Өскеменде мейрамханалардың бірінде келушілер арасында жанжал болып, 40 жастағы ер адам қаза тапты. Кейін марқұмның полиция қызметкері екені анықталды, деп хабарлайды Ozgeris.info.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға 4 қазанға қараған түні «Достар» мейрамханасында болған. Келушілердің бірі өзін дөрекі ұстап, бейәдеп әрекет жасаған. Бұған көрші үстелде отырған 40 жастағы ер адам ескерту жасаған.
Кейін ер адамдар сыртқа шыққан. Сол жерде күдікті ер адамға қол жұмсап, басынан тепкен. Жанжалды тоқтатуға тырысқан тағы бір келуші де жарақат алған.
Алған жарақатынан 40 жастағы ер адам оқиға орнында көз жұмды. Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, қаза тапқан адам полиция қызметкері болған. Алайда оқиға кезінде ол қызметте болмаған.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.