Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Барысы-2025» турнирінің жеңімпазы Марат Байқамұровты құттықтады, деп хабарлайды Ozgeris.info сайты Tengri Sport сайтына сілтеме жасап.
Телеграмм арқылы жолданған құттықтауында Мемлекет басшысы:
«Марат Байқамұровты «Қазақстан Барысы-2025» турнирінде сенімді жеңісімен құттықтаймын! Ол спорттық шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті және жанкүйерлерді қуантты», – деп атап өткен.
Сонымен қатар, Президент Тоқаев қазақ күресін дамытуға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Жеңімпаз Марат Байқамұров 19 қазан, сенбі күні Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы біріккен спорт сарайында өткен турнирде анықталды. Биылғы спорттық додаға 40-тан астам балуан қатысқан.
«Қазақстан Барысы-2025» титулын жеңіп алған Марат Байқамұров күш пен ерліктің символы «Алтын белбеу» мен «Тайтұяқ» алтын трофеясын иеленді. Өткен жылғы чемпион, сержант Ерасыл Қажыбаев күміс жүлдеге ие болса, Маңғыстау облысының балуаны Нурдаулет Жарлығапов қола медальді жеңіп алды.Жеңімпаздар қаржылай да марапатталды: бірінші орын – 15 миллион теңге, екінші орын – 3,3 миллион теңге, үшінші орын – 1,08 миллион теңге.