Павлодар–Қызылорда бағытындағы автожолда бензин тиелген автоцистернаға құлап кеткен жүргізуші көз жұмды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты MADENIPORTAL.KZ сайтына сілтемемен.
Қайғылы оқиға түнгі мезгілде Береке мен Төртқұдық ауылдарының арасындағы 55-шақырымда орын алған. MAN маркалы жүк көлігінің жүргізушісі бензин толы цистернаға түсіп кеткен. Алдын ала болжам бойынша, ол цистерна ішіндегі жанармайдан аз мөлшерде құйып алмақ болғанда ішке еңкейіп, абайсызда құлап кеткен.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ер адам бензиннің буына тұншығып, оқиға орнында көз жұмған. Оқиға болған сәтте көлікте өзге де адамдар болғанымен, марқұмға дер кезінде көмек көрсету мүмкін болмаған.
Қаза тапқан азамат – Павлодар қаласының тұрғыны. Қазір оқиға бойынша тексеріс жүргізіліп жатыр.