Жаңалықтар

Қарызға батқан ананың жеңісі: Сот несиеге той жасаған келіншекті банкрот деп таныды

Қарызға батқан ананың жеңісі: Сот несиеге той жасаған келіншекті банкрот деп таныды

Павлодар облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасы аймақ тұрғынын банкрот деп тану туралы істі қайта қарады. Жергілікті тұрғын қаржылық тығырыққа тіреліп, несие берушілер алдындағы берешегін өтей алмайтын күйге жеткенін айтып, соттан көмек сұраған деп хабарлайды ozgeris.info сайты.

 Анықталғандай, әйел заты осыдан бірнеше жыл бұрын, нақтырақ айтсақ 2019 жылы отбасылық қуанышқа, яғни дүбірлетіп той өткізу үшін ірі көлемде қарыз алған екен.

Бүгінгі таңда оның мойнындағы берешегі 6 344 644 теңгеге жеткен. Тұрақты табыс көзінен айырылған кейіпкердің асырауында кәмелетке толмаған екі перзенті бар. Бастапқыда бірінші сатыдағы сот келіншектің өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан еді. Алайда ол бұл шешіммен келіспей, апелляциялық шағым түсірді.

Істі егжей-тегжейлі зерттеген сот алқасы қарыз сомасының заңда көрсетілген шекті мөлшерден асып кеткенін назарға алды. Берешек бірнеше несие берушінің алдында жиналып қалған және соңғы бір жылдан астам уақыт бойы ешқандай төлем жасалмаған. Сонымен қатар, қаржы басқарушысының "банкроттыққа негіз жоқ" деген тұжырымы қате болып шықты, себебі ол берешек көлемін дұрыс есептемеген.

Сот процесі кезінде азаматшаның тарапынан ешқандай арам пиғыл немесе жауапсыздық байқалмады. Керісінше, оның бұған дейін төлемдерді уақытылы жасап келгені, тек кейіннен жағдайдың қиындауына байланысты осындай күй кешкені дәлелденді. Судьялар тұрақты жұмыстың немесе табыстың болмауы банкроттықтан бас тартуға себеп емес екенін ерекше атап өтті.

Нәтижесінде сот алқасы әйелдің төлем қабілетсіздігі туралы уәжін орынды деп таныды. Алғашқы сот шешімі жойылып, келіншектің банкроттық туралы өтініші толықтай мақұлданды. Қазіргі таңда сот шешімі ресми түрде өз күшіне енді.

Барлық жаңалық