Қоғам

Қарттардың ұзақ өмір сүру сыры: Қазақтың ежелгі гимнастикасы дәріні алмастыра ала ма?

Елімізде қанша қарт адам бар? Үкімет олардың жағдайын қалай жасап отыр? Қарттарға арналған орталықтар қалай жұмыс жасайды? Неге зейнеткерлердің аз бөлігі ғана қамтылған? Дәрі-дәрмекке тәуелді қарттардың өміріне спорт қалай әсер етеді? Спорт пен гимнастика дәріні алмастыра ала ма? Ozgeris.info тілшісі қарттардың өмір сүру салтын зерттеп көрді. 

2017 жылдан бастап Қазақстан ресми түрде халқы қартайып жатқан елдердің қатарына кірді. Бүгінде 65 жастан асқан адамдар халықтың 9,2%-ын құрайды – бұл шамамен 1,87 миллион адам. Салыстырар болсақ, 2020 жылы бұл көрсеткіш 6,8% болған.

Қарттарымызға қамқорлық көрсету, белсенді және мәнді өмір сүру үшін жағдай жасау – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі. Сол себепті 2020 жылы республикада алғашқы белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. 2021 жылы аға буын азаматтарының жағдайын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі «Белсенді ұзақ өмір сүру» іс-шаралар жоспары қабылданды. Оның аясында заңнамаға өзгерістер енгізіліп, ведомствоаралық комиссия құрылды және белсенді ұзақ өмір сүру индексі есептелді.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары қалай пайда болды

Бүгінде елімізде 120 белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмыс істейді, оның 57-сі қалаларда және 63-і ауылдарда орналасқан. 2024 жылы орталықтардың қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттерден бөлінген жалпы қаражат көлемі 5,9 млрд теңгені құрады. Биыл бұл мақсатқа 6,7 млрд теңге қарастырылған.

Орталықтар жұмысын бастағалы бері 20 мыңнан астам іс-шара өткізілді, 3,8 мыңнан астам қызмет көрсетілді – олардың қатарында медициналық, психологиялық, мәдени және білім беру қызметтері бар. Мұның бәрі егде жастағы адамдарға белсенді болуға, денсаулық пен көңіл-күйді жақсартуға көмектеседі.

«Астананың алты ауданында бүгінде алты орталық жұмыс істейді, олар жиырмаға дейін қызмет түрін ұсынады. Үш негізгі бағыт бар: спорттық-сауықтыру, білім беру және бос уақытты тиімді өткізу. Хор, вокал және би топтары, қызығушылық клубтарының барлығы зейнеткерлер үшін тегін», - дейді КГУ Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрайымы Роза Маусымбаева.

Орталықтың белсенді қатысушысы Жанат Ғанеденқызы Мұқанова бұрыннан спортқа бейім екенін айтады, сондықтан орталықта жалғастырып келеді.

«Мен белсенді салауатты өмір салтын ұстанамын. Зейнетке шыққан соң уақытым көбейді, орталыққа қуана барамын. Аптасына екі рет қазақ гимнастикасы айкунемен, үш рет тыныс алу гимнастикасы цигунмен айналысамын. Бұл денемді де, көңіл-күйімді де жақсартады. Біз бәріміз шамалас жастамыз, сондықтан қызықты», - дейді ол.

Бүгінде медицина әлдеқайда алға жылжығанмен, халық еміне жүгінушілер көп. Соның ішінде емдеудің ерекше тәсілі – айкунемен айығуды құп көретін жерлестеріміз аз емес.

Айкуне – қазақтың ежелгі гимнастикасы. Кез келген адам оны үйде немесе кеңседе отырып жасай алады. Нәтижесінде бұлшық етке күш түсіп, қан айналымы қалпына келеді, тән сауығады, ой жинақталады. Мәселен, ежелгі түркі халқы жауынгерлерінің жағдайына ерекше көңіл бөлген. Соның ішінде атты әскерге деген талап күшті болған. Себебі атта дұрыс отырмайтындардың ұзақ сапар кезінде белі, омыртқасы ауырсынған. Сол кезеңде жауынгерлік гимнастикаға көп көңіл бөлінген. 1998 жылға дейін біздің бұл туралы хабарымыз болмады. Тек сол жылы Абай Баймағам­бетовтың оны ресми медициналық жаттығу ретінде патенттеуі реинкарнацияға ұшырауына себепші болды.

Абай Баймағамбетов 1998 жылы айкуненің алты жаттығуын ойлап тауып, оны ел ішінде жарнамалауға күш салған. Бірақ қолдау таппағандықтан үш айдан соң Ресейге бағыт алады. Осылайша уақыт өте Новосібірдің ҒЗИ-ы айкунені медициналық жаттығу ретінде мойындайды. Ал 2002-2003 жылдары Мәскеуде патент алады. 2005 жылы Санкт-Петербург мемлекеттік педиатрлық медициналық университетінде айкунені медицинаға енгізу қадамы ойластырылды. Ленинград және Санкт-Петербургта оны ЛФК жаттығулары ретінде қабылдайды. Бүгінде айкуне орталықтары Мәскеу, Омбы, Махачкала, Днепропетровск, Қазан, Минск, Симферополь, Челнах қалаларында бар. Франция, Беларусь, Германия және Үндістан халқы одан хабардар. Қазақстанның бірнеше облысында аталған орталықтар жұмыс істеуде.

Роза Маусымбаеваның айтуынша, орталыққа келуге еш кедергі жоқ. Зейнеткерлік жасқа жеткен Астана қаласының тұрғындары қатыса алады. Бар болғаны екі құжат қажет, жеке куәлік пен зейнеткер куәлігі. Маңызды шарттардың бірі, орталыққа өз бетінше, арба немесе бөгде адамның көмегінсіз келуі керек. Яғни, өздігінен жүріп-тұра алу.

Десе де, аталмыш орталықтарға зейнеткерлердің 25%-ы ғана қамтылған.  Мысалы Астанадағы орталыққа шамамен 116,5 мың зейнеткер барады. Бұл барлық зейнеткерлердің төрттен бірі ғана.

«Көпшілігі денсаулығына байланысты жүре алмайды, ал кейде балалары әже не ата немерелермен үйде отыруы керек деп есептейді. Ақпараттың жеткіліксіздігі өзекті мәселе. Билбордтар мен жарнама жасауға бюджет жоқ, автобустарда роликтер дыбыссыз жүреді. Сондықтан қазір тек біреуден естігендер ғана келе алады», - дейді маман.

Мамандардың пікірінше, адамдар өз денсаулығына немқұрайлы қарайды. Өздерімен айналыспайды.

Дене мен жан саулығы үшін

Бастапқыда орталықтардың басты мақсаттарының бірі денсаулықты жақсарту болған. Соңғы жылдары зейнеткерлердің психологиялық жағдайына да ерекше мән беріле бастады. Әр орталықта дәрігер мен психолог бар. Жеке кеңес беру, тренингтер, әсіресе жақындарынан айырылып, жалғыз қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру шаралары өткізіледі екен.

«Көптеген адамдар зейнетке шыққан соң өз-өзімен қалып қояды. Біздің міндетіміз, оларды жалғыздықтан шығарып, белсенді өмірге қайта оралуына көмектесу», - дейді Маусымбаева.

Өмірлік тәжірибені ұрпаққа жеткізу

Орталықтарда клубтар жұмыс істейді, онда жасы үлкен әйелдер мектептер мен балалар үйлеріне барып, аспаздық, қолөнер бойынша шеберлік сабақтарын өткізеді, қазақ дәстүрлері жайлы әңгімелейді.

«Жастар мұны тек кітаптан ғана емес, көзбен көріп, сезініп өсуі керек. Отбасылық құндылықтар мен дәстүрлер сақталуы тиіс», - дейді Маусымбаева.

Сондай-ақ, орталықта цифрлық сауаттылық пен қауіпсіздік сұрақтары да қарастырылады. Зейнеткерлерге компьютер мен смартфонды қолдануды, eGov арқылы қызмет алуды, алаяқтардан қорғануды үйретеді. Полиция қызметкерлері үнемі дәрістер оқып, нақты мысалдар келтіреді.

Орталықтарда изотерапия үйірмелері бар, онда зейнеткерлер өз бойындағы суретшілік қабілеттерін ашады, сондай-ақ бизнес негіздерін меңгереді. Кейбіреулері өз бұйымдарын сатып, табыс таба бастаған.

«Көшпенділер ойындарында біздің әжелеріміз өз жұмыстарын сатып, жарты миллион теңге тапты. Көбі жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, ісін жалғастырып жатыр, орталыққа да келіп жүр», -  дейді Маусымбаева.

Орталық басшылығының айтуынша, емханалармен меморандумдар жасалған. Сабаққа келе бастаған қарттар дәрігерге сирек баратын болған, яғни, физикалық және психологиялық денсаулықтары жақсарған.

«Мемлекетке біздің ауырмағанымыз тиімді. Себебі емдеуге, операцияға шығын азаяды. Ал біз үшін толыққанды өмір сүріп, баламызға жүк салмау тиімді», - деп атап өтеді Жанат Ғанеденқызы.

Белсенді ұзақ өмір сүру философиясы

Қатысушылар үшін орталықтардағы іс-шаралар жаңа өмір философиясына айналған.

«Белсенді ұзақ өмір сүруді өмір кітабының жалғасы деп есептеймін. Жас кезімізде көп нәрсеге уақытымыз немесе мүмкіндігіміз болмады. Енді армандарымызды жүзеге асыруға болады, саяхаттау, шығармашылықпен айналысу, оқу, достасу, би билеу», - дейді Маусымбаева.

Астанада әр сәрсенбі күні Жетісу саябағында дискотека өтеді, оған тек зейнеткерлер ғана емес, жастар да келеді.

Барлық жаңалық