Өскемен қаласында алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтың көлігі тәркіленді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады деп жазды ozgeris.info сайты.
Ресми мәліметке сәйкес, 42 жастағы қала тұрғыны ұзақ уақыт бойы өз баласына алимент төлеуден жалтарған. Соның салдарынан оның қарызы шамамен 2,5 миллион теңгеге жеткен. Сот шешімі шыққанына қарамастан, азамат өз міндетін орындамай, берешегін өтеу бағытында ешқандай әрекет жасамаған.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдануға көшкен. Тексеру барысында борышкердің атына Toyota Land Cruiser Prado автокөлігі тіркелгені анықталған.
Көлікке бұған дейін салынған шектеулерге сәйкес, полиция қызметкерлері оны ұстап, арнайы айыптұраққа қойған. Енді бұл автокөлік алимент бойынша берешек толық өтелгенге дейін сол жерде сақталады.
Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде сот шешімдерін орындаудан жалтарып жүрген шамамен 45 борышкер анықталған. Олардың 28-і — алимент төлеуден жалтарған азаматтар.
Құзырлы орган өкілдері сот актілерін орындамағаны үшін заң бойынша жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. Оның ішінде мүлікті тәркілеу, шектеу қою және басқа да мәжбүрлеу шаралары бар.