Қазір базарда сауда қарқыны бәсең дейді сатушылар. Бұрынғыдай ығы-жығы халық та жоқ. Дәстүрлі базарды осылайша онлайн сауда ығыстырып жатыр. Осындай қарқында бәсекеге шыдас беру үшін базардағы кәсіп иелері әлеуметтік желі арқылы сата алатын жастарды жұмысқа алуға мәжбүр. Ертең базардың тағдыры не болмақ? Ozgeris.info тілшісі тақырыпты саралап көрді.
Онлайн сауда пайда болғалы жалпы нарық өзгеріп кетті, деп пікір білдірді саясаттанушы Асхат Қасенғали. Тауар таңдау оңай, түрлі платформаға кіріп, тапсырыс беруге болады. Жеткізілім де тез. Тұтынушыдан айырылып қалмау үшін көп өндірушілер экспресс жеткізілімге жүгінеді. Олар шетелден бірнеше күнде жеткізіп беруі мүмкін, ал бір қалада болсаңыз, бірнеше сағатта жеткізеді. Тауарды постаматтарға салып кетеді. Тауарың қайда келе жатқанын онлайн бақылай аласың. Бұның бәрі нарық үшін күрес деп аталады.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, Қазақстанда онлайн сауда көлемі 2024 жылы 3,2 трлн теңгеге жетіп, бөлшек сауданың 14-14,5%-ын құраған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда жеті есе артық, ал 2024 жылдың өзінде өсім 42% болған. Салада 300 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, өнімділік дәстүрлі дүкендерге қарағанда 30%-ға жоғары көрсеткішке жеткен.
Супермаркеттерде де осындай күрес жүріп жатыр. Мысалы «Қазақстандық өнімді таңда» деген жазу тұрады. Немесе «Қазақстанда жасалған» деген жазулар бар. Бұл да «отандық өнімді ал» деген мағынада болса керек. Саясаттанушы Асхат Қасенғали отандық өнімді қолдауды арттыру маңызды екенін атап өтті.
«Себебі отандық өнімнің артында сол өнімді жасап шыққан зауыт және сол зауытта жұмыс істейтін жұмысшылар тұр. Зауыт мемлекетке салық төлейді, ал жұмысшылар нәпәқасын табады. Сол үшін де мемлекет отандық өндірушілерді қорғауды басты стратегиялық міндетінің бірі етеді», - дейді сарапшы.
Дүкен сөрелерінде отандық өнімдер үлесін арттыру үшін арнайы бағдарлама іске қосылып жатыр. Бұл қазақстандық тауарларға кемінде 50% орын берілмек деген сөз дейді. Бұл нақты іске асса, тұтынушыға таңдау еркіндігін берумен қатар, жергілікті өндірісті қолдаудың нақты көрінісі болар еді. Жалпы дұрыс бастама.
ҚР Сауда және интеграция министрлігі ішкі нарықтағы сөрелерде азық-түлік тауарларының кемінде 50%-ы, басқа тауарлардың 20%-ы отандық өнім болуын міндеттеп отыр. 2025 жылға дейін 100-ге жуық базар мен сауда орталығын жаңарту көзделген, оған 5,27 млрд теңге бөлінген.
Ішкі саудада маңыздысы сапа мен баға дейді саясаттанушы.
«Қазақстанның азық-түлігі сапалы дей аламын. Макарон өнімдері, шоколад өнімдері, тәттілер және басқасы. Сапасы жақсы. Сол себепті де қолдауға толық лайықты», - деп бағалап өтті сарапшы.
Ал сыртқы сауда экспорттың әлеуетіне келіп тіреледі. Бизнесті қолдаудың «бір терезе» жүйесі деген іске қосылған еді. Оны іске қосуға Президент тапсырма берген. Негізгі мақсаты кәсіпкер бір орталықтан барлық қызметті ала алады. Кеңес алады, құжатын рәсімдейді, қаржыландыру мәселесі бар дегендей, уақытын үнемдейді.
2024 жылы осы «бір терезе» жүйесі арқылы кәсіпкерлерге 394 млрд теңге қаржылай қолдау көрсетілген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 200 млрд теңгеге көп. Оның 80%-ы орта және жоғары қайта өңдеу салаларына берілген, яғни шикізат емес, дайын өнім өндірісіне басымдық жасалған.
Өнімдерді өзге елде сату үшін павильондар керек дейді сарапшы.
«Чэнду, Үрімжі, Нанкин, Шаньдунда ашылған. Бұл халқы көп ел ғой, тез өтеді. Одан бөлек Өзбекстанның Термезінде ұлттық сауда алаңы іске қосылған. Енді Еуропа елдерінде ашса, өзге нарыққа шығам деген кәсіпкерлерді қолдауды арттырса дұрыс болар еді. Онлайн саудада Alibaba, Doiyin, JDcom сайттарында азын-аулақ қазақстандық өнімдер ұсынылып жүр дегенді оқып қалдым. Бұл жақсы», - дейді сарапшы.
Жалпы осындай нақты секторды қолдау өте маңызды деп түйіндеді саясаттанушы. Өнім шығаратын, оны ішкі-сыртқы нарыққа ұсынатын салаларды дамыту керек. Бұл салалар экономикаға серпін береді, салық төлейді, ал халыққа жұмыс болады.
«Маусымдық туризмді қолдауды еселеп арттыру керек» деген ұсыныстан бұрын, осындай саланы қолдауды арттыру керек», - дейді Асхат Қасенғали.