🏛️ Саясат

Президент қалай демалып, қалай жұмыс істейді?

Президент қалай демалып, қалай жұмыс істейді?

 Қасым-Жомарт Тоқаев туралы сөз болғанда, көпшілік оның ресми кездесулері мен халықаралық келіссөздерін ғана көреді. Алайда Мемлекет басшысының күнделікті өмір салты, еңбек тәртібі, спортқа көзқарасы мен кітапқа жақындығы көп жағдайда назардан тыс қалып жатады. Президентпен бірге оқыған сыныптастары, дипломатиялық ортада бірге қызмет атқарған әріптестері мен халықаралық саясаткерлер оның жастайынан еңбекқорлығымен, тәртіпке беріктігімен және интеллектуалдық қызығушылықтарымен ерекшеленгенін айтады, деп жазады Ozgeris.info.

Тазы және садақ

Президент спортты тек хобби ретінде емес, тәртіп пен мінез қалыптастыратын маңызды құрал ретінде бағалайтыны байқалады. Оның айтуынша, бұл көзқарастың қалыптасуына әкесінің өмір жолы да әсер еткен.

«Әкемнің тағдыры бала кезінен бастап оңай болған жоқ. Ол ерте жетім қалды. Әуелі балалар үйінде, кейін интернатта тәрбиеленді. Одан соң соғыс басталды. Майдан оның өміріндегі батылдық пен төзімділіктің үлкен сынағына айналды. Әкем өмірдегі қорқыныш пен қиындықты жеңе білді», дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің спортқа жақындығын әйгілі спортшылармен кездесулерінен де байқауға болады. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпқой боксшы, орта салмақтағы WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының арнайы сыйлық табыстаған сәті де қоғам назарын аударған еді. Мемлекет басшысы бос уақытында жаяу серуендегенді ұнатады. Сонымен қатар футбол ойындарын қызығушылықпен тамашалайды. Бұған дейін оның Еуро-2020 іріктеу кезеңіндегі Қазақстан мен Ресей құрамалары арасындағы матчты стадионнан көрген суреттері жарияланған болатын.

В Сети появилось фото Токаева на прогулке с тазы - Басты жаңалықтар

Президенттің ерекше қызығушылықтарының бірі – қазақы тазы иттері. Бұған дейін Ақорда Қасым-Жомарт Тоқаевтың тазыларымен түскен суреттерін жариялаған еді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының үш тазысы бар. Оның бірі – Наурыз есімді тазы. Бұл итті Президентке кинолог әрі ит асыраушы Анна Захарова сыйлаған.

Президенттің баспасөз қызметінің мәліметінше, Наурыз қазір бір жастан асқан. Сонымен қатар Тоқаевтың Ронни және Нэнси есімді тағы екі тазысы бар. Ронни – ақшыл-сары түсті арлан тазы, ал Нэнси – ақшыл түсті тазы.

Токаев и Макрон прогулялись в саду Елисейского дворца. Их сопровождали  собаки породы тазы - informburo.kz

Ақорда таратқан ақпаратқа сәйкес, иттер арнайы қоршалған аумақта, жылы үйшіктерде күтіп-бапталады. Оларды арнайы сертификаты бар кинолог мамандар жаттықтырып, саятшылыққа баулиды. Президенттің бос уақытында тазыларымен серуендегенді ұнататыны да айтылған.

Теннис, кітап және йога

Мемлекет басшысының өмір жолына қарасақ, оның бүгінгі басқару стилі кездейсоқ қалыптаспағанын аңғаруға болады. Интеллектуалды ортада өсуі, халықаралық дипломатиядағы ұзақ жылдар және өзін үнемі дамытып отыруға деген ұмтылысы Қ.Тоқаевтың тұлғалық болмысын айқындаған.

Президенттің спортқа деген қызығушылығы да көпшілікке жақсы таныс. Ол 13 жыл бойы Қазақстанның үстел теннисі федерациясын басқарды. Бұл спорт түрімен жастайынан айналысқан ол әлі күнге дейін дене дайындығына көңіл бөледі. Ресми кездесулер кезінде де үстел теннисіне уақыт табатыны айтылады. 2023 жылғы Түркия президенті Режеп Тайип Эрдоганмен кездесулердің бірінде екі ел басшысының теннис ойнаған сәттері қоғамда қызу талқыланған еді. Бұл оның спортты тек хобби емес, өмір салтының бір бөлігі ретінде қабылдайтынын көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың тағы бір қыры – кітапқа жақындығы. Журналист пен педагогтың отбасында дүниеге келген болашақ президенттің әдебиетке ерте қызығуы заңды құбылыс іспетті. Мемлекет басшысы халықаралық қатынастар мәселесіне арналған он кітаптың авторы. Оның алғашқы дипломатиялық очерктер жинағы «Преодоление» кітабы 2003 жылы жарық көріп, кейін бірнеше рет қайта басылды.

Президенттің өзі көркем әдебиет, естелік кітаптар және саясат тақырыбындағы еңбектерді оқуды ұнататынын бірнеше мәре айтқан. Мемлекет басшысының телерадиокешені жариялаған кітаптар тізімінде Құтты білік, Құнанбай, Future Industries және The Inevitable секілді еңбектер бар. Бұл тізімнен Тоқаевтың ұлттық тарихқа да, технологиялық болашаққа да қатар қызығатынын байқауға болады.

Мемлекет басшысы «Turkistan» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлына берген кеңейтілген сұхбатында өзінің физикалық белсенділігі, спортқа көзқарасы және денсаулық жағдайы жөнінде пікір білдірді. Сұхбат барысында журналист АҚШ президенті Дональд Трамптың медициналық мәліметтері жарияланғанын еске алып, Тоқаевтың денсаулығы туралы сұрақ қойған.

«Денсаулығыма шағымданбаймын, қан қысымым бірқалыпты нормада. Күнделікті йогамен айналысуға дағдыландым, бірақ медитациясыз. Аптасына екі рет бұрын кәсіби спортпен айналысқан ойыншымен үстел теннисін ойнаймын. Расында, тоғыз келі салмақ тастадым, бұл өзімді жақсы сезінуге әсер етті», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы спорт пен белсенді өмір салтының маңызын да атап өтті. Оның айтуынша, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына мүше елдердің көптеген басшылары тұрақты түрде спортпен айналысады әрі дене дайындығына ерекше көңіл бөледі.

Бітімі бөлек тұлпары

Қытай мен Ресейдің борттық журналдарында Президенттің сүйікті сәйгүлігі – Ақжан туралы арнайы материалдар жарық көрген еді. 0Rossiya Airlines әуе компаниясының журналында мақала «Ұлы даланың аспан тұлпары» деген атаумен жарияланған. Ал Қытайдың Wings of China басылымы жылқыны «даланың қанаты» деп сипаттап, оған жеке мақала арнаған.

Жарияланымдарда Ақжанның тек сырт келбеті ғана емес, тектілігі мен символдық мәні де кеңінен сөз болады. Ақжан – таза қанды ахалтеке тұқымының өкілі. Жылқыға бұл есімді Президенттің өзі қойған. Қазақ тілінен аударғанда «Ақжан» сөзі «таза жан», «пәк рух» деген мағынаны білдіреді. Мақалаларда сәйгүліктің атақты ахалтеке жылқылары – Ғанатлы мен Табыстан тарайтыны айтылған. Сонымен қатар оның Президенттің ерекше жақсы көретін жылқыларының бірі екені де атап өтіледі.

Шетелдік авторлар Ақжанның сирек кездесетін түр-түсіне де ерекше назар аударған. Сәйгүлік изабелла түстес, яғни, ақ реңкті сирек масть иесі. Мұндай түс ахалтеке тұқымының шамамен үш пайызында ғана кездеседі. Басылымдарда оның жүні күн сәулесіне шағылысқанда күмістей құлпырып, ерекше жарқырайтыны әсерлі сипатталған. Ахалтеке жылқысы түркі халықтарының тарихымен тығыз байланысты көне тұқымдардың бірі саналады. Мамандар бұл жылқыларды төзімділігі, сымбаттылығы және адамға жақындығы үшін ерекше бағалайды. Сондықтан Ақжан туралы жарияланған мақалалар тек бір сәйгүлік жайлы әңгіме емес, қазақ даласының жылқы мәдениетіне деген халықаралық қызығушылықтың көрінісі ретінде бағаланып отыр.

Қақтығыстардан алыс жүретін

Президенттің жастық шағы, мінезі мен жұмыс стилі туралы оның мектептегі сыныптасы Андрей Антоненко естелік айтты. «Комсомольская правда» басылымына берген сұхбатында ол қазіргі Президенттің мектеп кезінен-ақ ерекше жауапкершілігімен, сөзге мұқияттылығымен және спортқа жақындығымен ерекшеленгенін әңгімелейді. Андрей Антоненко мен Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы №25 мектепте бірге оқыған. Оның айтуынша, болашақ Президенттің гуманитарлық ғылымдарға бейімі ерте байқалған.

«Тоғызыншы сыныптан бастап Жомарттың гуманитарлық пәндерге, әсіресе ағылшын тіліне қызығушылығы айқын көрінді. Сонымен қатар спортқа да ерекше ден қойды», дейді сыныптасы.

Алғашында волейбол мен баскетболға қызыққан Қ.Тоқаев кейін үстел теннисіне шындап бет бұрған. Антоненко оның бұл спорт түріне мінезі жағынан өте сәйкес келгенін айтады.

«Қимылы шапшаң, реакциясы өте жақсы еді. Мектеп чемпионы болды, қалалық жарыстарда жеңіске жетті. Кейін Кеңес Одағының спорт шеберлігіне кандидат атағын алды. Қазір де бұл әуестігін тастаған жоқ. Бірнеше жыл бұрын Астанада онымен бірге теннис ойнаудың сәті түсті. Мен үшін бірнеше добын қайтара алғанымның өзі жетістік болды», – деп еске алады ол.

Сыныптасының айтуынша, Тоқаев мектеп кезінен-ақ тақта алдында сөйлегенде ерекше дайындықпен шығатын. Бұл қасиет кейін мемлекеттік қызметте де сақталған.

«Ауладағы ортада да өзін еркін ұстайтын. Қақтығыстардан қашуға тырысатын, бәрін сөзбен шешкісі келетін. Бұл оның дипломатиялық қасиеті ерте қалыптасқанын көрсетсе керек. Бірақ төбелестен қашып, достарының артына тығылып қалған кезі болған жоқ. Реакциясы өте мықты еді», деп еске алады Андрей Антоненко.

Ақорданың дипломатиялық мектебі

 «Хабар» телеарнасынан көрсетілген Преодоление» атты деректі фильм Мемлекет басшысының тұлға ретінде қалыптасу жолына, оның жастық шағы мен дипломатиялық мансабындағы маңызды кезеңдерге арналды. Фильмде Қ.Тоқаевтың еңбекқорлығы, кәсіби тәртібі, терең білімі мен дипломатиялық болмысы жайлы әріптестері мен халықаралық деңгейдегі саясаткерлер естеліктерімен бөліседі.

Онда МГИМО ректоры Анатолий Торкунов Президенттің студенттік шағына ерекше тоқталады. Оның айтуынша, оқу жылдарының барлығында үздік студенттердің қатарында болған.

«Біз, МГИМО түлектері, бір-біріміздің кәсіби жолымызды үнемі бақылап жүреміз. Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлының мансаптық өсуін де жақсы білдім. Ол өте жақсы оқыды. Барлық мінездемеде ерекше қабілетті студент ретінде сипатталатын. Қытай тілін терең меңгерді. Сол себепті оны алдымен Қытайдағы кеңес елшілігіне тәжірибеден өтуге, кейін Сингапурға жұмысқа жіберді. Бұл сол кезеңдегі ең жоғары бағалардың бірі еді. Өйткені шетелге жұмысқа кез келген адам жіберілмейтін. Тілді жетік білуімен қатар, халықаралық мәселелерді терең түсінетін мамандар ғана таңдалатын», дейді Анатолий Торкунов.

Оның сөзінше, Тоқаевтың кейін халықаралық деңгейдегі дипломат әрі мемлекет басшысы ретінде қалыптасуы институт ұстаздары үшін үлкен мақтанышқа айналған.

«Біздің альбомдарымыз бен жазбаларымызда Тоқаевтың суреті міндетті түрде бар. Бұл – жағымпаздық емес, шынайы құрмет. Мен Женевада да онымен бірнеше рет кездестім. Ол халықаралық деңгейдегі аса беделді шенеунік ретінде өзін өте жоғары қырынан көрсетті. Ұлттық ведомствоны басқару бір бөлек те, ондаған елдің өкілдерімен жұмыс істеу мүлде басқа деңгей. Тоқаев дәл сондай күрделі ортада кәсіби шеберлігін дәлелдеді», дейді ректор.

Фильмде Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының бұрынғы орынбасары, ресейлік дипломат Сергей Орджоникидзе де естелігімен бөлісті. Ол Тоқаевтың Қытайдағы қызметі мен қытай тілін жетік меңгергенін ерекше атап өтті.

«Ол Қытайдағы кеңес елшілігінде өте күрделі кезеңде жұмыс істеді. Сол уақытта Қытайдағы елші болған Олег Трояновский маңызды кездесулерге барғанда үнемі Тоқаевты бірге алып жүретін. Себебі ол қытай тілін өзгелерден жақсы білді. Тілді білу ғана жеткіліксіз, сен аударып отырған мәселені де терең түсінуің керек. Тоқаевтың ерекшелігі де осында еді», дейді Сергей Орджоникидзе.

 

Барлық жаңалық