Павлодар облысында ауыл тұрғындары өз қолдарымен салған футбол алаңында қайғылы оқиға орын алды. 31 шілде күні Жертұмсық ауылында ойын барысында темірден жасалған қақпа құлап, бала жарақат алды, деп хабарлайды ozgeris.info сайты.
Полиция департаментінің мәліметінше, қақпа ешқандай бекітусіз орнатылған, ал ойын алаңы тиісті ресми құрылымдардың балансына тіркелмегені анықталған.
«Бұл футбол алаңын ауыл тұрғындары өздері дайындаған, ал қақпа мен алаң ешбір мекемеге тиесілі емес», – деді департамент өкілдері.
Аталған жағдайдан кейін полицейлер аудан әкімдігіне балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдап, арнайы стандарттарға сай футбол алаңын салу туралы ұсыныс хат жолдады.
Сонымен қатар, жарақат алған баланың заңды өкілдері өз міндеттерін дұрыс орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.