа да нарықтарға шығуға мүмкіндік береді. Қазақстан өнім өндіріп қана қоймай, нарықтарды өзара байланыстыруда да маңызды рөлге ие. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі ауыл шаруашылығының жалпы өндіріс көлемі $18,2млрд-тан асып, шамамен 6%-ға өсті.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 25,9 млн тонна астық жинады, оның 19,3 млн тоннасы – бидай. Бұл ретте өсімдік шаруашылығының құрылымы біртіндеп әртараптандырылып келеді. Бидай алқаптарының көлемі қысқарып, оның орнына майлы дақылдар, жүгері және басқа да дақылдар егіледі. Өндірілетін дақылдар түрін кеңейту арқылы Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне қажетті шикізат базасын қалыптастырып отыр.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында сөйлеген сөзінде жаһандық азық-түлік тапшылығымен күресу үшін еліміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін пайдалануға бейілді екенін, сондай-ақ Қазақстанның астық пен әлеуметтік маңызы бар басқа да азық-түлік тауарларын сенімді жеткізуші ретінде әрекет етуге дайын екенін атап өтті.