2025 жылдың алғашқы жеті айында Қазақстан экономикасы айтарлықтай қарқынмен өсіп келеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, қаңтар-шілде айларында ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) 6,3%-ға артты. Бұл – кейінгі 14 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, деп жазады Ozgeris.info.
Экономикалық серпінді қамтамасыз еткен негізгі салалардың бірі – көлік және қойма қызметтері. Бұл бағытта өсім 22,5% болды. Мұндай нәтиже теміржол, құбыр желілері және автомобиль көлігі арқылы жүк тасымалдау көлемінің едәуір ұлғаюымен байланысты. Қазақстанның транзиттік әлеуеті артып, халықаралық және өңіраралық логистика жандана түсті.
Құрылыс көлемі 18,5%-ға өсті. Түркістан облысында мектептер, теміржол желілері және автожолдар құрылысы қарқынды жүргізілуде. Ақтөбе облысында да жаңа мектептер салынып, жол жөндеу жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында тұрғын үйлер, медициналық нысандар мен электр желілерін тарту жобалары жүзеге асып жатыр.
Сауда секторы да оң динамика көрсетті – өсім 8,6%. Оның ішінде көтерме сауда 9,5%-ға көтеріліп, жалпы өсімнің үштен екісінен астамын қамтамасыз етті. Бөлшек сауда 6,6%-ға артты. Қостанай облысы (+17,6%), Солтүстік Қазақстан облысы (+12%) және Астана (+9,2%) алдыңғы қатарда тұр. Мұнда астық, агрохимия, азық-түлік, отын, фармацевтика және техника сатылымы айтарлықтай артқан.

Өнеркәсіп өндірісі жалпы алғанда 6,9%-ға өсті. Өсім барлық өңірде тіркелді, ал Жамбыл облысы (+18,2%), Солтүстік Қазақстан (+14,9%), Шымкент (+15,8%) және Алматы (+13,5%) көш бастап келеді.
Өңдеу өнеркәсібінде өсім 6,1% болды. Оның ішінде машина жасау (+14%), азық-түлік өндірісі (+9,2%), мұнай өнімдері (+8,6%), химия өнеркәсібі (+6%) және металлургия (+1,3%) оң нәтижелер көрсетті.
Ауыл, орман және балық шаруашылықтарының жалпы өсімі 3,7% деңгейінде сақталды. Мал шаруашылығында сүт өндірісі 6,1%-ға, мал мен құс бордақылау 2,1%-ға, жұмыртқа өндірісі 0,9%-ға артты.