Алматы облысы Қаскелең қаласындағы қоғамдық моншалардың бірінде мекеме қызметкері 13 жастағы баланы ұрып-соққан. Жәбірленушінің анасы оқиғаның видеосын әлеуметтік желіде жариялап, кінәліні қатаң жазалауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты.
Жасөспірімнің анасы Threads желісінде таратқан мәліметке сүйенсек, оқиға 9 наурыз күні кешке болған. Бала досымен бірге моншаға барып, екеуіне ортақ бір сэндвич сатып алмақ болғанда, мекеме қызметкері өзіне және әріптестеріне арнап бірден төрт сэндвич алып беруді бұйырған.
Анасының айтуынша, ұлы бұған жауап ретінде «тағы не істеу керек?» деп қалжыңдапты. Осы сөзге ашуланған 27 жастағы ер адам жасөспірімге жұдырық ала жүгірген. Желіде таралған кадрлардан ересек адамның балаға соққы жасағанын анық көруге болады.
Бастапқыда учаскелік полиция қызметкері бұл әрекетті «ұсақ бұзақылық» деп саралаған. Алайда жәбірленушінің анасы бұған мүлдем келіспей, баласына қол көтерген адамның ісін әлдеқайда ауыр баппен қарауды талап етті.
Бұл жағдайға байланысты Алматы облыстық Полиция департаменті ресми түсініктеме берді.
«Қарасай ауданындағы құқыққа қайшы әрекет фактісі бойынша соталды тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Видеодағы жағдай биылғы 9 наурызда Қарасай ауданындағы қоғамдық моншалардың бірінде болғаны анықталды. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы (Ұрып-соғу) бойынша соталды тергеп-тексеру басталды», – делінген полиция хабарламасында.