💰 Экономика

Пәтер жалдағанда жиі кездесетін 5 мәселені қалай шешеміз?

Пәтер жалдағанда жиі кездесетін 5 мәселені қалай шешеміз?

Қазір пәтер жалдау – үйреншікті жағдай. Студент те, жас отбасы да, басқа қалаға жұмысқа келген маман да жалдамалы баспанада тұрады. Бірақ жалға алған кезде бәрі тыныш әрі түсінікті бола бермейді. Krisha.kz мамандары жалға алушылар ең жиі кездесетін 5 қиындықты атап, одан қалай қорғануға болатынын түсіндірді, деп жазады Ozgeris.info.

 

Келісімшартсыз келісім

Бірінші мәселе – келісімшартсыз жалдау. Көп жағдайда пәтер иесі «шарттың керегі жоқ, сенемін» дейді. Бірақ дәл осы сенім кейін үлкен түйіткілге айналуы мүмкін. Жазбаша келісім болмаса, жалдау ақысы кез келген уақытта көтерілуі мүмкін, тіпті ертең-ақ «босатыңыз» деп талап етуі ғажап емес. Сондықтан тұру мерзімі 1 күн болсын, 1 ай болсын – міндетті түрде жазбаша шарт жасалғаны дұрыс. Келісімде жалдау ақысы, тұру мерзімі, екі тараптың міндеттері, келісімді бұзу тәртібі, шығару шарты нақты көрсетілуі керек. Айтпақшы, Krisha.kz дайын үлгі шарт ұсынады,  оны жүктеп алып, өз жағдайыңызға сай өзгертуге болады. Егер бәрібір шарт жасалмаса, кемінде хат алмасуды сақтап қою қажет. WhatsApp, Telegram. Барлық төлемді аударым арқылы жасап, түбіртектерді сақтау – ең болмағанда минималды қорғаныс.

 

 

Ақы көтерілсе, не істейміз?

Екінші мәселе – жалдау ақысының күтпеген жерден көтерілуі. «Келесі айдан бастап баға өседі» деген хабарлама көп адамды тығырыққа тірейді. Мұндайда эмоцияға берілмей, алдымен келісімшартты қарау керек. Егер онда жалдау ақысы жылына 1 рет, мысалы 30 күн бұрын ескерту арқылы көтеріледі деп жазылса – бұл заңды. Бірақ шартта мұндай тармақ жоқ болса, баға келісім мерзімі аяқталғанға дейін өзгермейді. Яғни, иесі біржақты шешім қабылдай алмайды. Ал келісім мерзімі біткен жағдайда жаңа баға ұсынуға құқылы. Келісу не басқа баспана іздеу – жалға алушының таңдауы.

 

Депозит...

Үшінші мәселе – депозиттің қайтарылмауы. Пәтерден көшкен соң кепіл ақысын ала алмай қалғандар аз емес. Сондықтан бастапқыда депозит сомасын келісімшартқа нақты енгізу керек. Қай жағдайда ұсталады, соны да ашық жазу маңызды. Ақшаны қолма-қол емес, аударым арқылы «жалдау кепілі» деп белгілеп берген дұрыс. Әдетте депозит мына жағдайда қайтпайды: жалға алушы мерзімінен бұрын ескертусіз кетсе; соңғы айдың ақысын төлемесе; коммуналдық қарыз қалдырса. Ең көп дау мүлікке келгенде туындайды. Диванға дақ түссе немесе техника бұзылса, залал дәлелденуі тиіс, фото, акт, басқа айғақтар арқылы. Сол себепті кірген кезде жиһаз бен техниканың жағдайын көрсететін қабылдау-тапсыру актісін жасап, фотоға түсіріп алған дұрыс. Егер депозит негізсіз қайтарылмаса, полицияға жүгінуге болады немесе соңғы айды сол депозит есебінен тұрып шығу жөнінде келісуге болады.

 

Себепсіз шығарып жіберсе ше?

Төртінші мәселе – себепсіз шығару. Кейбір пәтер иелері «мен шештім, босатыңыз» деп талап етуі мүмкін. Бірақ жалға алушыны заң бойынша нақты себептерсіз шығару мүмкін емес. Мысалы, 2 айдан астам төлемеу, мүлікті бүлдіру, келісім мерзімінің аяқталуы немесе көршілердің тұрақты шағымы сияқты жағдайлар ғана негіз бола алады. Бұлардың ешқайсысы болмаса, тек сот арқылы ғана шығару мүмкін. Ал құлып ауыстыру, жарықты немесе суды өшіру – заңсыз әрекет. Мұндай жағдайда жалға алушы полиция шақырып, құқық бұзушылықты тіркете алады.

 

Рұқсатсыз тексерулер

Бесінші мәселе – рұқсатсыз тексерулер. Кейде пәтер иесі ескертусіз келіп, пәтерді аралап, тіпті шкафтарды ашып қарайды. Кейбір жағдайда жалға алушы жоқ кезде кіріп кеткенін байқайды. Мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін келісімшартта тексеру тәртібін нақты көрсету керек, айына 1 рет пе, тоқсанына 1 рет пе, қай уақытта, қанша сағат бұрын ескертуге  тиіс. Мысалы, 24 сағат бұрын. Егер шартта бұл жазылмаса, жалпы қағида бар, жалға алушының келісімінсіз пәтерге кіруге болмайды. Ерекше жағдай – өрт, су басу, апат. Егер шекара бұзылса, фото, видео, куәгерлер арқылы дәлел жинап, полицияға жүгінуге болады.

Қорытынды біреу – пәтер жалдау жай ғана «ауызша келісім» емес. Бұл – құқықтық қатынас. Құжатсыз, дәлелсіз әрекет ету өзіңізді тәуекелге тастау деген сөз. Ақшадан айырылып қалмау, баспанасыз қалмау үшін барлық шартты алдын ала жазып, бекітіп алған дұрыс. Жалдау нарығында сақтық – ең тиімді қорғаныс.

 

Барлық жаңалық