Спорт

«Қайрат» - «Реал»: Футболдағы миллиондар кімнің қалтасына кетіп жатыр?

Қайрат Боранбаевтың ісі жұртқа белгілі, ол тіпті активтерін мемлекетке қайтарып берген болатын. Соған қарамастан, «Қайрат» футбол клубы құлдырамай, керісінше, халықаралық деңгейге көтеріліп отыр. Соңғы ойында Боранбаевтың шаттанғанын да көрдік. Ендеше, бұл ойыннан түсетін пайда кімге тиеді? Футбол әлеміндегі миллиондар кімнің қалтасын қалыңдатуда? Спорттағы қаржы айналымы елдегі ашықтық мәселесінің көрсеткіші. Халықты қызықтыратыны мемлекетке қайтарылған активтерден бөлек, спорттағы табыс кімнің қолына түсіп жатқандығы. Осы ретте Ozgeris.info тақырыпты саралап көрді. 

Қазақстан футболы жаңа кезеңге қадам басты

Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет футбол саласы коммерция бағытына бет алды. «Дядя Ваня» телеграм арнасының мәліметінше, еліміздің беделді футбол клубтары жеке қолға өтпек.

Соңғы жылдары Қазақстан футбол федерациясында он басшы ауысқан. Барлығы кәсіби клубтарды мемлекеттік дотациядан шығарамыз деп уәде бергенімен, командалар бүгінгі күнге дейін жергілікті бюджет есебінен күн көріп келді. Соның салдарынан жыл сайын миллиардтаған теңге желге ұшып отырды.

Жекеменшікке өтетін клубтар

Премьер-лигада тек бір ғана клуб толықтай жекеменшікке өткен. Ол Қайрат Боранбаев сатып алған алматылық «Қайрат» клубы. Forbes дерегі бойынша, 2021 жылы оның байлығы $590 млн деп бағаланған.

Жуырда тағы төрт клубтың бизнесмендерге берілетіні ресми жарияланды. Атап айтсақ, «Қызыл-Жар СК» (Петропавл), «Қайсар» (Қызылорда), «Жеңіс» (Астана) және Бірінші лиганың «Шахтер» (Қарағанды). Аталған төрт клуб биылғы маусымда жалпы сомасы 7 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу жасаған.

«Шахтер» ФК – Тимур Турлов

Freedom Holding Corp. негізін қалаушы, байлығы $5,8 млрд. Турлов 2023 жылдан бері Қазақстанның жасөспірімдер футбол лигасын (QJ League) қаржыландырады. Қарағандыда футбол академиясын салуға 12 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр. 2024 жылы Қарағанды облыстық футбол федерациясының президенті болып сайланды.

«Жеңіс» ФК – Михаил Ломтадзе

Kaspi.kz басшысы, байлығы $5,9 млрд. Англиядағы Wycombe Wanderers клубының 90%-ын сатып алған. Лондон маңында қазақстандық жастарға арналған академия ашуды жоспарлауда.

«Қызыл-Жар СК» ФК – Сергей Кан

Байлығы $470 млн, «ЦАТЭК» және «Circle Maritime Invest» компанияларының тең иесі. Қазіргі таңда футболға қатысты басқа ақпарат жоқ.

«Қайсар» ФК – Исламғали Қозбақов

Төрт түрлі компанияның акционері: «TAU Group Ltd», «Құрылыс-транспорт компаниясы», «Нұрлытау Лтд» және «Persona Medical».

Боранбаев Қайраты қалай өзгертті?

Спорт комментаторы Есей Жеңісұлының айтуынша, Боранбаев 2012 жылы келген кезде «Қайрат» тұралап жатқан еді. Ол орталық стадионның газонын жаңартып, базасын көтерді. Мемлекет клубқа 30% көмектеседі, ол академиядағы жас түлектерді қаржыландыруға кетеді.

Жеке меншік иесі болғандықтан Боранбаев ақшаның қайда кетіп жатқанын қадағалайды.

Футбол – мемлекеттің сауын сиыры ма?

Футболды бұқаралық спорт ретінде көрсеткендіктен, аудандық спортқа бюджеттен бөлінетін қаражаттың 60-70 пайызы футболға кетіп қалады.  

«Бұрын бюджет қаражаты көбіне инфрақұрылым мен академияларға емес, легионерлерге жұмсалып келді. Осыған қарап «мемлекеттің ақшасын жуатын орын» деген ой келедіі», - дейді ол. 

Сарапшының айтуынша, клубтардың жекеменшікке өтуі дұрыс қадам. Көрші елдерге қарасақ, жеке инвесторлар мен салықтық жеңілдіктер футболды көтеріп отыр.

«Реал» мен «Қайрат» ойынынан кім байымақ?

Қайрат Боранбаев істі болғанын бәрі біледі. Сарапшының айтуынша, оның қылмысы футбол командасының имиджіне әсер етпеді. Қайрат өз түлектеріне сеніп артты. 1/2 легионерлер болса да, сол кездегі бапкер Қайратты үздік төрттіктен түсірген жоқ. 

«Демек, Қайраттың академиясы жемісін беріп жатыр деген сөз. Боранбаев мемлекет алдында кінәлі болып танылса да, ойыншылар жолынан таймады, құлдырап, тарап кетпеді. Команда қиналып жатса да, мықты легионерлер болмай қалған жоқ. Мысалы, сол кезде Жоао Пауло команданы жалғыз өзі сүйреп жүрді. Ал ондай мықты ойыншылар аз ақшаға ойнамайды».

Сарапшының айтуынша, Боранбаевтың істі болғанына сіз бен біз жауап бере алмаймыз. Ол өзінің кінәсін мойындап, жымқырған ақшасын қайтарып, жазасын өтеп шықты. Басқалар сияқты елден қашып та кетпеді. Бар мүмкіндігін әлі де болса өз еліне беруге тырысып жатыр. 

«Оның паралимпиада комитетінің басшысы екенін де бәрі біледі. Яғни, ол мүмкіндігі шектеулі жандардың спортын дамытуға мүдделі адам. Ал соңғы Парижде біздің спортспендер қалай мықты өнер көрсеткенін де білесіздер».

Ақша қайда кетеді?

Сарапшының түсіндіруінше, «Қайрат» орталық стадионды жалға алып, әр ойын сайын шартты түрде 2 млн теңге төлейді. Сату платформаларының пайызын алып тастағанда, билеттен түскен ақша клубтың өзінде қалады. Туристердің келуі мен қонақ үйлерден түсетін табыс жеке орталықтарға, ал салық мемлекеттік бюджетке түседі.

Қазақстанда 30 жыл бойы футбол инфрақұрылымына назар аударылмаған дейді сарапшы. Оның бұлай айтуына әлемжелідегі стадионға қатысты теріс пікірлердің көбейгені. 

«Орталық стадионды қалай айтса да, оның UEFA-ның 4-ші категориясына сай екенін ескеруіміз керек. Яғни, ол чемпиондар лигасының матчтарын да, әлем чемпионаттарының да ойындарын қабылдай алады деген сөз. Дәл қазіргі сәтінде біздің стадион лайық, оны ешкім жоққа шығара алмайды».

«Ордабасы» мысалы: Жекешелендіру неге қажет?

Сарапшы отандық бірнеше клубтың жекеменшікке өтетінін қолдайды. Ол «Ордабасы» клубының былығын мысалыға келтірді. 

«Жеке қолға өтсе, «Ордабасы» футбол клубының басшысы сынды, бюджеттің ақшасын жымқырып, қашып кету деректері де азаяды», - дейді Есей Жеңісұлы.

Айта кетейік, прокуратураның мәліметінше, клубтың бұрынғы президенті Бауыржан Әбдубайытов лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікке ілінген. Қадағалаушы органның хабарлауынша, қызмет атқарған кезінде Әбдубайытов футболшылармен келісімшарттарды директорлар кеңесінің мақұлдауынсыз өзі бекіткен. Осы келісімшарттар аясында ойыншыларға қомақты бонустар белгіленіп, бұл бюджет қаражатының орынсыз жұмсалуына себеп болған. Жалпы келтірілген шығын көлемі – 2,3 миллиард теңге. Нақты деректерге сәйкес, осындай 21 келісімшарт жасалған.

Бұдан бөлек, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тағы бір қылмыстық іс қозғады. Бұл іс лауазымдық өкілеттікті асыра пайдалану және 1,2 миллиард теңге көлеміндегі бюджет қаражатын мақсатсыз жұмсау фактісі бойынша қозғалған. Аталған қаражат клубтың конференциялар лигасының екінші кезеңіне қатысуы үшін бөлінген, алайда тексеріс нәтижесінде бұл қаржы футболшыларға үстемақы төлеуге және клубтың салық қарызын өтеуге жұмсалғаны анықталды.

«Бізде бір қызметке қолы жеткен адамдар, сол қызметте отырып, мемлекетті тонауға дайын отырады. Оларда мен өзімнің баламның аузынан жырып отырмын деген ой да келмейді. Бізде былай істейді, 2025 жылға бюджет бекітілді ма, олар оны бірден жаратып тастайды да, 2026 жылдың ақшасына қол сұғады. Келесі жылы ол команда 80 пайыз командасын жаңартады да, қарызға батады. Әрине, осындай жағдайлардан соң біздің футбол да тұралайды»,  – дейді сарапшы.

Футболдағы миллиардтар енді жеке инвесторлардың жауапкершілігіне өтуде. Бұл мемлекет қаржысын үнемдеп қана қоймай, клубтардың дамуына серпін беруі тиіс. Яғни, футболға бөлінетін миллиардтар үнемделіп, басқа мақсаттарға жұмсалады деген үміт бар. 

Барлық жаңалық