Баянауылдағы музей қызметкері Гаухар Балабаева академик Қаныш Сәтбаевтың 1958 жылы Пекинде өткен конференцияда қытайлық ғалымдарды ерекше таңғалдырғаны туралы тың мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды Kazinform.
Сол жылы ғалым Кеңес Одағы делегациясының құрамында Қытайға барып, пайдалы қазбаларды іздеуге арналған жиында баяндама жасаған.
Ол кезде Қытайда 3 000 000 масштабындағы небәрі 1 ғана геологиялық карта болған. Қазақстандық академик жиында геологиялық карта жасау ерекшеліктері мен Жезқазған мыс кен орнының маңызы туралы айтып, қазақ жерінің байлығын әлемге паш етті. Осыдан кейін Қытайдың Геология министрлігі ауқымды іздеу жұмыстарын жүргізу үшін кеңестік және қазақстандық мамандардан ақыл сұрай бастаған. Қытайлық танымал геологтардың бірі Сәтбаевтың Қазақстанның жер асты байлығын ғылыми тұрғыда дәлелдегенін және оның еңбектері бүкіл әлемдік геология үшін маңызды екенін өз естеліктерінде жазып қалдырды.
Бұл сапарда академиктің жеке аудармашысы болған қытайлық профессор Чжоу Чаофань ғалымның қарапайымдылығы мен еңбекқорлығына тәнті болған. 1996 жылы Ухань қаласында тәжірибеден өткен қазақстандық профессор Сейіт Құсайынов Чжоу Чаофаньмен кездескен кезде ол Сәтбаев туралы жылы естеліктерімен бөліскен.
«Сәтбаевпен жұмыс істеу өте қызық болды, ол барлық сұрағыма толық жауап беріп, менің оқуым мен отбасым туралы да сұрады», – деді қытайлық профессор.
Сонымен қатар ол жиыннан кейін 10 адамнан тұратын топ Ұлы Қытай қорғаны мен Шанхай қаласын аралағанын еске алды. Қытай дәстүрі бойынша жастар үлкендердің затын көтеруге көмектеседі, бірақ аудармашы чемоданды алмақ болғанда ғалым Қазақстанда әйел адамға ауыр зат көтертпейтінін айтып, кішіпейілділік танытқан. Сол кезде 60 жасқа таяп қалған академик тамақ талғамай, жатын орынға шағымданбай, өте қарапайым әрі төзімді болған екен.
Сәтбаевтың ғылымдағы орнын бірден байқаған қытайлық мамандар оған сол кезде фарфордан жасалған ерекше сурет сыйлаған. Онда қарлы таулар мен ұйқыдағы ауыл, тау бөктеріндегі жалғыз үй мен аспанға ұшқан түтін бейнеленіп, иероглифтермен жазылған. Жақында ғалымның 125 жылдығына орай оның немересі Алима Жармағамбетова аталған суретті Баянауылдағы музейге сыйға тартты. Қазір бұл туынды ерекше жәдігерлер қатарында сақтаулы тұр.