📰 Сарапшылар пікірі

Қарттарды қаржы алаяқтарынан қалай қорғаймыз?

Қарттарды қаржы алаяқтарынан қалай қорғаймыз?

Күн ортасында соғылған телефон қоңырауы, мессенджерге келген қысқа хабарлама немесе ресмиге ұқсайтын SMS. Қаржылық алаяқтық көбіне дәл осылай басталады, деп жазады Ozgeris.info.

 Қарттарға мұның ешқайсысы тосын емес. Бір кездері көп мәселе расымен де телефон арқылы шешілетін. Сол уақыттың дағдысы санадан өшкен жоқ. Сондықтан мұндай хабарлар сенім тудырады, күдікке орын қалдырмайды.

Осыны алаяқтар өте жақсы біледі. Олар күрделі техникалық жүйелерді бұзып әуре болмайды. Олардың басты құралы адамның көңіл күйі. Қорқыту, асықтыру, қысым жасау. Шотыңызға қауіп төнді деген сөз немесе туысыңыз қиын жағдайда деген хабар естіген адамға ойлануға мүмкіндік бермейді. Әсіресе жасы үлкен адамдар мұндай сәтте сабыр сақтауға үлгермей қалады.

Сондықтан қарттарды қорғау тек цифрлық қауіпсіздікпен шектелмейді. Бұл қамқорлықты, назарды, күнделікті әдетке айналған қарапайым ережелерді талап етеді.

Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің айтуынша, ең жиі кездесетін схемалардың бірі банк қызметкері болып қоңырау шалу. Қарт адамға хабарласып, өздерін банк немесе қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырады. Күдікті операция тіркелгенін айтады. Шотты біреу бұзуға тырысқанын жеткізеді. Тіпті несие рәсімделіп жатыр деген сөз қозғайды. Әңгіме байсалды өтеді. Банк атаулары нақты айтылады. Таныс терминдер қолданылады. Мұның бәрі сенім ұялату үшін жасалады.

Содан кейін адамды асықтырады. Қаражатты қорғау керек дейді. SMS арқылы келген кодты сұрайды. Карта деректерін айтуды талап етеді. Ақшаны қауіпсіз шотқа аударуды ұсынады. Мұндай сәтте қарт адам абдырап қалады. Ойлануға, біреумен ақылдасуға уақыт жоқ сияқты көрінеді.

 «Нағыз банктер ешқашан телефон арқылы растау кодтарын, PIN немесе CVV сұрамайды және ақша аударуды талап етпейді. Егер әңгіме күдік тудырса, оны дереу тоқтатып, банкке өзіңіз хабарласу қажет. Тағы бір кең таралған тәсіл мемлекеттік органдардың атын жамылу. Қарт адамға ХҚО, зейнетақы қоры, салық немесе полиция атынан хабарлама келеді. Зейнетақыны қайта есептеу керегі айтылады. Айыппұл салынғаны ескертіледі. Деректерді шұғыл растау қажет делінеді. Мұндай хабарлар алаңдатады, адамды асығыс әрекетке итермелейді», дейді агенттік.

Хабарламадағы сілтеме жалған сайтқа апарады. Сырт көзге ресми сайттан айнымайды. Бәрі дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ сол жерге дербес немесе банк деректерін енгізген сәтте олар алаяқтардың қолына өтеді.

Мұндай жағдайда бір нәрсені есте ұстау маңызды. Мемлекеттік органдар дербес деректерді SMS немесе мессенджер арқылы сұрамайды. Шұғыл әрекет етуді талап етпейді. Егер күмән туса, ұйымға ресми байланыс арналары арқылы өз бетіңізше хабарласу қажет.

«Алаяқтар қарт адамдардың эмоциясына ерекше қысым жасайды. Соның ең ауыр түрі туысқаныңыз қиын жағдайда деген қоңыраулар. Ұлыңыз апатқа түсті дейді. Немереңіз ұсталды деп хабарлайды. Әңгіме өте асығыс жүреді. Қорқытады. Біреуге қоңырау шалуға тыйым салады. Ақпаратты тексеруге мүмкіндік бермейді. Осындай қысым кезінде қарт адам қатты күйзеліске түседі. Ақшаны бірден аударып жіберуі мүмкін. Немесе оны курьерге беріп қоюы ықтимал. Мұндай жағдайда тіпті ең сақ адамның өзі сасқалақтап қалады.Бұл жерде қарапайым ғана қағида бар. Ешкім қорқытып, ақша талап етуге құқылы емес. Осындай қоңырау түскен сәтте әңгімені тоқтатып, жақын адаммен өзіңіз байланысқаныңыз дұрыс», дейді агенттік сарапшылары.

Қарт адамдар жиі ұшырайтын тағы бір қауіп – жалған инвестициялар. Сенімді жоба деп ұсынылады. Кооператив, криптовалюта немесе мемлекеттік бағдарлама деп аталады. Тәуекел жоқ дейді. Кіріс кепілді деп сендіреді. Танымал брендтердің атауы аталады. Үкімет қолдайды деген сөз айтылады.

Бірақ шын мәнінде тәуекелсіз табыс болмайды. Кепілдендірілген кіріс деген түсінік қаржы саласында жоқ. Ресми бағдарламалар ешқашан бейтаныс шоттарға ақша аудартпайды. Сондықтан кез келген инвестиция алдында ақпаратты тексеру, туыстармен ақылдасу өте маңызды.

Мессенджерлердегі аккаунттарды қолға түсіру де кең таралған. Жалған сілтемелер арқылы WhatsApp немесе Telegram аккаунты бұзылады. Содан кейін алаяқтар қарт адамның атынан оның туыстары мен таныстарына шұғыл қарыз сұрап жаза бастайды.

Мұндай хабарламалар көбіне асығыс, талап етуге ұқсас болып келеді. Егер хабарлама күдік тудырса, ең алдымен оны жіберген адамды тексеріп алған дұрыс. Бір қоңырау, бір нақтылау үлкен шығынның алдын алады.

 

Барлық жаңалық