Экономист Расул Рысмамбетов мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың шығындарын бақылау мен қысқарту мәселесін корпоративтік сектор үлгісінде қарастыру керек деп есептейді. Оның пікірінше, Президенттің биылғы Жолдауында айтылған жасанды интеллектіні енгізу және 3жылда елді жоғары деңгейге көтеру тапсырмасы нақты әрі жүзеге асыруға болатын міндет. Ал бастаманы ең алдымен мемлекеттік шығындарды реттеуден бастаған жөн, деп жазады Ozgeris.info.
«Мемлекеттік басқару органдарының, облыстар мен аудандар әкімдіктерінің, сондай-ақ квазимемлекеттік сектордың шығындарын ашық әрі тиімді бақылау керек. Бұған Самұрық, Бәйтерек, республикалық мемлекеттік кәсіпорындар мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар сияқты ұйымдар да кіреді. Олар бюджет қаржысының кем дегенде 10–30 пайызын пайдаланады. Сондықтан мұнда тәртіп пен айқындық керек», дейді Расул Рысмамбетов.
Оның айтуынша, бұл бағыттағы алғашқы қадам ретінде жасанды интеллектіні бірден емес, алдымен күн сайынғы есеп беру жүйесін енгізуден бастауға болады.
«Бұл қиын жұмыс емес. Мысалы, банктерде 700H деген күнделікті есепті тапсыру тәжірибесі бар. Әр банктің бухгалтериясы күн сайын баланстық шоттардағы қалдықтар туралы есепті тапсырады. Осындай жүйені әкімдіктер мен ұлттық компанияларда да енгізуге болады. Ол үшін бар болғаны бір ай уақыт қажет. Қазір қолданылып жүрген бухгалтерлік 1С бағдарламасында арнайы батырма қосу жеткілікті. Күн соңында бас бухгалтер тек бір батырманы басып, баланстық шоттардағы жағдайды Қаржы министрлігінің қазынашылық комитетіне жолдай алады», дейді сарапшы.
Ол мұндай тәсіл артық шығын мен қателіктердің алдын алуға, сондай-ақ жасанды интеллектіні енгізуге дайындық жасауға көмектеседі деп санайды.
«Бұл жүйе арқылы қаражат қозғалысы, түсімдер мен шығындар, кассалық орындау және міндеттемелердің орындалуы күн сайын электронды түрде тіркеліп отырады. Яғни, бюджет орындалуының толық суреті жасалады. Мұндай есептілік автоматты түрде қалыптасады, арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің өзі жеткілікті» дейді ол.
Экономисттің пікірінше, өңірлердегі қаржыны тиімсіз пайдалану көбіне артық қаражаттың жиналып қалуынан немесе керісінше жетіспеушіліктен туындайды.
«Бұның себебі – жергілікті деңгейде қаржылық сауат пен өтімділікті басқару қабілетінің жеткіліксіздігі. Мысалы, кей өңірлерде шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы немесе басқа жергілікті алымдар көп жиналады, ал кейбір аймақтарда керісінше тапшылық байқалады. Сондықтан күнделікті есеп жүйесі бұл айырмашылықтарды дер кезінде көрсетеді», дейді Расул Рысмамбетов.
Ол бұл пилоттық жобаны ең ірі ойыншылардан бастауды ұсынады. «Алдымен республикалық маңызы бар үш қала – Астана, Алматы және Шымкент әкімдіктері мен квазимемлекеттік құрылымдары осы жүйеге қосылса жеткілікті. Үш ай сынақтан өткізіп, нәтижесін бағалау керек. Одан кейін басқа өңірлерге таратуға болады. Мұндай бастама алғашында түсінбеушілік тудырады.
«Әрине, алғашқы кезде қарсы пікірлер көп болады. Кейбіреулер ашуланады, кейбіреулер мүлде қабылдамайды. Бірақ уақыт өте келе бұл тәртіп пен қаржылық жауапкершілікті арттырады. Бастапқы қиындықтардан кейін аймақтардағы қаржылық тәртіп нығайып, кейін бұл бүкіл мемлекеттік бюджет жүйесінде өз нәтижесін береді», дейді ол.
Экономисттің айтуынша, осылайша мемлекет болашақта жасанды интеллектке негізделген қаржылық және экономикалық модельдерді енгізуге дайын болады. Бұл технологияның нақты пайдасын көруге мүмкіндік береді.