Қоғам

Қазақ қоғамындағы әйелдердің кедейлігі: статистика шындықты ашып берді 

Әйелдер қоғамның әлсіз тобының бірі, бізде ғана емес, жалпы Орталық Азия бойынша. Статистика бойынша әйелдер экономикадан шеттетілген, жалақысы аз. Одан бөлек, үй шаруасы мен бала тәрбиесі де оның мойнында. Ал соңғы оқиғаларға қарап, түрлі қысымдарға ұшырайтын да әйелдер. Қазақстанда 9,4 миллион еңбекке қабілетті азамат бар, оның 4,5 миллионы – әйелдер, алайда олардың тек 59%-ы ғана жұмыс істейді. Осы ретте әйелдердің қоғамдағы статусы өсті ма деген сұрақ туындайды. Соңғы уақытта қаншама заң қабылданды, олар қандай нәтиже беріп жатыр? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді. 

Кедейліктің жүзі – әйелдің жүзі

Қазақ әйелі – қоғамның ең нәзік, ең ауыр жүк арқалаған тұлғасы. Ер адамды «асыраушы», «қорғаушы» деп сипаттайтын дәстүрлі түсінік әлі күнге дейін сақталған. Десе де, өмірдің шындығы басқаша. Статистика да, тұрмыстық тәжірибе де әйелдердің табысы аз, мүмкіндігі шектеулі, ал міндеті тым көп екенін айқындап отыр.

2025 жылғы ресми дерек бойынша, Қазақстан халқының 4,5%-ы немесе 924 365 адам күнкөріс минимумынан төмен табыспен өмір сүреді. Қазіргі көрсеткіш 52 507 теңге. Оның ішінде ауылдық жерлерде – 489 231 адам, қалалық аймақта – 435 134 адам бар. Кедейлердің ең көбі Түркістан облысында тіркелген – 175 276 адам.

Сандар жай ғана статистика емес. Ол – шынайы тағдырдың көрінісі. Әсіресе ауылдағы әйелдер, кедейліктің басты бет-бейнесіне айналып отыр. 

Джон Хопкинс университетінің докторанты Лейла Зулейха былай деген: 

«Кедейліктің әйелдерге тән болуы – жаһандық құбылыс. Оның түп-төркіні – патриархалды дәстүрлер мен ақысыз күтім еңбегінің әйелдерге жүктелуінде жатыр», - деген ол  басылымға берген сұқбатында. 

Жалып, соңғы 20 жылда кедейлік деңгейі төмендеген. Мысалы, 2001 жылы кедейлік деңгейі 50% болса, қазір ол 4,5%-ға дейін қысқарды. Алайда, әйел мен ер адам арасындағы теңсіздік азайған жоқ. Әйелдер әлі де көзге көрінбейтін тегін жұмыстарды атқарушы. Сондықтан көпшілігі еңбек нарығынан шет қалып қойған. 

Нарықтағы теңсіздік пен ана болудың қақпаны

Қазақстанда еңбекке қабілетті 9,4 миллион адамның жартысына жуығы әйелдер. Бірақ олардың тек 59%-ы ғана жұмыс істейді. Ерлер арасындағы көрсеткіш – 70%. Сарапшылар мұндай айырмашылықты үй шаруасы, бала тәрбиесімен байланыстырады. 

Еңбекке қабілетті жастағы 1,68 миллион әйел (37,1%) жұмыс істемейді, ал ерлер арасында бұл көрсеткіш – 27%. Әйелдер арасындағы жұмыссыздық 5,1%-ды құрайды, ерлерде – 4,2%. 

Теңсіздіктің тағы бір көрсеткіші - бала мен науқас күтімі үшін  толық емес жұмыс күніне көшкендердің барлығы дерлік әйелдер - 15 321, небәрі 32 ер адам.

Декреттік демалысқа кеткендер саны да гендерлік теңсіздікті дәлелдейді: 57 829 әйел және 1 468 ер адам. 

Әсіресе жалғызбасты аналарға қиын. Қазақстанда 699 416 бала анасымен, ал 87 788 бала тек әкесінің тәрбиесінде. 

Тіпті әйелдің үй шаруасына бөлетін уақыты да зерттелген. Мысалы, әйелдер үй шаруасына күніне орта есеппен 3 сағат 37 минут жұмсайды екен, ал ерлер  1 сағат 9 минут. Балалар мен туыстарының көңілін аулау да әйелдің мойнында, олар күніне 38–50 минут бөлсе, ерлер – 16–19 минут қана уақыт арнайды. 

Пандемия кезінде мәселе одан сайын ушыға түсті. Жұмысынан айырылғандардың 74%-ы – әйелдер. Үйдегі жұмыс көлемі мен тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артуы олардың әлсіздігін күшейтті.

Әйелдердің нарықтағы рөлі 

Ең жоғары жалақысы бар, табысты салаларда әйелдер жоқтың қасы. Мысалы, Кен өндіру саласында 18% (52 163 әйел, орташа жалақысы – 408 679 теңге, ерлердікі – 561 689). Құрылыс саласында – 20% (124 598 әйел), IT саласында – 28% (22 958 әйел), ғылым мен техника саласында – 27% (86 887 әйел).

Ал білім беру (71,5%), денсаулық сақтау (71,7%), қызмет көрсету (85%), сауда (68%) салаларында әйелдер басым. Бірақ бұл салалардағы жалақы төмен. Орташа жалақы айырмасы: әйелдер – 311 217 теңге, ерлер – 418 788 теңге. Яғни айырмашылық – 25,7%. Қаржы саласында әйелдердің үлесі 64,5% болса да, табысы ерлерден әлдеқайда аз: әйелдер – 375 954 теңге, ерлер – 499 558 теңге алады. 

Саясатта әйелдердің үлесі төмен. Министрлер – 14,3%, Мәжіліс депутаттары – 19,4%. Әскердегі басшылық орындарда – 3,7%, полицияда – 15,4%. Өндірістегі басшылардың 31%-ы ғана әйел, корпорацияларда – 45,8%.

Соңғы жылдары әйелдердің кәсіпкерліктегі үлесі артты. Олар жеке кәсіп ашып, белсенділік таныта бастаған: 44,9%, бірақ ірі бизнесте олардың үлесі небәрі 18,4%. Табыстың аздығы мен мүліктің жоқтығы несие алуды қиындатады дейді мамандар. 

Әйелдердің білім деңгейі жоғары, алайда онымен алысқа бара алмайды. Мысалы билікке жолы тар. Жоғары білімі бар әйелдер – 21,6%, ерлер – 17,8%. Студенттердің 53%-ы, магистранттардың 57,5%-ы, докторанттардың 62,2%-ы – қыздар. Бірақ ЖОО ректорларының 79%-ы – ерлер.

Әйелдер кедейлігінің әлемдік суреті

Әйелдер арасындағы кедейлік біздің елде ғана емес. Бұл – жаһандық проблема. UN Women дерегінше, әлемдегі әрбір оныншы әйел (10,3%) күніне 2,15 доллардан аз қаражатпен өмір сүреді. Егер жағдай жақын арада өзгермесе, 2030 жылға қарай 342 миллионнан астам әйел мен қыз баланың тағдыры қыл үстінде болмақ.

Әлемде екі миллиард әйел әлеуметтік қорғаудың ешқандай түріне қол жеткізе алмайды екен. Атап айтқанда, аналық демалыс төлемдері, зейнетақы, медициналық сақтандыру, жұмыссыздық бойынша жәрдемақы. Әсіресе Африкада әйелдердің 94%-ы босану кезінде ешқандай әлеуметтік көмек алмайды. 

Одан бөлек, 25–34 жас аралығындағы әйелдер ерлерге қарағанда 25%-ға жиі кедей отбасында тұрады. Дағдарыстар кезінде олардың кедейлікке ұшырау қаупі ерлерге қарағанда 7,7 есе жоғары.

Бір қызығы, әлемдік экономика үшін бұл теңсіздік үлкен шығын әкеледі. Гендерлік теңдіктің болмауынан жыл сайын шамамен 10 триллион доллар шығын әкеледі екен. Ал егер әйелдердің ауыл шаруашылығындағы мүмкіндіктері кеңейсе, жаһандық ЖІӨ тағы 1 триллион долларға артар еді.

БҰҰ Даму бағдарламасының дерегіне сүйенсек, гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – тек әлеуметтік әділеттілік емес, экономикалық өсудің де тетігі. McKinsey зерттеуі көрсеткендей, әйелдер мен ерлер арасындағы алшақтықты азайту әлемдік ЖІӨ-ге қосымша 12 триллион доллар қоса алады.

Қазақстанда әйелдерге қолдау көрсетуге бағытталған бірқатар мемлекеттік бағдарламалар бар. Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік көмек, жеңілдетілген несие, білім беру, тұрғын үй саясаты. Дегенмен, Дүниежүзілік экономикалық форум дерегінше, Қазақстан экономикалық гендерлік теңдіктің 70%-ына жеткен, десе де, саяси қатысу көрсеткіші тым төмен – 0,12/1.

БҰҰ деректері қоғамдағы гендерлік көзқарастардың әлі де теріс екенін көрсетіп отыр. Халықтың 93%-ында әйелдерге қатысты ескі стереотип сақталған. Бұл кедейліктің де, теңсіздіктің де тамыры.

Әлемдегі тәжірибе әйелдерге тең мүмкіндік беру елдің де, әлемнің де экономикалық дамуының басты шарты екенін көрсетіп отыр. Себебі әйелдің болашағы – ұлттың болашағы.

Барлық жаңалық