Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Жарыссөз барысында сотталушы Сәуле Жұбаниязова өз ұстанымын айтып, тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеді,деп хабарлайды Ozgeris.info.
Оның айтуынша, 2017 жылғы техникалық сараптама кезінде анықталған кемшіліктер кейіннен жойылған. Жұбаниязова үйді өзі тексерген уақытта қабырғалардан жарық байқалмағанын, сондай-ақ тұрғындардан мұндай ақауларға қатысты шағым түспегенін айтты.
Сотталушының сөзінше, қазір айтылып отырған кейбір жарықтар ғимараттың қасбеті құлағаннан кейін пайда болған.
«Мен бұл үйде өзім тұрамын, жақындарым да осында. Балаларым мен анамның өміріне қауіп төнетінін біле тұра, шара қолданбай отырар ма едім?» – деді Сәуле Жұбаниязова.
Ол МИБ төрайымы қызметін әлі де атқарып жүргенін айтып, тұрғындармен бірге үйдегі мәселелерді шешіп келе жатқанын жеткізді.
Жұбаниязова өз кінәсін мойындамайтынын айтып, соттан істің барлық мән-жайын ескеріп, әділ шешім қабылдауды сұрады.