«Қалаулым» жобасы арқылы көпшілікке танылған блогер Камила Әділхан денсаулығына байланысты қиын жағдайға тап болғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Оzgeris.info ақпарат порталы.
Блогердің айтуынша, соңғы үш күн бойы жүре алмай қалған. Бұл жағдай оның басынан төрт жыл бұрын да өткенін еске салды.
«Үш күннен бері жүре алмай жатырмын. Отбасымызбен аяқасты үлкен сынаққа тап болдық. Мұндай жағдай төрт жыл бұрын Қазақстанда, Ыстық Ұяда тұрған кезімде болған еді. Ол кезде Қытай атаға барып емделгенбіз. Алайда әзірге жағдайым жақсарған жоқ, бүгін үшінші күн. Грыжа жоқ. Белім қатты ауырады, қозғалған сайын ауырсыну басыма дейін жетеді. Отыра алмаймын, бір қалыпта ұзақ жата да алмаймын, ал ұзақ жүру туралы айтпай-ақ қояйын. Қазіргі ем тек жату, пластырь жапсыру және қайтадан Қытай атаға бару», – деп жазды ол.
Сондай-ақ Камила Әділхан жағдайы жақсарған жағдайда қандай емнің көмектескенін оқырмандарымен бөлісетінін атап өтті. Ол желі қолданушыларынан ақыл-кеңес сұрап, дұға тілеген.
«Қайта жүріп, желіге қашан шығатыным бір Аллаға ғана мәлім. Дұға етіп қойыңыздаршы, қыздар», – деп жазды блогер.
Желі қолданушылары Камиланың жазбасына пікір қалдырып, оған тезірек сауығып кетуін тілеп, жылы лебіздерін білдірді.