COVID-19 пандемиясы бүкіл әлемге ауыр соққы болды. Оның салдарын ғалымдар әлі күнге дейін зерттеуде. Соңғы жүргізілген зерттеулер COVID-тен кейінгі кезеңде көптеген адамдарда психикалық және когнитивтік бұзылыстардың жиілегенін көрсетті. Аталған құбылыс «постковид синдромы» немесе «long COVID» деп аталады. Індеттің созылмалы салдары адамның күнделікті өмір сапасына, еңбекке қабілеттілігіне және жалпы психологиялық тұрақтылығына елеулі әсер етеді. Сондықтан постковидтік синдромның психикалық денсаулыққа ықпалын зерттеу қазіргі медицина мен психологиядағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Ozgeris.info тілшісі тақырыпты нақты фактілер мен зерттеулерге сүйеніп саралап көрді.
Қаңтар айында халықты алаңдатқан фейк ақпарат тарады. Ол ақпаратта «қауіпті Omicron XBB» туралы жазылған. Халықты алаңдатқан тақырыпқа дәрігерлер мен сарапшылар пікір білдірді. Жалпы, Қазақстанда постковид бойынша ашық статистика жүргізілмейді. «Созылмалы ковидті» анықтайтын ресми хаттама бар, десе де, оны іс жүзінде дәрігерлер қолданбайды. Соған қарамастан, ақ халаттылар өз тәжірибесінде күн сайын пандемия кезінде басталған аурулардың әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан жағдайлармен бетпе-бет кездесуде. Ayel арнасы осы мәселенің ауқымын көрсетті.
Мысалы, осы жылдың алты айында елімізде 1244 адам коронавируспен ауырыпты. Оның ішінде шамамен 75 адам ковидтан кейінгі созылмалы синдромға шалдығуы мүмкін делінген. Десе де елімізде он мыңдаған адамда тіркелген диагноз бұл. Салдарынан бірі бүйрегіне ота жасатуға ақша жинап жүр, басқасы психикалық бұзылыстарға ұшыраған. Тағы бірі көзі көрмей, жұмысқа жарамыз болып қалған. Осындай оқиғалар қаншама? Статистика бойынша Қазақстан постковид синдромы тіркелмеген ел болса да, осындай салдарға тап болғандар жетіп артылады.
Постковид синдромының белгілері қандай?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, сырқаттар 200-ден астам шағыммен келеді. Арасында ең жиі кездесетіндері, әлсіздік, бұлшық ет пен буынның ауыруы, ентігу, бас ауруы, зейін қоюдағы қиындық, есте сақтау қабілетінің төмендеуі, иіс пен дәм сезудің өзгеруі.
«Коронавирус иммундық жүйенің жұмысын бұзады, ішек микрофлорасын зақымдайды, қан тамырларына, мидың көптеген автоматты функцияларына жауап беретін діңгек бөлігіне әсер етеді. Белгілердің алуан түрлі болуы осының салдарынан», – дейді пульмонолог Аурини Серікова.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бері елде 1,5 миллионнан астам COVID-19 жағдайы тіркелген. Әлемдік көрсеткішке сүйенсек, шамамен 300 мың қазақстандық ауруды ауыр немесе аса ауыр формада өткерген. Яғни, аурудың салдарын қазақстандықтар әлі де сезініп келеді.
«Науқастардың өкпесі зақымданған. Соның кесірінен сау тіндердің орнын дәнекер тін басты. Нәтижесінде газ алмасуға жауап беретін өкпе аумағы азаяды», – деп түсіндіреді Серікова.
Оның айтуынша, қазірдің өзінде ентігу, жөтел, тез шаршау сияқты шағымдармен ауырғандар жиі келеді.
Мұндай науқастарға арналған оңалту жолдары арнайы хаттамада жазылған. Бұл құжатҚазақстанда 2023 жылдың басынан бері қолданыста. Онда постковидтің түрлі ағза жүйелеріне тән белгілері сипатталып, көпсалалы көзқарас ұсынылған. Кеңес ретінде симптоматикалық емдеу мен өмір салтын түзету жазылған.
Психикалық және когнитивтік ауытқулардың жиілігі
BMJ журналының биылғы деректері бойынша ұзақ COVID-пен ауырған ересектердің шамамен әр бесіншісінде когнитивтік бұзылыстар немесе депрессия мен мазасыздық белгілері байқалған. Уикипедия мәліметіне сәйкес, көптеген ауруханаға түскен науқастарда депрессия мен мазасыздық 2–3 жылдан кейін де сақталған. Жаһандық мета-талдаулар да мұны растап отыр. COVID-тен айыққандардың шамамен 33%-ы алғашқы 6 айда неврологиялық немесе психиатриялық диагноз алған, олардың 12,8%-ы на мұндай диагноз алғаш рет қойылған.
ScienceDirect зерттеуі когнитивтік дефициттер, деменция және психотикалық бұзылыстар қаупі COVID-тен кейін кемінде 2 жылға дейін жоғары болып қала беретінін айтады. Ресейлік зерттеулердің мәліметіне сенсек, COVID-тен кейінгі кезеңде науқастардың 23,98%-ында психикалық бұзылыстар, атап айтқанда, депрессия, мазасыздық, ПТСР, ұйқысыздық, созылмалы шаршау байқалған.
BMC Psychiatry шолуы бұрыннан психикалық аурулары бар науқастарда постковидтік синдромға шалдығу қаупі жоғары екенін жазады.
Диагностикадағы қателіктер
2023 жылы министрлік хаттаманы медицина ұйымдарына енгізуге тырысқан. Бүгінде оның практикалық әлеуеті толық іске аспағанға ұқсайды.
Жалпы практика дәрігері Виолетта Попованың айтуынша, құжатта тек инфекциядан бір ай бұрын ғана жазылған пациенттерді оңалтуға арналған нұсқаулар бар. Онда нақты емдеу препараттары жоқ. Бар болғаны басқа хаттамаларға сілтеме жасалған. Мысалы, “Тиреоидит”, “Қант диабеті”, “Кернеуден болатын бас ауруы” деген сияқты.
Сол себепті дәрігерлер көбіне бұл диагнозды қоймайды. Министрлік те постковидтің таралуы туралы нақты дерек бере алмады.
«Хаттамадағы формальды критерийлер тым жалпылама жазылған. Бұл клиникалық тұрғыдан сенімсіздік тудырып, дәрігерлер басқа диагноздарды айналдыра тексере береді», – дейді ведомство.
Сарапшылардың пікірінше, постковид синдромына тән белгілер өте көп әрі нақты емес. Сондай-ақ, қазірге дейін әлемде аталмыш синдромды 100 пайыз дәл анықтайтын бірде-бір талдау жоқ.
Ал Қазақстандық жүйенің шындығы мынау. Емханаларда бір пациентке 20 минут қана бөлінеді. Сол себепті дәрігерлер оның ауру тарихын толық талқылай алмайды.
«Алайда анамнезді дұрыс жинай білсеңіз, симптомдардың вирустық инфекциядан кейін пайда болғанын байқауға болады», – дейді кардиолог Инна Лещинская-Попова.
Аурудың өзгерген белгісі
Тамыздың басында отандық интернет-портал «Постковид синдромының ауыр салдары» тақырыбында материал жариялаған. Шын мәнінде, мақалада қазақстандық дерматовенерологтардың бақылауындағы үрдістер жайлы болған, атап айтқанда, дерматоздардың қалыптан тыс өтуі, бұрынғы емдеу тәсілдерінің тиімсіздігі, тері ауруларының жасарып кетуі.
Басқа сала мамандары да коронавирус кей науқастардың денсаулығына ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
«Әлем бойынша постковид тақырыбы әлі де өзекті. Әсіресе неврологиялық, кардиологиялық және респираторлық салдарына келгенде», – дейді гастроэнтеролог Мадина Татиева.
Арада қанша жыл өтсе де, пандемиядан кейінгі асқынулардың барын көріп жүрміз дейді мамандар. Мысалы, ковидтік пневмониядан кейін жүрек жеткіліксіздігі мен аритмияға шалдыққан әйел, ақыр соңында жүрегіне қосымша құрылғы орнатуға тура келген.
Терапевт Виолетта Геннадьевна да тәжірибесінен мысал келтіреді:
«Коронавирус кезінде науқаста әлсіздік, бас ауруы, ентігу мен жөтел болды. Жазылғаннан кейін бәрі басылғандай көрінді, бірақ басы әлі күнге дейін ауырады. Қазір оған “мигрен” немесе “кернеу бас ауруы” диагнозы қойылды, ол енді неврологтың бақылауында», - дейді маман.
Дегенмен мамандар барлық белгіні «созылмалы ковидке» жаба салудан аулақ. Десе де, вирус созылмалы аурулардың басталуына түрткі болуы әбден мүмкін.
«Егер ковид кезінде оңалту бағдарламалары бірден жасалғанда, бәлкім, бұл процестер созылмалы болмас еді. Мұны да нақты айта алмаймыз», – дейді Попова.
Ғылыми білімнің жетіспеушілігі
Дәрігерлердің күмәні орынды. Себебі ғалымдар постковидтің себептерін әлі де зерттеп жатыр. ДДСҰ сарапшылары диагностикалау мен оңалтудың бірыңғай нұсқаулығын әзірлеуде.
«Аурудың ұзақ мерзімді салдары туралы толық білмейміз, сондықтан зерттеулер жалғасуда», – дейді Серікова.
Жаз айында коронавирус жаһандық тұрғыда ауыр соққы болғаны белгілі болды. Қытайлықғалымдардың айтуынша, пандемиядан кейін депрессия мен үрей сынды психикалық бұзылыстар көбейген. Салдарынан еңбекке жарамдылық төмендеген. Мысалы, әлемдік ауру жүгінің көлемі тек осы екі фактордың есебінен 12–14%-ға артқан.
Орталық Азия елдерінде де зерттеу жалғасып жатыр. Қырғыз ғалымдары науқастарда екі жыл бойы әлсіздік, иіс пен дәм сезудің жоғалуы, ентігу, бұлшық ет ауыруы, іш өту, кеуде ауыруы сақталғанын анықтаған. Жаңа белгілерге мазасыздық пен буын ауыруы қосылыпты.
Қазақстанда Ұлттық кардиохирургиялық орталық аталмыш зерттеумен айналысып жатыр. Мұнда 2020 жылдың қазанынан бастап постковид белгілері бар науқастар зерттеле бастады. Бүгінде орталықтың сайтында COVID-тен кейінгі тексерулердің бағасы да көрсетілген.
Жиналған деректер негізінде мамандар постковид асқынуларын болжау үлгісін жасады. Ол 2023 жылы бірнеше медицина ұйымына енгізілген. Зерттеу қарт жастағы әрі артық салмағы бар адамдардың асқыну қаупі жоғары екенін көрсетті.
Қол жетпес оңалту
Мамандардың айтуынша, коронавирус түрлі ағза жүйелеріне ұзақ мерзімді әсер ететіндіктен, оңалту да кешенді әрі жан-жақты болуы тиіс. Мұндай тәсілді әзірге тек дамыған мемлекеттер қолдануда. Мәселен, Ұлыбританияда биыл көктемде ресми түрде 2 миллионға жуық постковид синдромына шалдыққан науқастар тіркелді. Олар үшін елдің медициналық мекемелерінде арнайы қызметтер жұмыс істейді. Мұнда пациенттің денсаулығы жан-жақты бағаланып, оңалтуға жолдама беріледі.
Англияда созылмалы ковидке шалдыққан балаларға арналған орталықтар құрылған. Мұнда педиатр дәрігерлер дайындалып, балаларға көмек көрсетеді. Дегенмен британдық пациенттер диагностикаға, көмекке бірдей қол жеткізе алмайтындарын айтып шағымданады екен.
Қазақстанда мұндай орталықтар жоқ. Салдарынан дәрігерлер постковид диагнозын дербес ауру ретінде қоя алмай келеді. Денсаулық сақтау министрлігі мәселені мойындап отыр. Әзірге ешқандай қадам да жасап жатқан жоқ. Коронавирус салдары жайлы ресми сайттар мен медиа да үнсіз.
Енді постковид синдромына шалдыққан қазақстандықтар не істей алады? Мамандар мультидисциплинарлық тәсілді ұсынады. Яғни науқасты оның шағымдарына байланысты әртүрлі саланың дәрігерлеріне қаралуға жіберу керек.