💰 Экономика

Орталық Азиядағы жалақы жарысы: Кім алда?

Биылғы жылдың екінші тоқсанында өңірлер арасындағы еңбекақы деңгейінде айтарлықтай алшақтық байқалды. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, әдеттегідей көшбасшы Маңғыстау облысы болып отыр. Бұл өңірде орташа айлық жалақы 575 мың теңгені құрады. Екінші орында — Ұлытау облысы, мұнда жалақы көлемі 549 мың теңге. Атырау облысы 544 мың теңге көрсеткішімен алғашқы үштікке ілінді.  Бұл ретте Ozgeris.info тілшісі Орталық Азия елдерінің көрсеткіштерін салыстырып көрді. 

Ең төменгі нәтиже Жетісу облысында тіркелді, орташа жалақы 340 мың теңге. Алайда дәл осы өңірде нақты жалақының ең жоғары өсімі байқалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда +9,4%. Салыстыру үшін айта кетейік, Павлодар мен Қостанай облыстарында өсім небәрі 3% болды. Аталмыш деректер өңірлік экономиканың құрылымын айқын көрсетіп отыр. Яғни, мұнай-газ және кен өндіру салалары бар аймақтар көшбасшылықты ұстап отыр, ал аграрлық және индустриялық өңірлердің абсолютті табыстары төмен, бірақ өсім қарқыны жоғарырақ. 

Орталық Азия елдеріндегі айырмашылықтарды айтып өтейік. 

Қырғызстанда Ұлттық статистика комитетінің деректеріне сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында орташа айлық шамамен 25 мың сомды (280 доллар) құрады. Ең жоғары табыс қаржы секторы мен пайдалы қазбаларды өндіру саласында тіркелсе, ең төменгі көрсеткіш ауыл шаруашылығы мен білім беру саласында байқалды.

Өзбекстанда орташа айлық 5,2 миллион сумға (шамамен 410 доллар) жетті. Астана мен Ташкентте еңбекақы дәстүрлі түрде жоғарырақ, 600 долларға дейін жетіп отыр, ал Ферғана мен Сурхандария облыстарында орташа көрсеткіш 300–320 доллардан аспайды.

Статистика агенттігінің мәліметінше, Тәжікстанда орташа жалақы шамамен 2,3 мың сомониді (шамамен 210 доллар) құрады. Мұнда ең жоғары табыс энергетика мен өнеркәсіп салаларында, ал ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік саладағы деңгей ең төмен күйінде қалып отыр.

Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда жалақы көлемі бойынша көш бастап тұр. Алайда, салыстырмалы өсім қарқыны бойынша көршілеріміз алда келеді. Бұл Орталық Азиядағы экономикалық кеңістіктің біртіндеп теңесіп келе жатқанын білдіреді. Яғни, табыс деңгейіндегі айырмашылықтар әлі де айтарлықтай, бірақ уақыт өте келе қысқарып келеді.

Барлық жаңалық